Шу ауданының «Жастар ресурстық орталығы» жастарға арналған «Дельта-долина» ауданаралық есірткіге қарсы күрес бөліміне экскурсия ұйымдастырды
Өткен аптада біздің елімізде нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы халықаралық күн атап өтілді. Егер осы күннің тарихына жүгінетін болсақ, оны БҰҰ Бас ассамблеясы 1987 жылы 7 желтоқсанда енгізді.
Аталмыш мәселе жалғыз біздің ғана емес, әлемдегі алпауыт елдердің күйіп тұрған мәселесі. Себебі нашақорлықтың қаупі денсаулықтан бөлек, тұтас елдің экономикасына, демографиялық дамуына едәуір шідер салып, әлеуметтік және саяси ортаны криминализациялау үдерісіне ұшыратады.
Бүгінде бірнеше түрі қолданысқа төте жолмен еніп, талайлардың болашағына балта шауып отырған бұл дертпен біздің еліміз ерекше күресіп келеді. Соған қарамастан бұған тәуелді әрі пайда тауып отырған жандардың қатары сиремей отыр. Алайда, есірткіге қарсы іс-қимылды тоқтатуға әсте болмайды.
Әсіресе, жасөспірімдермен жұмыс үздіксіз жүргізілгені жөн. Осыны ескерген Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” мекемесі мәнді шара ұйымдастырған бола- тын. Олар атаулы күнге орай аудан жастарын «Дельта-долина» ауданаралық есірткіге қарсы күрес бөліміне апарып, тәртіп сақшыларының жұмысымен таныстырды.
Жамбыл облысы полиция департаменті АЕҚҚІБ-нің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Темірлан Батырхан жастарды қарсы алып, оларға жұмыс құралдарын, қызметтік көліктерін көрсетті. Сонымен қатар ашық есік күніне келушілердің қызықтырған сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысын- да жастарға есірткінің зияны туралы насихат жұмыстары жүргізілгенін атап өткен жөн.