Жастар саясаты саласындағы негізгі ғылыми құжаттың таныстырылымы өтті
2024 жылғы 12 желтоқсанда Astana IT University-де «Қазақстан жастары – 2024» ұлттық баяндамасына арналған сараптамалық талқылау өтті. Іс-шараны «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды. Талқылауға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің басшылығы, жастар саясаты саласындағы жетекші отандық сарапшылар мен студент жастар қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Б.Алимжанов өзінің алғысөзінде жастар саясатын іске асырудың негізгі бағыттары мен даму перспективалары туралы айтты.
Өз кезегінде «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры А. Ерниязова бүгінгі жастар саясаттың тек объектісі ғана емес, елдің трансформациясына елеулі үлес қоса алатын белсенді субъектісі болып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, жастар арасында бұрын зерттелмеген үрдістерді анықтайтын пәнаралық зерттеулер жүргізу маңызды. Бұл олардың құзыреттерін дамытуға, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және өздерін жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Зерттеуші, PhD докторы Э.Отар білім сапасын жақсартуға ықпал ететін ресурстарды неғұрлым тең және қолжетімді бөлу үшін жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды. Бұған оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту және цифрлық технологияларды дамыту жатады.
Eurasian Resources Group компаниясының жастар саясаты жөніндегі менеджері И.Құдабаев жастардың мансаптық таңдаулары мен олардың кәсіби бағдарын анықтайтын факторларды ескеру қажеттігін айтты. «Студенттердің шамамен 30%-ы алдағы бірнеше жылда бір компанияда жұмыс істегісі келетінін білдірсе, төрттен бірі жеке бизнесін ашуды жоспарлайды. Мамандығы бойынша жұмыс істеуден бас тартудың басты себептері – жұмыс процесінің монотондығы, кәсіби қызығушылықтың төмендігі және еңбекақының аздығы», – деп атап өтті ол.
MIND ғылыми-талдау орталығының сыртқы саясат және халықаралық зерттеулер бағдарламасының жетекшісі М.Жиенбаев мемлекеттің сыртқы даму стратегиясын қалыптастырудағы жастардың рөліне назар аударды. Оның айтуынша, жастар жаңа көзқарасқа, инновациялық ойлауға және жаһандық трендтер туралы терең білімге ие бола отырып, сыртқы саясатқа тиімді тәсілдерді әзірлеуге айтарлықтай үлес қоса алады.
Жалпы, сарапшылар жастардың болашаққа деген көзқарасы мен олардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті. Қатысушылар жастар саясаты саласында тиімді шешімдер әзірлеу үшін осындай сараптамалық талқылаулардың санын арттыру қажеттігін қолдап, оң пікірлерін білдірді.