Таразда жастар саясаты мамандарына арналған республикалық оқыту семинары өтті.

19-21 тамыз күндері Тараз қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы өңірлік жастармен жұмыс істейтін мамандарға арналған «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» республикалық оқыту семинар-тренингін өткізді.

Үш күндік білім беру алаңы жастар саясаты саласындағы мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыруға, заманауи басқару және жобалау тәсілдерін меңгертуге, сондай-ақ көшбасшылық және тиімді коммуникация дағдыларын дамытуға бағытталды.

Оқыту семинарына Шымкент қаласы мен Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарынан жастармен жұмыс істейтін 40 маман қатысты.

Бағдарлама аясында қатысушылар медиа, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект саласындағы тәжірибелі сарапшылардан білім алды. Семинар барысында жастар ресурстық орталықтарының жұмысында жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді пайдалану, жастарды сүйемелдеу, деректер негізінде шешім қабылдау, өзін-өзі сенімді таныстыру және жас аудиториямен тиімді жұмыс жүргізу тақырыптары қамтылды.

Оқыту аясында «EDU LIVE», КТК арнасының «Дау-дамайсыз» бағдарламасының авторы, «Тұмар» телевизиялық байқауының жеңімпазы, Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының баспасөз хатшысы, медиа-менеджеры Жазира Бегалы «Мемлекеттік органдардың қоғаммен тиімді коммуникациясы: тәжірибе және заманауи тәсілдер» тақырыбында тренинг өткізді. Сонымен қатар, «Cyber.formula3» мектебінің оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Гүлшат Қалбаева жастар ресурстық орталықтары қызметіндегі жасанды интеллект пен цифрлық шешімдердің мүмкіндіктері туралы тәжірибелік сабақ жүргізді.

Семинар-тренинг барысында қатысушылар жастармен жұмыс жүргізудің заманауи тәсілдері мен тәжірибелерін меңгеріп, теориялық білімдерін практикалық тапсырмалар арқылы бекітті.

Айта кетейік, бүгінде елімізде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Оның ішінде 17-сі облыстық, 37-сі қалалық және 181-і аудандық деңгейде жастарға ақпараттық-консультациялық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетуде.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *