ҒЗО тарихы

ҒЗО тарихы

Алғаш құрылғалы бері «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы көптеген өзгерістерден өтті. Алайда, әр өзгеріс сайын орталықтың рөлі мен маңызы арта түсті. Бүгінгі таңда бұл орталық – қазақстандық жастардың әлеуметтік өзсезінімі мен негізгі тенденцияларын жүйелі түрде зерттейтін жалғыз әрі бірегей мекеме.


2012

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының XIX сессиясында жастар ортасында болып жатқан процестерді терең зерттеу, жастардың әлеуметтік әл-ауқатын үнемі қадағалап отыру қажеттігін атап өтті. Осы міндеттерді орындау үшін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы» құрылды..

Жаңадан құрылған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының үйлестірушісі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі болды.


2013

2013 жылғы 11 ақпанда Л.Н. Гумилев атандағы Еуразия ұлттық университетінде «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығын құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 115 қаулысы қабылданды.

2013 жылғы 28 ақпанда Л.Н. Гумилев атандағы Еуразия ұлттық университеті ректорының «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС құру туралы бұйрығы бекітілді. 

2013 жылғы 4 наурызда Әділет министрлігінде Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ретінде мемлекеттік тіркеуден өтті.

2013 жылғы 14 мамырда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде № 003370 аккредиттеу туралы куәлік берді.

2013 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі жөніндегі комитеттің қолдауымен елдегі алғашқы «Қазақстан жастары – 2013» ұлттық баяндамасы жарық көрді.


2014

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ЮНИСЕФ-тің Жастар саясаты зертханаларының (Youth Policy Labs) халықаралық консультанттарының әдістемелік және талдамалық қолдауымен «Қазақстан жастарының әл-ауқатының индексі» бірлескен баяндамасы үшін Жастармен ұлттық онлайн-консультациялар өткізді. Бұл есеп және Ұлттық онлайн-консультациялардың нәтижесі – жастар әл-ауқаты мен дамуының негізгі бағыттары бойынша сапалы әрі сандық деректерді талдайтын жиынтық индекс.

2015

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының мәртебесі заңды түрде бекітілді. 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңының 24-бабының 2-тармағына сәйкес «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ғылыми зерттеулер жүргізіп, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға әдістемелік қолдау көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі «Жастар ресурстық орталықтары туралы үлгілік ережені бекіту туралы» № 243 бұйрығымен республикада тұңғыш рет Жастар ресурстық орталықтары құрылды.

2015-2016 жж. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстан жастарының конгресімен бірлесіп, ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Жастарға мейірімді мекен» пилоттық жобасын жүзеге асырды. Осы жоба аясында жергілікті деңгейде жастар саясатын бағалаудың индикаторлар жүйесі жасалып, сынақтан өтті. БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) техникалық көмегінің арқасында Қазақстанда бұл көрсеткіштер жүйесі «Жастарға мейірімді мекен» жастар әл-ауқатының индексі ретінде қайта жасалып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бекітілді. Ол индекстің құрамына 5 бағыт кірді: білім беру, денсаулық сақтау және әл-ауқат, жұмыспен қамту және мүмкіндіктер, жастардың саяси және азаматтық қатысуы.

2016

2016 жылғы 30 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өткен Республикалық жастар форумының қатысушылары жылдың ең маңызды құжаттарының бірі – үшінші «Қазақстан жастары – 2016» ұлттық баяндамасын қарап, мақұлдады. Республикалық жастар форумы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Іс-шара тәуелсіз Қазақстанның 25 жылындағы жастар мен жастар саясатының жетістіктерін көрсетуге бағытталды. 1 желтоқсанда форум аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастармен кездесті.


2017

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС-де мемлекеттік үлесті иелену және пайдалану құқығы Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне өтті (қазіргі Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі).


Ғылыми-зерттеу орталықтың жаңа логотипі бекітілді.


2018

2018 жылғы 5 мамырда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің субъектісі ретінде аккредиттеу туралы куәлік берді.

2019

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 23 сәуірдегі № 223 қаулысы негізінде «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ құрылды. Оның жарғылық капиталы республикалық бюджет қаражаты есебінен және мемлекеттің «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС жарғылық капиталына қатысудың үлесін 100 % аудару жолымен қалыптасты.

«Жастар» ҒЗО» ЖШС жарғылық капиталындағы мемлекеттік үлесті иелену және пайдалану құқығын «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ жүзеге асырады.

2020

2020 жылғы 11 наурызда «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының жалғыз қатысушысының – «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ-тың шешімімен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының Бақылау кеңесі бекітілді.

Жастарды дамытудың өзекті мәселелері бойынша сараптамалық талқылау өткізу үшін «JASTAR: ózekti másele» сараптамалық алаңы ұйымдастырылды. Бұл жобаның мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қағидалары мен құндылықтарын ескере отырып, сарапшылар мен қоғам арасында жастардың өзекті мәселелері бойынша жан-жақты пікірталас пен диалогты қамтамасыз ету.


Студенттердің, магистранттардың және докторанттардың зерттеу қызметін қолдау, жастар арасында білімнің салтанат құруы идеясын насихаттау, сондай-ақ елдің болашақ ғылыми әлеуетін дамыту үшін «Zertteý» жобасы іске қосылды. Бұл жобаның мақсаты – жас мамандарды, оның ішінде жоғары оқу орындарындағы студенттерді ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді тарту арқылы жастар саясаты саласындағы зерттеу бағытын кеңейту.


2021

Тарихымыз дәл бүгін жазылып жатыр...