«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен, Қазақстан Халық Кеңесінің қолдауымен Qazaq AI Research University (QAIRU) университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауын талқылауға арналған «Ұрпақтар диалогы: жастар және Қазақстанның болашағы» тақырыбында сарапшылар мен студенттердің қатысуымен пікірталас өтті.

Іс-шараға сарапшылар мен академиялық қауымдастықтың өкілдері, бакалавриат және магистратура студенттері қатысып, Жолдауда айқындалған стратегиялық басымдықтар мен оларды іске асырудағы жас ұрпақтың рөлін талқылады.
Мемлекет басшысы Жолдауында елді технологиялық жаңғыртуға, цифрлық экономиканы қалыптастыруға, кәсіпкерлік пен адами капиталды дамытуға ерекше назар аударды. Осы бағыттар сарапшылар пікірталасының негізіне айналды. Қатысушылар олардың қазіргі жастар үшін маңызын, кәсіби болашағына ықпалын және ел дамуына атсалысу мүмкіндіктерін қарастырды.
Іс-шарада спикер ретінде Қазақстан Халық Кеңесінің білім беру және адами капитал мәселелері жөніндегі комиссиясының төрағасы, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов, Qazaq AI Research University университетінің ректоры Сапар Тоқсанов, «Esti Bol Qory» қоғамдық қорының төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Жандос Ақтаев сөз сөйледі.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саясаттанушы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Найла Мұхтарова пікірталас модераторы болды.

Пікірталастың негізгі тақырыптарының бірі Қазақстанның цифрлық трансформациясы мен жасанды интеллектіні дамыту болды. Мемлекет басшысының цифрлық экономиканы қалыптастыру жөніндегі міндеттері аясында қатысушылар жаңа технологияларды енгізудің келешегін, оларды экономиканың түрлі салаларында қолдану мүмкіндіктерін, сондай-ақ елдің технологиялық дамуындағы жастардың рөлін талқылады. Заманауи цифрлық құзыреттерді меңгерген мамандарды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жолдауда белгіленген экономикалық басымдықтарды талқылау барысында жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және кәсіби әлеуетін іске асыру мәселелері қозғалды. Қатысушылар технологиялық өзгерістердің еңбек нарығына ықпалын, жаңа құзыреттерге деген сұранысты және экономикалық жаңғыру жағдайында жас мамандар үшін ашылатын мүмкіндіктерді қарастырды.
Білім беру мен адами капиталды дамыту мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағыттар елдің ұзақ мерзімді дамуының маңызды шарттары ретінде қарастырылды. Пікірталас барысында мамандарды даярлау сапасын арттыру, білім беру бағдарламаларын қазіргі экономика талаптарына бейімдеу және университеттер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жас ұрпақтың зияткерлік және кәсіби әлеуетін ашудағы жоғары білімнің рөлі қарастырылды.
Талқылаудың тағы бір бағыты жастардың қоғамдық өмірге араласуы мен мемлекеттік реформаларды іске асыруға қатысуына арналды. Жолдауда айқындалған стратегиялық міндеттер аясында қатысушылар азаматтық жауапкершілік, қоғамдық бастамаларды қолдау, сондай-ақ жастардың мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін қозғады.
Іс-шара ашық пікірталас форматында өтіп, студенттерге мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдеріне тікелей сұрақ қоюға, өздерін толғандырған мәселелерді талқылауға және Қазақстанның даму келешегіне қатысты өз көзқарастарын білдіруге мүмкіндік берді.
Сарапшылар мен студенттердің қатысуымен өткен пікірталас Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басымдықтарды қазіргі жастардың мүдделері мен мүмкіндіктері тұрғысынан талқылауға арналған алаңға айналды. Кездесу ұрпақтар арасындағы диалогты дамытуға және Қазақстанның болашағын айқындайтын стратегиялық міндеттерді іске асырудағы жас азаматтардың рөлін пайымдауға бағытталды.
