Ғылыми-әдістемелік семинар: «Қазақстандағы балалар мен жастардың әл-ауқатын зерттеудің әдіснамасы және перспективалары»
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының Әлеуметтанулық зерттеулер және болжау басқармасының жетекшісі Шаймерденова С. А. Қазақстандағы балалар мен жастардың әл-ауқаты мәселелеріне арналған ғылыми-әдістемелік семинарға қатысты. Іс-шара жетекші сарапшылар мен зерттеушілер арасында тәжірибе мен білім алмасу алаңына айналды.
Семинарды Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің профессоры Даниэль Эрнандес-Торрано ашты. Ол Қазақстандағы студенттердің психикалық саулығы бойынша зерттеу нәтижелерін таныстырды. Зерттеу көрсеткендей, студенттердің көпшілігі өміріне жоғары қанағаттану деңгейін білдіргенімен, респонденттердің едәуір бөлігі мазасыздық пен күйзелісті бастан кешіруде.
Astana IT University профессорының ассистенті Арстан Сатанов Қазақстандағы балалардың өмір сапасын бақылау және жақсарту мақсатында әзірленген Балалардың әл-ауқаты индексі туралы баяндама жасады. Ал Назарбаев Университетінің профессоры Нурин Дуррани мен постдокторант Жадыра Махметова төтенше жағдайлардың, әсіресе COVID-19 пандемиясының, мектеп оқушыларының әл-ауқатына әсері жөніндегі зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Семинарды ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы бала құқықтарын мониторингтеу және бағалау жөніндегі жетекшісі Раушан Ибрашева қорытындылады. Ол бала құқықтарын бағалаудың халықаралық стандарттары мен мемлекеттік органдармен бірлескен болашақ жобалар туралы айтты.
Семинар Қазақстан жастарының әл-ауқатын зерттеу мен қамтамасыз етуде кешенді тәсілдің маңыздылығын атап өтті.