Петропавл қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жастар ресурстық орталықтарының мамандарына арнап ұйымдастырған «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» жобасының бесінші, қорытынды кезеңі аяқталды.

Үш күнге созылған оқу семинар-тренингке Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарынан жастармен жұмыс істейтін мамандар қатысты.

Оқу бағдарламасы аясында қатысушылар жастармен жұмыс жүргізудің заманауи тәсілдері мен құралдарын меңгеріп, теориялық білімдерін практикалық тапсырмалар арқылы бекітті.

Продюсер, медиа-менеджер, арт-менеджер, мәдениеттану магистрі, телеарна және кино продюсері, медиамаман, PR-менеджер Алпамыс Шаримов «Жастармен жұмыс жасаудағы заманауи медиа және коммуникация» тақырыбында тренинг өткізді. Сабақ барысында жастар аудиториясымен тиімді коммуникация орнату, заманауи медиа құралдарын пайдалану және ақпараттық контентті тиімді ілгерілету мәселелеріне назар аударылды.

Ал «Cyber.formula3» мектебінің оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Гүлшат Қалбаева жастар ресурстық орталықтарының қызметінде жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді қолдану мүмкіндіктеріне арналған тәжірибелік сабақ жүргізді. Қатысушылар жасанды интеллект құралдарын практикалық тұрғыда пайдалану тәсілдерімен танысып, оларды күнделікті жұмыс үдерістеріне енгізу мүмкіндіктерін қарастырды.

Семинар-тренинг барысында жастармен жұмыс істеудің жаңа форматтары, медиа және коммуникация, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану бағыттары бойынша тәжірибе алмасу ұйымдастырылды.

Жоба аясындағы оқыту семинарларына жастар саясаты, медиа, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және коммуникация салаларында тәжірибесі бар білікті мамандар мен сарапшылар тартылды. Оқу бағдарламасы жасанды интеллект және киберқауіпсіздік, жастармен жұмыс жасаудағы заманауи медиа және коммуникация, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қоғаммен тиімді коммуникациясы: тәжірибе мен заманауи тәсілдер бағыттарын қамтыды. «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» жобасы жастар ресурстық орталықтары мамандарының кәсіби құзыреттерін арттыруға, озық тәжірибелермен алмасуға және жастармен жұмыстың заманауи құралдарын тиімді қолдануына бағытталған.

Айта кетейік, биыл «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» жобасы аясында Абай, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында бес оқу семинар-тренингі ұйымдастырылды. Оқыту шараларына еліміздің барлық өңірлерінен жастармен жұмыс істейтін 200-ге жуық жастар ресурстық орталығының маманы қамтылып, сертификаттар табысталды.

