Жас ғалымдар елордаға мақта егіп көрді

Жас ғалымдар елордаға мақта егіп көрді

Жас ғалымдар елордаға мақта егіп көрді

Жас ғалымдар елордаға мақта егіп көрді

Алдағы жылдары Арқа төсінде мақта алқаптары пайда болса, таңғалмаңыз.

Елордалық жас ғалымдар еліміздің оңтүстігінде ғана өсетін «ақ алтынды» тәжірибе жүзінде астанаға да егіп көрді. Көл-көсір өнім бермесе де, алғашқы нәтиже жаман емес. Елордада өткен «Ғылым – ғажайып әлем» атты жетістіктер көрмесінде оқушылар осындай жаңалықтарымен бөлісті.

Солтүстіктің топырағы оңтүстіктікіндей емес, мақта жерсінбеуі мүмкін. Сондықтан Назым, ең алдымен, мектеп ауласындағы алқапты дайындап алды. Көп күттірген жоқ, мақта кәдімгідей өскін беріп, гүл жарған. «Бірақ астананың небәрі үш айға созылатын жазы мақтаның өсіп-жетілуіне аздық етеді», – дейді. Сол үшін былтыр күз түскенде дереу қазып алып, жылыжайға ауыстырыпты.

Назым Тұрсынбай, жас ғалым:

- Мақта гүл жарып, кәдімгідей өсті. Мақтаның өнімі көріне бастады. Кейін күн суытқан соң, біз оны жылыжайға отырғыздық. Осы жазда мектеп ауласына отырғызып, мақта аламыз деген ойдамыз.

Ал Әминаның ойлап тапқан жаңалығы жоқтан бар жасауды үйретеді. Кәдімгі кальций хлоридін отқа жағып, май шамның орнына қолдануға болады екен.

Әмина Жакенова, жас ғалым:

- Әр тәжірибенің бір пайдасы болады. Мысалы, жорыққа немесе тауға шыққанда, кальций глюконатын жақсақ, от шығады. Осылайша, біз ағашты бекерге құртпаймыз.

Ғаждембек Тұрсынов, «Астана дарыны» орталығының директоры:

- Зертханалар осындай жас ғалымдарды өз қарамағына алып, балаға жобасын одан әрі дамытуына себепкер болады. Болашақта олар үлкен ғалым болатын шығар.

Бүгін – Ғылым қызметкерлерінің күні. Креативті бастамаға толы көрме осы атаулы күнге орай алғаш өткізіліп отыр. Қатысушы балалардың бәрі – ғылыми сайыстардың жеңімпазы. Ұйымдастырушылар: «Ғылыммен айналысамын дейтін жастар көп», – дейді, тек біздің елде оларға бағыт-бағдар беру, қолдау кемшін түсіп жататынын жасырмайды.

Шынар Асанқызы, Әлібек Әлиев

khabar.kz

13.04.2022

Возврат к списку