2026 жылғы 18 наурызда «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығында «Қазақстан жастары – 2026» Ұлттық баяндамасының құрылымына арналған сараптамалық талқылау өтті. Кездесу барысында Қазақстан жастары арасындағы негізгі өзгерістер мен мемлекеттік жастар саясаты саласындағы талдамалық күн тәртібін қалыптастырудың жаңа тәсілдері қарастырылды.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, зерттеу орталықтары, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес сектор және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жиынды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қ. Қамбаров құттықтау сөзімен ашып, Ұлттық баяндаманың жастар саласындағы өзекті өзгерістерді уақтылы анықтауға және оларды мемлекеттік шешімдер қабылдау процесінде ескеруге мүмкіндік беретін маңызды талдамалық құрал екенін атап өтті.
«Жастар» ҒЗО директоры Г. Нахбаева «Қазақстан жастары» Ұлттық баяндамасы жастар ортасындағы жаңа әлеуметтік үдерістерді жыл сайын жүйелі түрде тіркеп, талдамалық жұмыстың мазмұнын мемлекеттік саясаттың өзекті басымдықтарына бейімдеуге мүмкіндік беретін негізгі зерттеу алаңы болып қала беретінін айтты.
Құжаттың 2013 жылдан бері жаңартылып келе жатқан құрылымындағы өзгерістердің салыстырмалы логикасын «Жастар» ҒЗО талдау және коммуникациялар басқармасының басшысы А. Дмитриева таныстырды. Оның айтуынша, 2026 жылғы құрылым жастар арасындағы жаңа үрдістерді ескере отырып жасалған. Олардың қатарында жасанды интеллект, цифрлық қауіпсіздік, мансаптық бағыттардың қалыптасуы, құндылықтар жүйесіндегі өзгерістер және жастардың әлеуметтік мінез-құлық үлгілерінің трансформациясы бар.
Демографиялық көрсеткіштерді талқылай отырып, Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігі жанында Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығы басшысы А. Сағынбаева халық санының қазіргі динамикасы жастар ортасының ұзақ мерзімді қалыптасу бағытын айқындайтынын атап өтті.
Жастардың құндылықтық бағдарларына да ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда ҚСЗИ-дің бас ғылыми қызметкері А. Забирова жастардың құндылықтық ұстанымдары қоғамдағы өзгерістерді ең сезімтал көрсететін маңызды индикаторлардың біріне айналып отырғанын атап өтті.
Заң ғылымдарының кандидаты, Maqsut Narikbayev University-дің Senior Teaching Professor-ы О. Возняк жастар қауіпсіздігі мәселелеріне арналған зерттеу жұмыстарына сүйене отырып, баяндама құрылымына цифрлық өлшемнің енгізілуін оң бағалады. Ол жастар ортасындағы әлеуметтік осалдықты, құқықтық сауаттылықты және жаңа тәуекел факторларын талдаудың маңыздылығына назар аударды.
Сараптамалық талқылау барысында қатысушылар баяндама жобасының құрылымын, оның ішінде жаңа тақырыптық бөлімдерді жан-жақты қарастырды. Олар қазіргі жастар үдерістері жаһандану, цифрландыру, еңбек нарығындағы өзгерістер және қоғамдық ұстанымдардың трансформациясы сияқты факторлардың ықпалымен қалыптасып жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар зерттеу бөлімінде Мемлекет басшысы айқындаған Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарында көрсетілген басымдықтар да ескерілетіні айтылды. Олардың қатарында жауапкершілік, еңбекқорлық, кәсібилік, азаматтық белсенділік және ел дамуына жасампаздықпен қатысу құндылықтары бар.
Талқылау қорытындысында қатысушылар жастар саясатын ғылыми-талдамалық тұрғыдан сүйемелдеуді одан әрі күшейту және қазіргі әлеуметтік өзгерістер жағдайында жастардың жаңа құндылықтық бағдарларын терең зерттеу қажеттігін атап өтті.
Айта кету керек, «Қазақстан жастары» Ұлттық баяндамасын «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы 2013 жылдан бері жыл сайын дайындап келеді. 2026 жылы Ұлттық баяндаманың 14-ші шығарылымы әзірленуде. Орталық Қазақстандағы жастардың әлеуметтік көңіл-күйін, жағдайын және жастар ортасының даму динамикасын жүйелі әрі кешенді түрде зерттейтін елдегі бірден-бір мамандандырылған ғылыми институт болып қала береді.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *