Баспасөз хабарламалары
Қазақстан: жастар және әлеуметтік бастамалар арқылы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Қазақстан: жастар және әлеуметтік бастамалар арқылы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Казахстан: новый этап международного сотрудничества через молодежные и социальные инициативы

Қазақстан: жастар және әлеуметтік бастамалар арқылы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

2024 жыл Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының халықаралық ынтымақтастығы үшін маңызды жылға айналды. Елде Орталық Азия және ТМД мемлекеттерімен өзара әрекеттестікті нығайтуға бағытталған бірнеше бастама жүзеге асырылуда. Халықаралық форумдар мен жобаларға қатысу арқылы Қазақстанның азаматтық қоғам өкілдері азаматтық қоғамды дамыту, жастар саясаты және волонтерлік қызмет салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге үлес қосуда.

Жасыл экономика: тұрақты болашақтың негізі

2024 жылдың 15 қарашасында «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының атынан Әшім Ақтоты Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен «Жасыл экономика — 2024» аймақтық форумына қатысты. Форумда 1500-ден астам қатысушы жасыл энергетика, тұрақты туризм және қалдықтарды басқару мәселелерін талқылады.

Қазақстан жасыл экономика саласындағы жастар стартаптарын қолдауға бағытталған бастамаларын ұсынды. Бұл ұсыныстар халықаралық серіктестердің, соның ішінде USAID-тің жоғары бағасына ие болды. Форум барысында Қырғызстанның білім беру және экологиялық ағартуға бағытталған ұйымдарымен меморандумдарға қол қойылды.

Су дипломатиясы және жастар

2024 жылдың 30–31 қазанында Ташкентте өткен «EU - Central Asia Young Leaders` Conference» конференциясында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Астана қалалық филиалы атынан Қайдарова Торғын сөз сөйледі. Конференцияның басты тақырыбы – жастарды, әйелдерді және азаматтық қоғамды тарту арқылы су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдерін талқылау болды.

Торғын өз сөзінде экономика, әлеуметтану және халықаралық қатынастар сияқты әртүрлі салаларды қамтитын пәнаралық шешімдердің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, сапар барысында Өзбекстанның мәдени және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Әлеуметтік жұмыс: ТМД елдерімен тәжірибе алмасу

2024 жылдың 18 қарашасында Тәжікстанның астанасында өткен әлеуметтік жұмыс саласындағы заманауи мәселелерге арналған конференцияға Қазақстан атынан Білімді орнықты дамыту қорының өкілі Берікқожа Серікбол қатысты. Ол өз баяндамасында ауыл мектептерін дамыту мәселесін көтеріп, аймақтық тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Сапар барысында жергілікті үкіметтік емес ұйымдармен білім беру және әлеуметтік жобаларды дамытуға бағытталған меморандумдарға қол қойылды.

Сонымен қатар, Әзербайжанға азаматтық қоғам мен жастарды дамыту мәселелерін талқылауға арналған арнайы сапар жоспарлануда.

Жастар – өзгерістердің қозғаушы күші

Барлық осы бастамалар жастарды өңірдің тұрақты дамуының негізгі ресурсы ретінде қарастыруға негізделген. Қазақстан азаматтық бастамаларды қолдау, халықаралық форумдарға қатысу және реформаларды ілгерілету арқылы халықаралық байланыстарды белсенді нығайтып келеді.

02.12.2024

Возврат к списку