К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстандағы Конституциялық реформа: жастардың қатысуы үшін жаңа мүмкіндіктер»  атты JastarX диалог алаңында отырыс ұйымдастырды.
Жиында саясат, құқық жəне қоғамдық даму саласындағы сарапшылар сөз сөйледі. Олар парламенттік реформа және жастардың мемлекеттік процестерге қатысуы туралы мәселелерді талқылады.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры – отырыс модераторы Гүлісхан Нахбаева диалог алаңын аша отырып, Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Конституциялық комиссияның негізгі міндеті, парламенттік жүйені нығайтуға, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың, соның ішінде жастардың, шешім қабылдау үдерістеріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған конституциялық реформаны одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу. Дәл осы тұрғыда жастардың ағымдағы өзгерістерге енжар бақылаушы емес, белсенді қатысушы ретіндегі рөлін талқылау ерекше маңызға ие екенін жеткізді.
Спикерлер, ҚХА Республикалық этномедиация кеңесінің және Астана қалалық  өзбек этномәдени орталығының төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры, PhD, тарихшы Жақсылық Сәбитов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, әлеуметтанушы-аналитик, PhD, ҒСК ҚХА Жас ғалымдар клубының тең төрағасы Эльмира Отар, «Жастар» ҒЗО Талдау және коммуникация басқармасының сарапшысы, саясаттанушы Лаура Сансызбаева сөз сөйледі.
Айта кетейік, 2023 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы қоғам мен жастарды толғандыратын өзекті және маңызды мәселелер бойынша еркін әрі ашық диалог форматындағы жаңа JastarX сараптамалық алаңын іске қосты.
Сараптамалық алаңның мақсаты – мемлекеттік органдар, сарапшылар қауымдастығы және жастар арасындағы байланысты нығайтып, жастардың пікірін ескере отырып, өзекті әлеуметтік мәселелер бойынша тиімді шешімдер қабылдауға ықпал ету, сондай-ақ азаматтық белсенділік пен жастардың қоғамдық өмірге белсене қатысуын арттыру.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *