Жаңалықтар
«Қазақстан жастары – 2021» ұлттық баяндамасында жастардың проблемалары мен қажеттіліктері айқындалды

«Қазақстан жастары – 2021» ұлттық баяндамасында жастардың проблемалары мен қажеттіліктері айқындалды

В Национальном докладе «Молодежь Казахстана – 2021» актуализируются проблемы современной молодежи

«Қазақстан жастары – 2021» ұлттық баяндамасында жастардың проблемалары мен қажеттіліктері айқындалды

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің көмегімен «Қазақстан жастары – 2021» ұлттық баяндамасының жобасын талқылау отырысын өткізді. Сарапшылар кездесуіне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, жастар ұйымдары мен ресурстық орталықтардың өкілдері, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының, «Қоғамдық пікір» институтының, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жетекші ғылыми қызметкерлері қатысты.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев кіріспе сөзінде биылғы Ұлттық баяндама ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында дайындалғанына назар аударды. Осы ретте жастар ортасының даму динамикасына 10-20-30 жыл бөлінісінде салыстырмалы талдау жүргізілгенін атап өтті. Әлеуметтік үрдістер мен қазіргі заманғы даму заңдылықтарына сапалы талдау жүргізу мақсатында 4 әлеуметтанулық зерттеу және эксперттік және ғылыми қоғамдастықпен талқылаулар жүргізілді.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Дана Әшімханова Ұлттық баяндаманың ғылыми авторларының бірі ретінде жастардың қоғамдық-саяси үрдістерге тартылуына сараптамалық баға берді. Жастар ортасындағы өзекті трендтерді белгіледі. Сонымен қатар бүгінгі таңда ең танымал тренд – жоғары мобильдік екендігін жеткізді. Одан кейін диджитализация мен заманауи технологияларды қолдану процестері, салауатты өмір салты және өмірдің серпінді қарқыны орналасқанын айтты.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультеті аймақтану кафедрасының доценті Жаслан Нұрбаев өз сөзінде жастарға білім берудің қолжетімділігі мен сапасына тоқталып, ең алдымен қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты атап өтті. Сондай-ақ қазіргі тенденциялар мен болашақ мамандықтар, жастардың ғылымдағы мүмкіндіктері мен болашағы туралы сөз қозғады.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Рыстина мемлекеттік жастар саясатының 30 жылдағы даму хронологиясын ұсынды. Ағымдағы жылы мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың жаңа кезеңі басталғанын, оның ішінде жаңа заңнамалық бастамалар, жастар дамуы индексін енгізу, Жастарды қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру кіргенін атап өтті.

Өз кезегінде ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов Ұлттық баяндамамен жұмысты қорытындылай келе, қазақстандық жастардың өзекті мәселелерін шешуде мемлекеттің, ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың және жастардың өзара іс-қимылының маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында бірлескен күш-жігер ғана жаһандық дамудың заманауи сын-қатерлеріне дер кезінде жауап беруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша сарапшылар «Қазақстан жастары – 2021» ұлттық баяндамасы қазақстандық жастардың өмірінің негізгі салаларын жан-жақты талдайтын маңызды құжат және іс жүзінде жалғыз ғылыми еңбек деген ортақ пікірге келді. Баяндама авторлары жас ұрпақтың бірінші кезектегі қажеттіліктерін, сондай-ақ баяндаманың әр тарауында көрсетілген негізгі трендтерді, қызығушылықтар мен сұраныстарды анықтауға мүмкіндік беретін үлкен ғылыми жұмыс атқарды. Айта кетейік, «Жастар» ҒЗО 2013 жылдан бері жыл сайын «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын жариялап келеді.

Іс-шара санитария-эпидемиология нормаларын сақтай отырып, онлайн және офлайн режимде өтті.

10.11.2021

Возврат к списку