Кәсібін бастағысы келетін жастарға 5 мыңнан аса жеңілдетілген микрокредит берілді
2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 2023 жылы бөлінген қаражат есебінен жастарға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін 5 658 микрокредит берілді.
Несиенің жылдық мөлшерлемесі 2,5%. «Аграрлық несие корпорация» АҚ-ға қазақстандықтардан жеңілдетілген микрокредиттер алуға барлығы 7,7 мың өтінім
түскен.
Микрокредиттер көп берілген өңірлер
Жергілікті атқарушы органдарға микрокредиттерді беруге қаражат 2023 жылғы ақпан-наурыз айларында бөлінген. Осыған орай бюджет қаражаттарын игеру 2024 жылғы ақпан-наурызға дейін жүзеге асырылды.
Микрокредиттер ең көп берілген өңірлер: Түркістан (625), Қызылорда (492), Жамбыл (483) облыстары және Астана (451) қаласы.
Жеңілдетілген несиенің 35,4%-ы ауыл тұрғындарына берілген
26,4 млрд теңге сомасына 5 658 шағын несие бизнес жобаларды іске асыруға берілді. Оның ішінде микрокредиттердің 35,4% ауыл тұрғындарына берілген.
Кредит алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, жеңіл өнеркәсіп салаларын қамтыды.
Микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескеріледі.
Жоба шарты қандай?
Кедит мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жыл. Ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.
Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.
Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет.
Микрокредиттер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі, оның отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады.
«Осылайша, микрокредит беру туралы шешім комиссиялық және нақты іс-қимыл жоспарымен өзекті, өміршең болуы тиіс жобаның пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады. 2024 жылдың сәуір айынан бастап микрокредиттер алуға өтінімдер барлық облыстарда басталады. Сонымен қатар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қабылданады», – деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Еске сала кетсек, 2023 жылдан бастап кәсібі бар немесе кәсіп бастағысы келіп жүрген жастарға жылдық 2,5 пайызбен микронесие беріле бастады. Бастама 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген. Ол 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде қолға алынды.
Дереккөз:
https://kz.kursiv.media/kk/2024-03-14/kaesibin-bastaghysy-keletin-zhastargha-5-myngnan-asa-zhengildetilgen-mikrokredit-berildi/