Аталған семинар-тренингтің негізгі мақсаты – жастар саясаты саласындағы басшылардың заманауи көшбасшылық және басқарушылық дағдыларын дамыту, жұмыс үдерісіне жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды енгізу, дағдарыстық коммуникациялар мен бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылды жетілдіру, сондай-ақ жобалық және инклюзивті тәсілдерді ілгерілету арқылы олардың кәсіби біліктілігін арттыру.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің  Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов пен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева жастармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби құзыреттерін жүйелі түрде жаңғыртып отырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, кадрлық құрамның тұрақты жаңаруын ескере отырып, біліктілікті арттыру жастар ресурстық орталықтарының тиімді қызмет етуінің негізгі тетіктерінің бірі екеніне назар аударды.
Семинар-тренинг екі кезеңнен тұрады: алғашқы кезеңі ағымдағы жылдың сәуір айында өткізілсе, екінші кезеңі қазан айына жоспарланған.
Бағдарламаның бірінші кезеңінде қатысушылар медиа және жасанды интеллект саласындағы кәсіби мамандардан білім алды. Оқу барысында мемлекеттік аппаратта және жастармен жұмыс істеу үдерісінде жасанды интеллектті қолдану, көпшілік алдында сөйлеу, дағдарыс коммуникациялары, әлеуметтік желілердің рөлі, сондай-ақ мобилография бойынша практикалық дағдылар қамтылды.
Семинар аясында түрлі бағыттағы сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, «ЖИ және цифрландыру жылы: мемлекет қалай өзгеруде және жастар үшін қандай мүмкіндіктер ашылуда» тақырыбында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің баспасөз хатшысы Балия Кенжеболатова, «Жастар ресурстық орталықтары мен мемлекеттік аппарат қызметіне ЖИ енгізу» бойынша «Цифрлық үкіметті қолдау орталығының» бас директоры Алия Оспанова, «Сыни сұрақтарға жауап беру және контртактикаға дайындық» тақырыбында «Еуразия» бірінші арнасының тележүргізушісі Ақбөпе Тәңірберген «Көпшілік алдында сөйлеу стратегиясы мен тактикасы» бойынша «QAZAQSTAN» телерадиокорпорациясы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары Ақерке Бектас, «Өңірлерде жастармен жұмыс: пікірсайыс мәдениеті, сапалы диалог және жаңа коммуникация модельдері» тақырыбында ҚР Президентінің телерадиокешені директорының кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан, «PR-технологиялар: өңірлерде жастар саясатының брендін қалыптастыру» бойынша APRM төрайымы, медиа-жаттықтырушы, халықаралық кәсіби коуч Ақерке Берлібай, «Жеке бренд және әлеуметтік желілерді дамыту» тақырыбында «Хабар» агенттігінің «Интернет жобалар» департаментінің директоры Батыржан Ибрагим және «Күнделікті жұмыста жасанды интеллектті қолдану дағдылары» бойынша «Qazcontent» АҚ ЖИ маманы Аршат Ораз шеберлік сабақтарын өткізді.
Оқыту қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталып, Қазмедиа орталығына экскурсия ұйымдастырылды. Қатысушылар телерадио өндірісінің жұмысымен, тікелей эфир студияларымен және медиа саласының ішкі үдерістерімен танысты.
Жастармен жұмыс істейтін мамандар үшін сапалы қызмет көрсету, цифрлық ортада тиімді позициялану, серіктестік байланыстарды дамыту және дағдарыстық жағдайларды басқару бағытындағы заманауи құзыреттерді жетілдіру өзекті болып қала береді.
Бүгінде елімізде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Оның ішінде 17-сі облыстық, 37-сі қалалық және 181-і аудандық деңгейде қызмет атқарады. Бұл орталықтар жастарға ақпараттық-консультациялық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетеді.
Айта кету керек, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Кәсіби даму академиясы» жобасын 2021 жылдан бастап жүзеге асырып келеді.
 

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *