Жаңалықтар
Жастар жаңалықтарының дайджесті

Жастар жаңалықтарының дайджесті

Новостной дайждест для молодежи

Жастар жаңалықтарының дайджесті

 1. Еліміздің белсенді жастары «Бір Ел» тарихи-ағартушылық жобасында бас қосты. Аталған жоба өткен жылы ұлт ұясы Ұлытау төрінен бастау алып, биыл киелі Түркістан облысында жалғасты. Жобаға қатысушылар үшін әуелі тарихи жерлерге көшпелі экспедиция ұйымдастырылды. Шара аясында жастардың білім көкжиегін кеңейтетін пікірталастар, көшбасшылық қабілеттерін арттыратын шеберлік сабақтары мен интеллектуалды ойындар өткізілді.

 2. Қазақстан боксшылары Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында төрт алтын медаль жеңіп алды. Ерлер арасындағы құрлық біріншілігінде Бақтияр Анарбаев (60 келі), Төрехан Сабырхан (63,5 келі), Ислам Советов (71 келі) және Иван Ермоленко (92 келі) жеңімпаз атанды. Финалда тағы үш қазақстандық боксшы өнер көрсетті. Алайда олар ақтық сында сүрінді. Осылайша, Бексұлтан Боранбек (48 келі), Дәулет Төлемісов (80 келі) және Виктор Литвинов (86 келі) турнирді күміс медальмен аяқтады.

 3. Канаданың Лаваль қаласында шорт-тректен өткен төрт құрлық чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы үздік үштікке ілікті. Қазақстандық қыздар 3 мың метрлік эстафета жарысында 4:16.200 нәтижемен мәре сызығын үшінші болып қиды. Ел намысын Яна Хан, Мәлика Ермек, Алина Әжіғалиева, Мәдина Жанбосынова және Ольга Тихонова қорғады.

 4. Жастарға жеңілдетілген микрокредит берілетін болды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Биыл "Аграрлық несие корпорациясы" акционерлік қоғамына кәсіпкерлік бастамаларын іске асыру үшін микрокредит алуға 7,3 мың өтініш түскен. Бұл микрокредит жастардың жобасына арналған, жылдық мөлшерлемесі 2,5%. Биыл жалпы 5 796 жеңілдетілген микрокредит беру жоспарланған. Қазірдің өзінде 5 205 жоба мақұлданды.

 5. «Жастар рухы» жастар қанатының ШҚО филиалы мен ШҚО ПД нашақорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен «Есірткіге жол жоқ!» акциясы өтті. Акция аясында  «Studentter Uii» студенттік жатақханаларында есірткінің зияны, интернеттегі алаяқтық, құқық бұзушылық туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

 6. Түркістандық жастар Түркияда білім алады. Бұл туралы рухани шаһарда басталған «Қазақстан - Түркия жастар көпірі» атты шараның ашылуында  айтылды. Жергілікті билік Түркия Республикасының Мәрмара университетінмен екіжақты келісімге келді. Бұл мақсатқа Түркістан облысы биыл 35 грант бөліп отыр. Студенттер түрік елінде медицина және IT мамандықтары бойынша білім алады. Қазақ-түрік жастарының бірлігін нығайтуға арналған шараға Түркиядан 20 делегат пен еліміздегі жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Олар білім, ғылым және мәдениет саласынан бөлек, креативті индустрия, жаңа технология және ұлттық бренд сияқты тақырыптарды талқылады.


15.11.2023

Возврат к списку