«Jastar Research Hub» кездесуінен кейінгі басты ойлар: Сарапшылар не түйді?
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Jastar Research Hub» жас сарапшылар акселераторын өткізді.
Шараның басты мақсаты – қоғамдық мәселелерді талдап қана қоймай, оларды шешуге нақты ұсыныстар ұсына алатын жас сарапшылардың жаңа буынын қалыптастыру. Жобаға еліміздің барлық өңірлерінен жас зерттеушілер, талдаушылар және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Білім беру бағдарламасына конкурстық іріктеуден өткен 250-ден астам үміткердің арасынан 20 финалист таңдап алынды.
Ашылу салтанатында қатысушылардың алдында құттықтау сөз сөйлеген «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева бағдарлама екі бағыттан тұратынын атап өтті. Біріншісі – аналитикалық зерттеу жүргізу дағдыларын дамыту, екіншісі – көпшілік алдында сөйлеу, коммуникация және медиа саласындағы қабілеттерді жетілдіру.
– Бүгінде жастардың басты сұраныстарының бірі – сапалы білім мен кәсіби даму. Қазіргі еңбек нарығында тек білімді маман ғана емес, ойын дәлелмен жеткізе алатын, зерттеу жүргізетін әрі қоғаммен тиімді байланыс орната алатын сарапшыларға сұраныс артып келеді. Сондай-ақ, айта кетерлігі, жастар әзірлейтін сараптамалық жұмыстар қағаз жүзінде қалып қоймайды. Қатысушылар дайындайтын аналитикалық ұсыныстар мемлекеттік органдарға жолданады. Қатысушылардың кәсіби орта қалыптастыруына, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарға жұмысқа орналасуына да қолдау көрсету жоспарда бар, – деп атап өтті Гүлісхан Нахбаева.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолманов жастардың сараптамалық-талдамалық әлеуетін дамытудың, зерттеушілердің жаңа буынын даярлаудың және ғылым, білім беру мен мемлекеттік басқару арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Салтанатты рәсімнен кейін «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат жас мамандарды даярлауға бағытталған бірлескен білім беру, ғылыми-зерттеу және сараптамалық-талдамалық бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді.
Ресми бөлімнен кейін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚСЗИ ғылыми хатшысы Айгүл Көшербаева сөз сөйлеп, тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен басқарушылық шешімдер қабылдаудағы талдамалық зерттеулердің рөлі туралы баяндады.
Кездесу барысында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев «Jastar Research Hub» жобасы аясында жобаға қатысушылармен сапалы аналитикалық материалдар мен ұсыныстар дайындау туралы ақпараттармен бөлісті.
– Қазіргі уақытта аналитикалық жұмыс айтарлықтай өзгеруде. Біз барлық трендтерді немесе басқа құралдарды іс жүзінде қалай қолдану керектігін талқыладық. Аталған бағытта өте маңызды кері байланыс болды. Жалпы алғанда, бір жарым сағат ішінде қазіргі заманғы трендтерге қатысты жалпы дайындық туралы өте ұзақ және нақты пікірталас болды. Менің ойымша, әріптестеріміз де біздің әңгімемізден пайдалы ой түйді. Тұтастай алғанда, жоба өте пайдалы және оның біздің өңірлік талдау орталықтарымыз бен зияткерлік ғылыми қызметпен айналысатын әріптестеріміз үшін де қажет екенін көрсетеді, – дейді Азамат Байғалиев.
Креативті индустрия саласының сарапшысы, OYU Fest бастамасының негізін қалаушы Еркебұлан Күрішбаев жеке тәжірибе тақырыбында және шығармашылық идеяларды коммерцияландырудың маңыздылығы туралы баяндады. Сондай-ақ, ол жас кәсіпкерлердің негізгі қателіктеріне тоқталды. Бұл – бизнес немесе шығармашылық туралы көп ойлау. Мәселен, адам шығармашылық жобалармен айналысқан кезде ерте ме, кеш пе ақша табу қажет болады. Керісінше, тек бизнес туралы ойлағанда шығармашылық бөлігі ақсап қалады.
