2026 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Coventry University Kazakhstan базасында «Цифрлық өзгерістер дәуіріндегі Қазақстан жастары» тақырыбында сарапшылық пікірталас өткізді.

Іс-шара қоғамның цифрлық трансформациясы жағдайындағы қазақстандық жастардың құндылықтарын, ұстанымдарын және мінез-құлық ерекшеліктерін зерделеуге бағытталған «Қазақстан жастары» атты әлеуметтанулық зерттеудің қорытындыларын талқылауға арналды. Зерттеуді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізді.

Зерттеу нәтижелері жастар ортасының қазіргі ахуалын, оның дамуындағы негізгі үрдістерді айқындайтын және мемлекеттік жастар саясатын жетілдіруге арналған талдамалық негіз болып табылатын жыл сайынғы «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын әзірлеудің негізін құрайды.

Сарапшылық пікірталасқа орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ғылыми-зерттеу ұйымдарының, үкіметтік емес сектордың, ғылыми-сарапшылық және академиялық қауымдастықтың өкілдері, сондай-ақ жастар саясаты саласының мамандары қатысты.

Іс-шараға қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеген «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры және пікірталас алаңының модераторы Гүлісхан Нахбаева цифрлық өзгерістер жағдайындағы мемлекеттік жастар саясатының негізгі басымдықтарына тоқталды.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының әлеуметтанулық зерттеулер және болжау басқармасының басшысы Сабина Шаймерденова «Қазақстан жастары» әлеуметтанулық зерттеуінің нәтижелерін таныстырды. Ол өз баяндамасында қазіргі жастардың құндылықтық бағдарлары, цифрлық ортадағы мінез-құлқының ерекшеліктері, қоғамдық институттарға деген сенім деңгейі, азаматтық белсенділігі, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларды пайдалану бойынша жүргізілген талдау нәтижелері туралы мәліметтер ұсынды.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова жастарға әсер ететін қазіргі әлеуметтік үдерістерге сараптамалық баға беріп, жас ұрпақтың құндылықтары мен қоғамдық көңіл күйінің өзгеруіне қатысты талдамалық көзқарасын ортаға салды.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасылық саясат бөлімінің басшысы Ақнұр Иманқұл цифрлық ортаның отбасы институтына, жастардың әлеуметтенуіне, құндылықтық бағдарларының қалыптасуына және жастардың мінез-құлқындағы гендерлік ерекшеліктерге ықпалы туралы сөз сөйледі.

Іс-шара ашық сарапшылық пікірталаспен қорытындыланды. Оның барысында қатысушылар цифрлық дәуірдің өзекті сын-қатерлерін, мемлекеттік жастар саясатын одан әрі дамыту перспективаларын, жастарды қолдау тетіктерін және осы бағыттағы мемлекеттік тәсілдерді жетілдіруге қатысты практикалық ұсыныстарды талқылады.

«Қазақстан жастары» әлеуметтанулық зерттеуінің нәтижелерімен eljastary.kz ресми сайтында танысуға болады.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *