2026 жылғы 21 қазанда «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасымен бірлесіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазақстанның бейнесі: жастар көзқарасы» тақырыбында Jastar X диалог алаңын өткізді. Іс-шара Республика күніне орайластырылып, Халық Кеңесі аясында ұйымдастырылды.

Диалог алаңында IT-индустрия, бизнес, цифрлық медиа және сарапшылар қауымдастығының өкілдері бас қосып, Қазақстанның болашағы туралы көзқарастарын ортаға салды. Кездесуде жастардың ел дамуына қосатын үлесі, ұлттық бірегейлікті нығайту, білім мен технологияның рөлі, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды жаңа ұрпаққа жеткізу мәселелері талқыланды.

Іс-шараға «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Найла Мұхтарова модераторлық етті. Ол «Қазақстан жастары» әлеуметтанулық зерттеуінің нәтижелеріне тоқталып, жас ұрпақтың құндылықтары, өмірлік басымдықтары және ел болашағына қатысты көзқарастары туралы мәліметтермен бөлісті.

Paraqta жобасының негізін қалаушы Ердәулет Құрал жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесін көтерді.

Қазақстан IT-компаниялары қауымдастығының президенті Айымгүл Әбілева технологиялық өзгерістер жағдайында жастардың дайын цифрлық өнімдерді тұтынумен шектелмей, жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдерді әзірлеуге белсенді қатысуының маңыздылығына назар аударды.

Aitas Meken Foundation қорының директоры Фатима Герфанова қазақстандықтардың ел болашағына қатысты көзқарастары мен қоғамдық күтулеріне арналған зерттеу нәтижелерін таныстырды. Баяндамада азаматтардың болашақ Қазақстан туралы түсініктері мен қоғам дамуына қатысты басымдықтары қарастырылды.

Докторант, блогер Гүлнұр Ахан кітаптар мен заманауи медиа мүмкіндіктерін пайдалану арқылы ұлттық мұраны насихаттау, жас ұрпақтың мәдени тамырымен байланысын нығайту және дәстүрлі құндылықтарды қазіргі жастарға түсінікті форматта жеткізу мәселелеріне тоқталды.

Іс-шара аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына қатысушылардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде жастардың тәуелсіздік, ұлттық бірегейлік және Қазақстанның болашағы туралы ой-толғамдары мен шығармашылық ізденістері көрініс тапты.

Кездесу соңында қатысушылар пікір алмасып, Қазақстанның болашағын қалыптастырудағы жастардың рөліне қатысты ойларын ортаға салды. Талқылау барысында білімге ұмтылу, технологиялық жаңашылдық, ұлттық құндылықтарға құрмет және азаматтық жауапкершілік елдің тұрақты дамуы үшін маңызды бағдарлар екені атап өтілді.Jastar X диалог алаңы жастардың өзекті қоғамдық мәселелер бойынша пікір білдіруіне, сарапшылармен ашық ой алмасуына және Қазақстанның болашағы туралы жаңа идеяларды талқылауына мүмкіндік беретін пікірталас алаңы ретінде ұйымдастырылды.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *