10–12 маусым күндері Ақтөбе қаласында Жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлеріне арналған «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» республикалық семинар-тренингі өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығымен ұйымдастырылды.
Семинарға еліміздің 10 өңірінен 40-қа жуық ЖРО қызметкері қатысты. Үш күндік оқу бағдарламасы барысында ЖРО мамандары жастармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін меңгеріп, тиімді коммуникация, өзін-өзі таныстыру және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдірді. Сондай-ақ қатысушылар қызмет тиімділігін арттыру, процестерді автоматтандыру және аналитикалық жұмыстарды дамытуға бағытталған цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект құралдарын қолдану бойынша практикалық білім алды.
Бағдарламаның алғашқы күнінде «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева мен Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев қатысушыларға сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі.
Одан кейін журналист, медиа-менеджер Махаббат Есен жастарды сүйемелдеу және деректер негізінде шешім қабылдау тақырыбында дәріс өткізді. Күннің екінші жартысында қатысушыларға мәдени-танымдық экскурсия ұйымдастырылып, Ақтөбе қаласының көрікті орындары таныстырылды.
Бағдарлама «Cyber.formula3» мектебінің оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Гүлшат Қалбаеваның жасанды интеллект тақырыбындағы дәрісі арқылы жалғасын тапты.
Қатысушылар оқу барысында жастармен жұмыс істеудің заманауи әдістері мен құралдарын кешенді түрде меңгеріп, теориялық білімді тәжірибелік тапсырмалар арқылы бекітті.
Айта кетейік, аталған семинар биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашқы кезеңі Абай облысында өткен болатын. Келесі оқыту 22-24 шілде күндері Қонаев қаласында өтеді. Жалпы бес семинар-тренинг өткізу жоспарланған.
Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытында 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Олар жастарға ақпараттық-консультациялық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетеді.




