Жаңалықтар
Жас отбасын жарылқайтын жоба

Жас отбасын жарылқайтын жоба

Жас отбасын жарылқайтын жоба

Жас отбасын жарылқайтын жоба

Жастарды қолдау мақсатында кейінгі бірнеше жыл бедерінде өңірде көптеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе ғылым мен кәсіпкерлікке бет бұрған жас толқынға жергілікті атқарушы билік тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық аз емес. Түрлі грантқа қол жеткізіп, қолдаудан қуат алып жүрген жастар да жаңа жобаларын жүзеге асырып, табыс тауып жүр. 

Бірнеше жыл бұрын жергілікті жастар мен атқарушы билік қолға алған «Әулиеата жастары» қанатқақты жобасы Мағжан Жұмабаев сенген жаңа толқынның баспаналы болуына мүмкіндік туғызды. Өңірлік тұрғын үй бағдарламасы аясында жергілікті таланттар жеңілдетілген несие есебінен пәтер алу мүмкіндігін иеленді. Баянды бастаманың шарапатын көргендер қарасы қалың.

Жергілікті билік пен «Отбасы банктің» бірлесіп іске асырған жобасы 2022 жылдың өзінде айтарлықтай нәтиже беріп, қазынадан қарастырылған 500 миллион теңге 41 жастың баспаналы болуына сеп болған еді. Бұл жұмыс былтыр да жалғасын тапты. Нәтижесінде, «Әулиеата жастары» арқылы пәтерлі болуға талпынған жастардың саны көбейді.

Өткен жылдың аяқ тұсында «Жамбыл облысында «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы тоқтайды. Өйткені жергілікті атқарушы билік бастаманы қолдаудан бас тартып отыр екен» деген әңгіме желдей ескен болатын. Әр салада жемісті еңбек етіп жүрген жалынды жастар гу-гу әңгімеге сене бастағандай еді.

Жыл соңында БАҚ өкілдерімен кездескен өңір басшысы Ербол Қарашөкеев баян­ды бас­таманы әрі қарай жалғастырудың барлық тетігі қарастырылып жатқанын, жолай кездескен кейбір кедергіні жоюда нақты жұмыстар атқарылатынын тілге тиек еткен еді. Нәтижесі жаман емес. Жергілікті билік сөзінде тұрған секілді.

«Бұл жобаны біздің өңір республика көлемінде екінші болып жүзеге асырғанын жастардың бәрі біледі. Қанатқақты жобаның арқасында өңірдің «сен тұр, мен атайын» деу­ге лайық білікті жастарының бір парасы бас­па­налы болды.

2022 жылы басталған бастама биыл да жалғасын табады. Өйткені басшылық тарапынан қолдау бар. Бір сөзбен айтқанда, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген өңір жастары бағдарлама арқылы биыл да үйлі бола алады. Қысқасы, жастардың тұрғын үймен қамтылуы мақсатында қолға алынған жоба тоқтамайды», дейді облыс әкімдігі жас­тар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.

Сан салада жемісті еңбек етіп жүрген жастарды қамтитын бағдарламаға алғашқы жылы журналистер қауымы енбей қалған болатын. Өткен жылы бірнеше әріптесіміз пәтер кілтін қолына алып, қоныс тойын тойлағаны есмізде. Жауапты басқарма басшылары «жегені жантақ, арқалағаны алтын» саналатын журналистерді назардан тыс қалдырмағаны да шын қуантқан еді.

«Расында да, «Әулиеата жастары» бағ­дарламасы замандастарымызға тамаша мүмкіндік тарту еткені анық. Мәселен, өткен жылы аталған жоба аясында тұрғын үймен қамтылған жастардың санын арттыруға басымдық берілді. Енді нақты деректі сөй­летейік.

2022 жылы жоба аясында 41 жас отбасы пәтерлі болса, былтыр 144 маман бас­пана кілтін алды. Осылайша, бас­паналы болғандардың саны алғашқы жылмен салыстырғанда бірнеше есе артты. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард, «Отбасы банк» АҚ тарапынан 1 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырыл­ған еді.

Дәл осы «Әулиеата жастары» жобасы арқылы осы жылы 130-дан астам жасты баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырған жайымыз бар. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге қаражат бөлінсе, «Отбасы банк» АҚ тағы 1 миллиард теңге қарастыруға бел буып отыр. Қысқасы, жеңілдетілген несие есебінен тағы да ондаған замандасымыз пәтерге ие болмақ», дейді Ж.Зұлпыхар мәселенің мәнісін түсіндіріп.

Шынында да, «Әулиеата жастары» қанат­қақты жобасына үміт артқан жас отбасы аз емес. Олардың барлығы да жеңілдетілген ­несие есебінен пәтер алғысы келеді. Сол тұрғыдан алғанда жобаның биыл да жалғасын тауып жатқаны – құптарлық қадам. 

Дереккөз: https://egemen.kz/article/362097-zhas-otbasyn-dgarylqaytyn-dgoba

15.04.2024

Возврат к списку