«Қазмедиа» орталығында өңірлік жастар ресурстық орталықтарының басшыларына арналған «Кәсіби даму академиясы» оқыту семинар-тренингінің екінші кезеңі басталды.
«Кәсіби даму академиясының» негізгі мақсаты – жастар саясаты саласындағы басшылардың заманауи көшбасшылық және басқарушылық құзыреттерін дамыту, кәсіби біліктілігін арттыру және жастармен жұмыс істеудің тиімді тәсілдерін қалыптастыру.

Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Ақұлан Тастемір мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Ришат Рамазанов сөз сөйлеп, жастармен тікелей жұмыс істейтін мамандардың кәсіби құзыреттерін тұрақты түрде дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Атап айтқанда, жастарға сапалы қызмет көрсету, серіктестік байланыстарды нығайту, түрлі жағдайларда тиімді коммуникация орнату және жанжалдарды басқару дағдыларын жетілдіру қажеттігіне назар аударылды.

Сонымен қатар жастар ресурстық орталықтары басшыларының кәсіби әлеуетін арттыру мемлекеттік жастар саясатын сапалы іске асырудың маңызды бағыттарының бірі екені айтылды. Жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің біліктілігін жүйелі түрде арттыру орталықтардың тиімді қызметін қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі болып табылады.

Оқыту бағдарламасы аясында қатысушылар команданы басқару және шешім қабылдау, әлеуметтік жобалау, инклюзивті тәсілдер бағыттары бойынша кәсіби сарапшылар мен тәжірибелі тренерлерден білім алып, практикалық дағдыларын жетілдіреді.

Сонымен қатар семинар-тренингке қатысушылар Қазмедиа орталығының қызметімен танысып, медиа саласының мамандарымен кездеседі. Арнайы экскурсия барысында редакциялар, тікелей эфир студиялары мен радио студияларының жұмысымен танысып, медиаөнім өндірудің ерекшеліктері туралы практикалық ақпарат алады.

Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға бағытталған 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Оның ішінде 17-сі облыстық, 37-сі қалалық және 181-і аудандық деңгейде қызмет атқарады. Жастар ресурстық орталықтары жастарға ақпараттық-консультациялық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіп, олардың бастамаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ жас азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына ықпал етеді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы 2021 жылдан бері «Кәсіби даму академиясы» жобасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Жоба аясында жастар саясаты саласында жұмыс істейтін мамандар мен басшылардың кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталған оқыту бағдарламалары ұйымдастырылады.
