Жаңалықтар
Электронды темекі оқушылар арасында неге танымал?

Электронды темекі оқушылар арасында неге танымал?

Электронды темекі оқушылар арасында неге танымал?

Электронды темекі оқушылар арасында неге танымал?

Қараша айының үшінші бейсенбісі – халықаралық темекі шегуден бас тарту күні. Айтулы дата 1977 жылдан бері аталып келе жатыр. Оның мақсаты — темекіге тәуелділіктің таралуын азайтып, шылымға қарсы күресті көпке ұғындыру. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер шарында 1 млрд-тан астам адам шылым шегеді. Темекі тұтынушылар жылына 5,7 млрд дана табак өнімдерін пайдаланып, 1 млн тонна тұқыл тастайтын көрінеді. Ал, қоғам белсенділері электронды темекіге еліткен жастар денсаулығына алаңдаулы.

Қазақстанда никотині бар өнімдерге қатысты денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген техникалық регламент жобасы талқылануда. Бұл талқылау бір реттік электронды темекіні әкелуге және пайдалануға тыйым салуға байланысты. Техникалық регламент — ашық түрдегі электрондық тұтыну жүйелерін, ауыстырылатын контейнерлер мен құюға арналған ыдыстарды, сондай-ақ никотинсіз сұйықтықтарды сатуға тыйым салуды көздейді. Бүгінде электронды шылым жасөспірімдерді желіктіріп, түтінімен еліктіріп тұр. Алаңдатары сол, Вейп темекінің жарнамасы жарқырап, шылымның бұл түрі еркін сатылымда, балаға қолжетімді бағада. Сорақысы сол тәтті буға тәнті болған мектеп оқушылары мұны сәнге айналдыруда. Тіпті, кейбір темекі тұтынушылары бұл өнім адам денсаулығына зиянды емес деген болжам айтып, сәуегейлік танытып жүр. Өзгелер иісі сасық деп өкпе айтпайтын болғандықтан, сыртты былай қойғанда, оны ғимараттың ішінде, үйде шегетіндер көбейген. Бұл құтылы темекіні біреулер ермек үшін қолданса, өзгесі кәдімгі шылымды тастауға көмектеседі деген ойда. Дәрігер мамандардың пайымдауынша, электронды темекінің негізгі бөлігі ол – никотинді улы зат. Ол қанға өтіп, психологиялық тәуелділік туындатады. Адам оны шекпесе ашуланшақ болады. Жүрек-қан тамырларына әсер етеді. Жеткіншектерді хош иісімен елітіп тұрған Вейп өнімдердің де зияны ұшан теңіз екен. Құрылғының құрамында резина өндіруге арналған токсинді формальдегид атты химиялық заттар бар. Бұл қосылыстар адам ағзасына түскеннен кейін, бауырда жиналады. Ал, стиктердегі хош иістер шылым шеккеннің ғана емес, жанындағы адамдардың да ағзасында аллергия тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, өкпе мен бүйрекке зиян тигізеді. Ұзақ уақыт бұл құрылғыны пайдалану тіпті қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Құрамы белгісіз құнықтырғыш құтыдағы темекіге қатысты тыйым күшейсін деген қоғам белсенділері оны еркін саудаға шығармау керек деп шырылдап бағуда. Осы өзекті тақырыпқа қатысты Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ермек Әбілдин ZOOM конференциясы арқылы жиын өткізді. Оған медицина, СЭС, білім және полиция сынды жауапты департамент өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Ермек Әбілдиннің айтуынша, соңғы кезде электронды темекіге қатысты ата -аналар шағымы жиілеген:

Бүгінде электронды темекілер бұл — Альп, Эйкос, Вейптар елімізге сертификатсыз кіргізіліп жатыр. Оның құрамын ешкім зерттеп жатқан жоқ. Ал дәрігерлер, электронды темекі құрамында психобелсенді заттар, ауыр металдар бар екенін айтып ескертуде. Қазірде электронды темекілер мектеп оқушылары арасында аса танымал. Бұл темекіні дүкенде еркін сатып алуға немесе әлеуметік желі арқылы еш қиындықсыз тапсырыс беруге болады. Қысқасы, қаршадай ұл мен қызға қолжетімді.

