Қонаев қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» жобасы аясында үш күндік оқыту семинар-тренингі өтті.
Жоба еліміздегі жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін жүйелі түрде арттыру мақсатында жүзеге асырылуда. Биыл бұл – үшінші семинар-тренинг. Бұған дейін осындай оқыту іс-шаралары Семей және Ақтөбе қалаларында сәтті өтті. Алдағы семинарлар Тараз және Петропавл қалаларында ұйымдастырылады.
Оқытуға Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген жастар ресурстық орталықтарының мамандары қатысуда. Үш күн бойы қатысушылар мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың заманауи тәсілдерін меңгеріп, басқарушылық және коммуникациялық дағдыларын жетілдіреді, үздік тәжірибелермен алмасып, жастармен жұмыс істеудің жаңа құралдарын игереді.
Бағдарлама аясында халықпен тиімді коммуникация орнату, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл, әлеуметтік желілердегі жұмыс, көпшілік алдында сөз сөйлеу және жастармен сенімді диалог қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар оқытудың негізгі бағыттарының бірі – жастар ресурстық орталықтарының қызметіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын енгізу. Қатысушылар жұмыс процестерін автоматтандыруға, талдамалық материалдар әзірлеуге, ақпараттық контент жасауға және жастарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жасанды интеллектті қолданудың практикалық тәсілдерімен танысады.
Бағдарлама интерактивті тренингтерді, практикалық сабақтарды, нақты кейстерді талдауды және өңірлердің табысты тәжірибелерімен алмасуды қамтиды. Мұндай формат қатысушылардың жаңа білім алып қана қоймай, мемлекеттік жастар саясатын өңірлерде іске асырудың бірыңғай кәсіби тәсілдерін қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Оқыту қорытындысы бойынша қатысушылар үшін экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылып, семинар нәтижелері шығарылып, сертификаттар табысталады.
«Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» жобасын іске асыру жастар ресурстық орталықтарының кадрлық әлеуетін нығайтуға, заманауи басқарушылық және цифрлық шешімдерді енгізуге, жастарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және еліміз бойынша мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыратын мамандардың кәсіби қауымдастығын қалыптастыруға ықпал етеді.
Айта кету керек, бүгінде Қазақстанда мемлекеттік жастар саясатын жергілікті деңгейде жүзеге асыратын 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Оның ішінде 17 облыстық, 37 қалалық және 181 аудандық жастар ресурстық орталығы бар. Аталған орталықтар жастарға ақпараттық-консультациялық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетеді.