– Сондықтан басынан бастап бұл тепе-теңдікті сақтау өте маңызды, Шығармашылық туралы да естен шығармаған абзал және талантыңыз табыс әкелуі керек екенін ұмытпау керек. Менің жас кәсіпкерлерге әрқашан өз ісін не үшін бастағанын еске түсіруге кеңес беремін. Бұл ертеңгі стратегияны, миссияны құруға көмектеседі және адам әрқашан өз ісіне адал болады, – дейді Еркебұлан Күрішбай.
Бұдан бөлек, қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Луиза Узарова этносаралық қатынастарды талдау мен мониторингілеудің заманауи тәсілдерімен, Kazakhstan Sociology Lab мектебінің басшысы Әлия Сәрсекеева цифрлық орта жағдайындағы әлеуметтік зерттеу әдістерімен таныстырды. «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Кемелбек Ойшыбаев
Қазақстанның медиа нарығының қазіргі жай-күйі, телевизия индустриясының құрылымы, саланың даму үрдістері және әлемдік медиаиндустриядағы өзгерістер жайында айтып берді. Оның ішінде телевизиялық өндірісте жасанды интеллектіні пайдалану, Digital First стратегиясы, цифрлық платформалар дәуіріндегі телевидениенің болашағы туралы ойын жеткізді. Сондай-ақ, қатысушылар тарапынан қойылған жаңа технологиялардың медиатұтыну мен жарнама нарығына ықпалы туралы сұрақтарға жауап берілді.
Қатысушылардың бірі — 25 жастағы Бегім Құтым Назарбаев университетінің жоғары мемлекеттік саясат мектебінің докторанты. Оның ғылыми-зерттеу қызметі мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектті қолдануға бағытталған, ал кәсіби тәжірибесі мемлекеттік секторды, корпоративтік саланы және медианы қамтиды. Сондай-ақ, ол Scopus-та индекстелген басылымдарды қоса алғанда, халықаралық және отандық ғылыми журналдарда жарияланған 15 ғылыми мақаланың авторы.
– Докторантура бағдарламасына түскенге дейін медиа саласында, ұлттық телеарна мен порталда жұмыс істедім. Соңғы төрт жылда халықаралық саясатқа, цифрлық технологияларға және жасанды интеллектке арналған қазақстандық БАҚ үшін 1200-ден астам авторлық материал дайындағанмын. Менің басты мақсатым – Қазақстанның тұрақты дамуы үшін инновациялық шешімдерді қолдану, – дейді Бегім Құтым.
Қуаныш Өмірбек – жас зерттеуші, өнер және медиа саласының маманы. 2024 жылы Қазақ ұлттық өнер университетін тәмамдаған. Қазіргі таңда Италияның Рим қаласындағы беделді La Sapienza университетінде магистратура бағдарламасын аяқтауда. Еңбек жолын Қазақстан ұлттық телеарнасында бастап, медиа саласында тәжірибе жинақтаған. Сонымен қатар, Қазақ ұлттық өнер университетінде оқытушылық қызмет атқарады.
– Жоба тәжірибелі сарапшылармен жұмыс істеуге, кәсіби байланыс орнатуға және нақты зерттеу жобаларына қатысуға үлкен мүмкіндік береді. «Jastar Research Hub» жобасы арқылы зерттеу әдістерін терең меңгеріп, қоғамдық даму мен жастар саясаты бағытындағы сараптамалық әлеуетімді арттыруды мақсат етемін, – дейді Қуаныш Өмірбек.
Қатысушылар бір апта бойы мемлекет қайраткерлерімен, талдау орталықтарының басшыларымен, зерттеушілермен және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесті. Оқу қорытындысы бойынша қатысушыларға «Jastar Research Hub» зерттеу жобасы шеңберінде ұйымдастырылған білім беру бағдарламасын нәтижелі аяқтап, зерттеу және талдау дағдыларын дамыту курсын сәтті меңгергенін куәландыратын сертификаттар табысталды, ал үздік түлектер «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының жас сарапшылар пулына енгізілді.









