Нұр-Сұлтан қаласында «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы жастар қанатының "Auyl make" жобасының тұсаукесері өтті. Бұл іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айтылған “100 мың жасты жұмыспен қамту” бастамасын жүзеге асыру бағытында ұйымдастырылды. Іс – шараға «Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті сенатының депутаты Әли Бектаев, орталық аппарат жетекшілері, жастар қанатының көшбасшылары мен белсенді жастар қатысты.
«Жастар қызметкерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі» 2019 жылдан бері жастарды әлеуметтендіру бағытында бірнеше жобаларды іске асыруда. "Auyl make" - осы жобалардың аясында жүзеге асырылатын жаңа бағыттардың бірі. Жоба жетекшілерінің бірі, «Ауыл» партиясы жастар қанаты төрағасының орынбасары Дәурен Рахымбектің айтуынша, 1 қыркүйекте Президентіміз Қасым –Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында еліміз бойынша 100 мың жасты жұмыспен қамту және жас кәсіпкерлерге 2.5 % несие беру туралы бастамасы жастар арасында әсіресе, ауыл жастары арасында үлкен қолдау тауып жатыр. "Ауыл" партиясы жастар қанаты мен «Жастар қызметкерлері қоғамдық бірлестігінің» "Auyl make" жобасы Президенттің осындай маңызды бастамасын жүзеге асырудың ауыл жастары арасында тиімді алғышартын қалыптастыруға бағытталған.
"Auyl make" жобасы ауылдардағы және қалаға ауылдық жерлерден келген 18-29 жас аралығындағы жастарды қамтиды. Оның басты мақсаты: жастарды әлеуметтендіру және елдің қоғамдық-саяси өміріне тарту, белсенді өмірлік және азаматтық ұстанымды қалыптастыру. Ең бастысы - жастарды білім алу, жұмысқа орналасу , лайықты еңбек ету, белгілі бір бизнес жобаларды жоспарлау мен іске асыру дағдыларына оқытуды ұйымдастыру және жүзеге асыру.
Жиын барысында «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев партия басшылығының және жастар қанатының қазіргі жастарға өте қажетті жобаны қолға алып жатқанын атап өтті. Партия төрағасы өз сөзінде «Ауылдық жерлерде қаншама жастарымыз бар. Солардың ішінде мыңдаған жас іні – қарындастарымыз жыл сайын білім қуып қалалық жерлерге келеді. Олардың әлеуметтік және психологиялық тұрғыдан қаладағы жаңа ортаға бейімделіп кетуі өте өзекті мәселе. Әсіресе ауыл жастарының елімізде қолға алынып жатқан жастарды қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысуын қамтамасыз ету аса қажетті бастама деп білемін. Бүгінгі "Auyl make" жобасы Президентіміз айқындап берген «100 мың жасты жұмыспен қамту» міндетін жүзеге асыру үшін маңызы зор кешенді жоба деп білемін. Біз саяси партия ретінде өңірлердегі филиалдарымыз арқылы, партиямыздың жастар қанатының қатысуымен бұл жобаның лайықты деңгейде жүзеге асырылуына күш жұмсайтын боламыз. «Ауыл» партиясы ауыл жастарының білімін жетілдіріп, бизнес бастауға, еңбектенуге қажетті дағдыларды меңгеруіне мүдделіміз» деді. Партия төрағасының айтуынша Президент тапсырмасы бойынша жас кәсіпкерлерге берілетін 2,5 пайыздық несие – үлкен мүмкіндік. Қазіргі таңда бизнестің ешбір саласына мұндай шарт жоқ. Мемлекеттік қолдау алып отырған несие бағдарламаларының өзінде сыйақы мөлшері 4 пен 6 пайыз арасында. Сондықтан қазірден бастап жастарды соған дайындау, бизнес-жоспар әзірлеуге үйрету аса маңызды. «Ауыл мейк» жобасы осы бағытта өнімді жұмыс атқарып, жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша ауыл жастарының көбірек қамтылуын басты меже етіп белгілеуі керек.
Тұсаукесер барысында «Ауыл» партиясы жастар қанатының жетекшілері "Auyl make" жобасының негізгі бағыттарымен таныстырып, оның жүзеге асырылу жоспары бойынша мағлұмат берді. «Ауыл» партиясы жастар қанатының өңірлік филиалдардағы белсенділері де жиынға онлайн режимде қосылып, өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.
«Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті сенатының депутаты Әли Бектаев партияның жастар саясатына қатысты бағдарламалық бағыттарын түсіндіріп, жастардың сұрақтарына жауап берді.