Жаңалықтар
Қазақстан бойынша 94 мыңнан астам адам онлайн платформа арқылы курс оқыды

Қазақстан бойынша 94 мыңнан астам адам онлайн платформа арқылы курс оқыды

Қазақстан бойынша 94 мыңнан астам адам онлайн платформа арқылы курс оқыды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан бойынша 94,5 мың азамат, оның ішінде 19,5 мың жұмыссыз адам онлайн платформа арқылы курстан өтіп, сертификат алды, деп хабарлайды ҚахАқпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, skills.enbek.kz онлайн кәсіптік оқыту платформасы өткен жылғы шілдеде іске қосылған. Оған жалпы 126,9 мың тұрғын тіркелсе, соның 113,4 мыңы биыл қосылған. Барлығы 94,5 мың азамат, оның ішінде 19,5 мың жұмыссыз адам курстан өткені туралы сертификат алды. Онлайн оқыған жұмыссыздардың 6 мыңы – негізінен Алматы, Қызылорда, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласы жастары.

Платформада әртүрлі бағыт бойынша 151 курс жарияланған, оның 97-сі тегін. Курстардың ұзақтығы – 1 сағаттан 72 сағатқа дейін. Ең танымал курстар – «Сүтті мал шаруашылығы», «Персоналды басқару», «А-дан Я-ға дейін құлпынай өсіру», «Кассир» және «Ұннан жасалған кондитер өнімдері, жіктелуі және дайындалу технологиясы».

Аталған платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.

Білім алушы оқудың қолайлы қарқыны мен тілін, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады. Ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін интерфейсті бейімдеу мүмкіндігі бар.

Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау. Бұл сертификат Электронды еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz арқылы алынған сертификаттарды көре алады.

Биылғы наурыздан бастап платформада қолданыстағы функционал оңтайландырылып, жаңа сервистер іске қосылған. Атап айтқанда, курстарды іздеу жетілдірілді, сабақтардың түсінікті құрылымы жасалды, оқу процесін бақылау және курс авторларымен жылдам өзара әрекеттесу мүмкіндігі пайда болды.

Курс авторлары үшін ыңғайлы сабақ құрастырушы қолжетімді, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарау, сертификаттардың әртүрлі дизайны қарастырылған, сонымен қатар оқу құнын алдын ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор бар.

Авторлар мен әзірлеушілерге арналған платформада онлайн курстарды орналастыру тегін. Курстар мемлекеттік және орыс тілінде орналастырылуы мүмкін, ақпарат берудің әртүрлі форматтары: мәтін, презентация, бейне және аудио материалдар, инфографика және басқа түрлері болуға тиіс.

Айта кетейік, оқуға тікелей https://skills.enbek.kz сілтемесі немесе Электрондық еңбек биржасындағы (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.

22.09.2022

Возврат к списку