16 қазанда елордадағы «Қазмедиа» орталығында өңірлік жастар ресурстық орталықтарының басшыларына арналған үш күндік «Кәсіби даму академиясы» оқыту семинар-тренингі аяқталды.

Оқытудың негізгі мақсаты – жастар саясаты саласындағы басшылардың заманауи көшбасшылық және басқарушылық құзыреттерін дамыту, олардың кәсіби біліктілігін арттыру, сондай-ақ жастармен жұмыс жүргізудің тиімді тәсілдерін меңгеру.

Білім беру бағдарламасы аясында қатысушылар команданы басқару, басқарушылық шешімдер қабылдау, әлеуметтік жобалау және жастармен жұмыста инклюзивті тәсілдерді қолдану бағыттары бойынша кәсіби білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдірді.

Іс-шара қорытындысы бойынша «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Найла Мұхтарова Академия жастар ресурстық орталықтары басшыларының кәсіби құзыреттерін дамытуға, жаңа буын жастарымен жұмыс жүргізудің заманауи тәсілдері бойынша білімдерін жаңартуға, сондай-ақ өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу мен үздік практикаларды бөлісуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналғанын атап өтті.

Сонымен қатар ол жастармен жұмыс істейтін мамандардың күнделікті қызметіне жаңа идеялар мен заманауи әдістерді енгізудің маңыздылығына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, алынған білім мен практикалық дағдылар жастар ресурстық орталықтары қызметінің тиімділігін арттыруға, жастар бастамаларын қолдау мүмкіндіктерін кеңейтуге және өңірлерде мемлекеттік жастар саясатын сапалы іске асыруға ықпал етеді.

Білім беру сабақтарынан бөлек, қатысушылар үшін «Қазмедиа орталығының» қызметімен танысу мақсатында арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия барысында олар медиа саласының өкілдерімен кездесіп, редакцияларды, тікелей эфир студиялары мен радиостудияларды аралады. Қатысушылар медиаконтент өндіру үдерісімен, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктерімен және заманауи медиаплатформалардың қызметімен танысты.

Оқыту бағдарламасынан алған әсерімен Екібастұз қаласы жастар ресурстық орталығының директоры Еркін Құсан бөлісті.

– «Кәсіби даму академиясы» семинар-тренингіне қатысу біз үшін құнды тәжірибе болды. Үш күн ішінде команданы басқару, тиімді шешімдер қабылдау, әлеуметтік жобаларды әзірлеу және инклюзивті тәсілдерді қолдану бағыттары бойынша жаңа білім мен практикалық дағдыларды меңгердік. Әсіресе теориялық білімді практикалық тапсырмалармен ұштастыру және өзге өңірлердегі әріптестермен тәжірибе алмасу мүмкіндігі пайдалы болды. Мазмұнды әрі ауқымды бағдарлама ұйымдастырғандары үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Алған білімімізді алдағы жұмысымызда тиімді пайдаланатынымызға сенімдімін, – деді Еркін Құсан.

Академияның екі кезеңнен тұратын білім беру бағдарламасына Қазақстанның барлық өңірінен жастар ресурстық орталықтарының 80-нен астам басшысы қатысты. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Оның ішінде 17 орталық облыстық, 37 орталық қалалық және 181 орталық аудандық деңгейде қызмет атқарады. Олардың қызметі мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға, жастарға ақпараттық-консультациялық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетуге, жастар бастамаларын жүзеге асыруға жәрдемдесуге және жас азаматтарды қоғамдық өмірге белсенді тартуға бағытталған. Айта кетейік, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2021 жылдан бері «Кәсіби даму академиясы» жобасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Жоба жастар саясаты саласында жұмыс істейтін мамандар мен басшылардың кәсіби әлеуетін арттыруға, олардың басқарушылық құзыреттерін дамытуға және жастар ресурстық орталықтарының қызметіне заманауи тәсілдерді енгізуге бағытталған.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *