Жаңалықтар
Made in KZ музыкасын қолдайтын уақыт жетті

Made in KZ музыкасын қолдайтын уақыт жетті

Made in KZ музыкасын қолдайтын уақыт жетті

Made in KZ музыкасын қолдайтын уақыт жетті

Алматыда заманауи қазақстандық музыканың алғашқы ауқымды фестивалі өтеді. Фестиваль ((beu fest)) деп аталады. Алғаш рет бір алаңда жаңа толқынның ең жарқын өкілдері бас қосып, өнер көрсетеді. Пандемия кезіндегі оқшау өмірдің өзінде жас таланттар шығармашылық өнерін өркендетіп жатты. Бұл фестивальдің басқа өнер жәрмеңкесінен ерекшелігі – әртүрлі стиль мен жанрда ән айтатын түрлі бағыттағы қазақстандық жас музыканттардың басын бір алаңда біріктіру.

Фестивальде әртүрлі музыкалық бағыттар: хип-хоп, поп және инди шырқалады. Мұндай стильдегі музыканы сүйетін жастар кумирін сырттан іздемейді. Олардың таңдауы – қазақстандық таланттар, отандық музыканттар. Себебі бүгінгі жас әншілер туралы қоғамда қайшылықты көзқарас болғанымен, жаңа толқынның ән мә­ті­нінде тазалық, әділдік, адалдық бар. Олар ашық. Шығармашылығы шын­дыққа тұнып тұр. Қоғамның кемшілігін, келеңсіздікті, ұнамсыз қырын ашық мәтінмен айта алады. Жаны жалғандыққа былғана қоймаған жастардың олардың әндеріне елітіп, ессіз табынатын себебі де сол. Ал жастардың жүрегін бүгінде кімдер баурап алып отыр?

((beu fest)) алаңы қазіргі заманның ең үздік және ерекше әртістерін жинады: Ninety One, The Limba, Yenlik, Moldanazar, 104, Ulukmanapo, Raim, Darkhan Juzz, Taspay, jeltoksan, Hey Monro, Kalifarniya, Alpha, Marhaba Sabi, ARO, abdr., JETI, Qonyratbay Fam, dudeontheguitar, Ato Woody, Rauana.

Рас, бұл орындаушылар мен шығар­машылық топтардың әндерін жастар қабылдағанымен, қоғам тарапынан, жиі сынға ұшырайды. Көркемдік сапасы өткен уақыттың биік деңгейімен үйлесім таба алмаса да, бастысы, бұл орындаушылар Отанды сүюді дәріптейді. Фестиваль қарсаңында өткен баспасөз мәслихатында: «((вeu fest)) Алматыда өткізудің өзіндік мәні бар. Фестивальде өнер көрсететін музыканттар осында, отанында танымал болды. Біздің таланттарды сырттағы жетістіктерден кейін емес, елде тану маңызды. Сонымен қа­тар Алматы – талғам мен тренд қалып­тасатын мегаполис. Өнердің бар­лық түріндегі жаңа бағытты, әсіресе жас­тар музыкасындағы соңғы сәнді стиль­ді қашаннан Алматы белгілейді. Әртіс­теріміздің шығармашылығын сүю және құрметтеу – керемет! Осы орайда фестивальдің музыкалық серіктестігі туралы айта кеткім келеді. Ол Аitu Музы­ка жаңа стримингтік қызметі бар Аitu суперқосымшасы», дейді бас продюсер Жаннұр Айдарбекова.

Бүгінгі жастар сүйіп тыңдайтын үздік әндерді таратып отырған шығар­машылық топтар мен жекелеген әншілер бағытының бөлек болғанына қарамастан бір алаңда кездесуге бірден келісім берген. Бұл алаңда өз тыңдаушыларын қалыптастырған танымал топтар да, онлайн алаңда 3-4 млн қаралым жинайтын есімі енді танылған жас әншілер де бар. Сондай-ақ ең танымал 22 өнерлі топ қатысатын фестивальде қа­зақ­стандықтарға есімі жақсы таныс Қыр­ғызстан мен Өзбекстан орындаушылары да өнер көрсетеді.

2015 жылдан бері қазақ тіліндегі музыканы дамыту идеясын алға тартып келе жатқан Zaq есімімен танымал Ninety One тобының мүшесі Дулат Мұхаметқалиев фестивальдің ашылуын асыға күтеді. «Идея бізге бірден ұнады. Біз жергілікті Made in KZ музыкасын қолдау басталатын уақытты көптен күттік. Қазақстандық музыка индустриясы қарқынды дамып келеді. Біз осындай айтулы оқиғаның бір бөлігі болуға қуаныштымыз», дейді Zaq.              

Әрбір әртістің стилі мен хитте­рі белгілі, олар әрбір екінші қазақстан­дыққа, сондай-ақ ТМД-дан тыс жерге де танымал. Фестивальдің креативті продюсері және õzen музыкалық лейб­лінің негізін қалаушы Айзат Құсайынов. «((beu fest)) отандық музыка сахнасының бүгінгі ахуалын көрсетуге арналған. Кішкентай клубтар мен тар шеңбердегі танымалдылықтан бастап стадиондарда өнер көрсетуге және әлемдік хиттер­ге дейін біздің әртістеріміздің жүріп өт­кен үлкен жолын көрсетеді. Сондай-ақ фестиваль бірнеше жанрлар мен ел­­дер­дің өкілдерін біріктіре отырып, қа­­зақ мәдениетінің көпқырлылығы мен ізгі ниетін көрсетеді», дейді Айзат Құсайынов.

Сапалы дыбыс, жоғары техникалық драйв, кәсіби қойылған жарықпен өтетін музыкалық шоу жаппай ән айту­ға шақыратын ауқымды караокеге де ұласпақ. Фестивальде дыбысқа, музыкаға көбірек мән беріліп отырғандықтан, ұйымдастырушылар басқаларға үлгі ету мақсатымен өнер көрсететін жастарды жанды дауыста ән айтуға шақырып отыр.

Үш жылға жуық күрделі кезеңді бас­тан өткерген Алматы халқына көңілді демалыс ұйымдастырып, оның ахуалын жаңа музыка лебімен жақсарта түсуді мұрат тұтқан фестиваль осы уақыт ара­лы­ғында музыка әлемінде пай­да болған барлық жаңалықты: жарқы­раған жаңа есімдер, жазылған жаңа әндер, жаңа бағытты көпшілікке бір мезгілде таныстыруды көздейді. Осы ерекшелігін баса айтқан фестивальдің режиссері Айгүл Ақсамбиева жаңа жоба болғандықтан ауқымды шараға бұрынғы фестивальдердің ескі талабымен қарай алмайтындарын айтты. Бастысы, әртіс пен оның көрермені арасында ешқандай кедергінің болмауы көзделіп отыр. Себебі орындалатын әр әннің өз философиясы, арқалайтын жүгі бар. Сондықтан бағдарлама бұрыннан таныс стандарттан ауытқиды. Тек музыка мен сапалы дыбыс – заманауи әртістер жақсы көретін шығармашылық минимализге бағындырылмақ. Сапалы акустикасымен белгілі, 7000 көрерменді қамтитын «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенінде өтетін фестивальдің билет құны – 7000-10000 теңге аралығында.

Қазақстанның музыка әлемінде жаңа, жас, еркін бағыттың екпін алып, қанат жаюына қолдау білдірген ұйым­дастырушылар соны пішіндегі фес­тивальді жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.

egemen.kz
06.06.2022

Возврат к списку