Мектеп оқушыларына арналған «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру порталы жаңа видео-сабақтармен толықты
«Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 2020 жылғы қазан айында іске қосылған. Сол уақыттан бері оқушылар madeni-m.kz сайтында музыкалық өнер, театр өнері, киноматография, бейнелеу өнері және Қасиетті Қазақстан атты 5 бағыт бойынша қазақ және орыс тіліндегі видео-дәрістерді еркін тыңдап келеді.
Әрбір бейне-дәріс ұзақтығы 10-15 минуттан тұратын ыңғайлы қысқаша онлайн-форматта 1-11 сыныптарының оқушылары үшін әзірленген.
Жобаның мақсаты – бәсекеге қабілетті қазақстандық оқушылардың мәдени-адамгершілік қасиеттерін дамыту. Балалар мен жастарды көркем мәдениет пен өнерді зерттеуге қызықтыру, талабын ояту. Оқушыларды ұлттық мәдени құндылықтарды игеруге ынталандыру және өскелең ұрпақты мәдени жетілдіру.
2021-2022 оқу жылының III тоқсанында «Ұлы тұлғалар. Мерейтойлық күнтізбе» - «Великие личности. Календарь знаменательных и юбилейных дат» жаңа бағыты бойынша видео - дәрістер порталға енгізілді. Бұл бағытта оқушылар үшін еліміздің дамуына зор үлес қосқан көрнекті тұлғалардың айтулы және мерейтойлық күндеріне арналған видеосабақтар бар.
Сонымен қатар, қыш, киіз, қолданбалы өнер, зергерлік бұйымдар жасау бойынша шеберлік сыныптары да порталға орналастырылған.
Жыл басынан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бағынысты ұйымдары қызметкерлерінің, шығармашылық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылық құрамының қатысуымен сабақтардың видеотүсірілімі жүргізіліп келеді.
Жобаға Қазақстанның Халық артисі Гаухар Мырзабекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Әбділманов, Толқын Зәбирова, Әділ Ахметов, Қазақстан киносыншылары ассоциациясының президенті Гүлнара Әбікеева, профессор, Қазақстанның суретшілер одағының мүшесі Ольга Батурина және мәдениет пен өнердің басқа да өкілдері қатысқан.
Президент 2022 жылды – балалар жылы, деп жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде балалардың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз, - деп баса айтқан болатын. Мәнді мәдениет пен өнегелі өнерді бойына сіңірген жас ұрпақты тәрбиелеуде бұл жобаның берері мол.
Жоба жаңа білімге құштар жас ұрпаққа бағдар береді, еліміздің қажырлы азаматтарын тәрбиелеуге көмегін тигізеді және жігерлі жас жүректерді жаулап алады деген сенім бар.
«Ұлағатты ұрпақ» - бұл мектеп оқушыларының еліміздің мәдени кеңістігінде белсенді түрде тереңінен мәдени білім алуының жаңа форматы.
Құрметті жас дос! «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру порталына үйден шықпай-ақ кіріп, Қазақстанның қасиетті жерлеріне виртуалды түрде саяхаттап, опера, балет, драма өнерінің озық үлгілерін көріп, Қазақстан мен шетел кинофильмдері мен мультфильмдерін тамашалап, музыкалық шығармаларды тыңдап өзіңіздің біліміңізді дамытыңыз, рухани жетіліңіз.
«Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру порталының сайты https://madeni-m.kz
ortcom.kz