Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетімен бірлесіп «Жастар және конституциялық реформалар: ел болашағы туралы диалог» тақырыбында Jastar X алаңы аясында студент жастармен сараптамалық кездесу өткізді.
Кездесу барысында спикерлер Конституциялық реформаның мәні мен қоғамдағы рөлін жан-жақты талқылады.
«Әділетті қоғамның негізі» тақырыбында сөз сөйлеген Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов Конституция жобасының басты ерекшелігі – адамға бағытталуы екенін атап өтті.
«Ата Заң – жаңа қоғамдық келісім» тақырыбында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты “Мемлекет тарихы институты” РММ директоры, PhD докторы, қауымдастырылған профессор Нұрбек Пұсырманов Конституцияны қоғамды біріктіретін маңызды құжат ретінде сипаттады. Оның пікірінше, Конституция – елдің болашақ даму бағдарының стратегиялық негізі.
Қоғам белсендісі, Республикалық Медиация кеңесінің төрағасы, Ұлттық Құрылтайдың, ҚХА кеңесінің және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Шерзод Пулатов «Халық бірлігі – реформалардың сәтті жүзеге асуының басты кепілі» тақырыбында қоғамдық келісім мен бірліктің маңызын ерекше атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасындағы цифрлық адам құқықтары» тақырыбында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының Талдау және коммуникация басқармасының басшысы Алёна Дмитриева қазіргі цифрлық кеңістіктегі жеке деректерді қорғау, цифрлық қауіпсіздік және онлайн құқықтар мәселелеріне тоқталды. Цифрлық дәуір жағдайында азаматтардың құқықтарын қорғау, ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді сақтау – жаңа реформалардың маңызды бағыты ретінде айқындалды.
Диалог алаңының модераторы, орталық директоры Гүлісхан Нахбаева мұндай ашық кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, конституциялық реформаны түсіндіруге, сарапшылар мен студенттер арасындағы сенімді коммуникация орнатуға және азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар алдағы референдумның ел дамуына ықпалы мен жастардың белсенді азаматтық ұстанымының маңызы ерекше екені айтылды. Кездесу барысында орталықтың ғылыми-зерттеу жобалары, цифрлық ресурстары және Jastar AI виртуалды кеңесшісі таныстырылды.
Іс-шара сараптамалық панельдік форматта және ашық микрофон алаңында жалғасып, студенттер өз сұрақтарын қойып, сарапшылардан жан-жақты жауап алды.
Айта кетейік, кездесуге ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшелері,         Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті профессор-оқытушылары, ведомстволық комитеттер мен ғылыми институт өкілдері, сарапшылар, қоғам белсенділері, БАҚ және студент жастар қатысты.
Осындай диалог алаңдары жастардың ел болашағына қатысты пікірін ашық білдіруге мүмкіндік беріп, Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
 
 
Балгуль Мамен 📞 +7 775 354 36 88
Руководитель управления методологического обеспечения НИЦ «Молодежь»
 при Министерстве культуры и информации РК

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *