Биыл «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша Отбасы банкі арқылы 900 пәтер мақұлданды. Бұл туралы брифинг барысында қалалық тұрғын үй саясаты басқарма басшысының орынбасары Ермек Әміров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру туралы еске салды. Бағдарламаның арқасында алғашқы немесе қайталама нарықта тиімді 5%-бен, 10 пайыздық бастапқы жарнамен пәтер сатып алуға болады. Несиенің максималды сомасы – 18 млн теңге. Несиелеу мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін»,- дейді спикер.
Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі жастар кіреді. Олар медицина қызметкерлері, мұғалімдер, ЖОО мен ҒЗИ оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының мамандары, журналистер, жазушылар, Халықты әлеуметтік қорғау және құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
Өтінімді https://almaty-jastary.info сайтында беруге болады.
«Бұл бағдарламаға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бастамашы болды. Биыл «Алматы жастары» бағдарламасы арқасында Отбасы банкі арқылы 900 пәтер мақұлданды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Ермек Әміров.
Спикердің сөзінше, бағдарлама үлкен сұранысқа ие, сондықтан оны іске асыру 2022 жылы да жалғасатын болады.