Жалпы заңға жүгінсек, темекі өнімдері 21 жасқа толмағандарға сатылмауы тиіс. Осы ретте облысымыз бойынша жыл басынан 256 жеке кәсіпкер жалпы шылымды жасы толмағандарға саудалағаны үшін назарға ілікккен. Ал нақты электронды темекіні сатқаны үшін 11 жеке кәсіпкер әкімшіліктік жауапкершілікке тартылған. Десе де темекі сатар кәсіпкерлердің көпшілігі кодексте көрсетілген ереже талаптарын ұстанбайды. Талап бойынша темекі саудалайтын тұлғалар сатып алушының жеке бас құжатын талап етіп қана сауда жүргізуге міндетті. Алайда, заңның орындалуы мардымсыз. Президент Қасым Жомарт Тоқаев 13 қазанда елдегі өмір сапасын жақсартуға бағытталған ұлттық жобаны бекітті. 10 бөлімнен тұратын ұлттық жобаның көш басында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы деп тұр. Енді Президент бекіткен осы құжат аясында жауапты құрылымдар электронды шылым саудасына қатысты мәселе көтерер. Бүгінде біз айтып отырған осы электронды шылымның ағзаға аса қауіпті болуы ескеріліп, әлемнің 27 мемлекеті бұл темекі қолданысына тыйым салған.

Қоғам белсендісі Ермек Әбілдиннің пайымдауынша, электронды шылымға қатысты регламент талабы өте жеңіл:

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша олар темекі өнімдеріне теңестіріледі. Бірақ темекілерге арнайы шектеулер бар. Олар үшін сөре жабық тұруы керек деген секілді. Салық салынатын арнайы акциздік маркалар бар. Ал бұл жағдайда аталған тауарға қатысты жоғарыда аталғандарды айтпағанда, тіпті бұл жерде мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпаратта жоқ қой.

Бүгінде темекі өнімдерін дүкен сөрелерінде жауып сатуда. Алайда, электронды темекі өнімдерінің жарнамалары әлеуметтік желіде жүктеліп, сайтта сан түрі самсап тұр. Түтіні тәтті темекіге тым үйір келетіндердің көп бөлігі мектеп оқушылары екен. Мұндай оқушылар саны ер балалар арасында 3 есе, қыздар арасында 2 есе өскен. Никотинді тауардың түтініне түрлі жағымды иістер қосқандықтан жасөспірімдер ағзаға зияны жоқ деп есептейді. Алайда қарапайым темекінің өзі адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе, электронды шылымнан келер зиян шаш етектен,- дейді дәрігерлер.

Кәдімгі темекі — жану өнімдерінің қалдықтары. Ал, электрондық темекінің құрамында еріткіштер бар, бұл өте қауіпті. Олар өкпе мембранасына, өкпе жасушаларына әсер етеді. Сонымен қатар ғалымдар адамның жүрегі мен миына әсер ететінін анықтады. Онда глицерин қоспалары да бар. Олар өте қауіпті, өкпеде қан ұйығыштарын тудырады.

Алайда, жариялаған техрегламент жобасына қатысты теріс пікірлерлер де айтылуда. Қайсыбір адамдар оны темекі компанияларының мүдделерін қолдау деп санайды. Қалай болғанда да мұндай өнімдер шетелдерде шығарылады. Ал, оның елге кіруін ешкім бақыламауда. Олардың құрамы да белгісіз, шығу тегі беймәлім бұл шылымды таратушылар салық та төлемейді. Қоғам белсенділері алкоголь мен темекіге арналған акциздік маркаларды енгізуді және жарнамаға тыйым салуды талап етуде.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ

29.10.2021

Возврат к списку