Жаңалықтар
Шу ауданында нашақорлыққа қарсы кіші футболдан турнир ұйымдастырылды

Шу ауданында нашақорлыққа қарсы кіші футболдан турнир ұйымдастырылды

В Шуском районе был организован юношеский футбольный турнир ко Дню борьбы против наркомании

Шу ауданында нашақорлыққа қарсы кіші футболдан турнир ұйымдастырылды

Шу ауданында өткен аптаның ортасында ғасыр дертіне баланған нашақорлыққа қарсы ұран көтерген кіші футболдан турнир ұйымдастырылды. Аталған шараны жергілікті әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күніне орай өткізіп отыр.
«Есірткісіз болашақ – нұрлы болашақ» тақырыбын тұздық еткен турнирге ауданымыздан 14 команда қатысып, бақ сынаған. Аудан орталығындағы С.Хасенов атындағы стадионда өткен дода өте тартысты өтті. Өйткені жүлдеден гөрі жүйрік атануға тырысқан спортшылар бұл бәсекеде барын салды.
Ең әуелі турнирге қатысушыларға аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сәттілік тілеп, ақжарма тілегін арнады.
Нашақорлық және есірткі бизнесі біздің ғана емес, әлем елдерінің күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселесі. Бұл бағытта мемлекетіміз ымырасыз күрес жүргізіп, бақылауды күшейтіп отыр. Десе де ғасыр дертімен шұғылданып, отандастарға орасан зор зиян тигізушілер тыйылар емес. Сондықтан ортақ күреске қоғам, әсіресе, жастар күш қосуы қажет. Ол күрес салауатты өмір салтын ұстанып, жастар арасында спортпен шұғылдануды дамытумен болады. Бүгінгі турнирге қатысуға ниет танытқандарыңыз үшін алғыс білдіріп, баршаңызға сәттілік тілеймін, -деді Найман Кенжеханұлы.
Күннің ыстық райына қарамастан теңбіл доп турнирінде «Liver» командасы дараланса, «Қорағаты» командасы күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ «Қайрат» үздік үштікті түйіндеп, соңына Еңбекші ауылының жастарын ертті. Дәстүр бойынша турнирдің үздіктері анықталып, үздік қақпашы ретінде Ерасыл Ерлан танылды. Темірлан Сейділдә үздік қорғаушы атанса, Ахметжан Досымның шабуылына жұртшылық тәнті болды. Жарыстың жүлдегелеріне аудандық ЖРО арнайы бағалы сыйлықтар мен марапат қағаздарын табыстады. Марапаттау рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев жеңімпаздарды құттықтаған болатын.
11.07.2024

Возврат к списку