Елордада «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының базасында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері және сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мәселелеріне арналған сараптамалық кездесу өтті.

Кездесу барысында мемлекеттік жастар саясатының қазіргі ахуалы, жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, азаматтық белсенділік пен патриоттық құндылықтарды нығайту мәселелері, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың басым бағыттары талқыланды.

Сонымен қатар «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген соңғы зерттеулердің нәтижелері таныстырылып, сарапшылар жастар саясатын жетілдіруге қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров пен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Найла Мұхтарова сарапшылар диалогы мемлекеттік жастар саясатын жетілдіруге бағытталған ортақ ұстанымдар мен тиімді шешімдерді қалыптастырудағы маңызды алаң екенін атап өтті.

Олардың айтуынша, мұндай кездесулер ашық пікір алмасуға, сараптамалық әлеуетті тиімді пайдалануға және жастар саясатын іске асырудың жаңа тәсілдерін айқындауға мүмкіндік береді. Бүгінгі кездесу де осы бағыттағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, жастар саясатын дамытуға арналған ұсыныстарды жүйелеуге жол ашатын маңызды қадам болды.
Іс-шара қорытындысы бойынша жастар саясатын одан әрі дамыту, оны талдамалық тұрғыдан қолдауды күшейту және жастармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін енгізуге бағытталған ұсынымдарды әзірлеу мәселелері талқыланды.

