Жаңалықтар
Елімізде жастар мәдениетін дамытуға басымдық беріледі

Елімізде жастар мәдениетін дамытуға басымдық беріледі

Елімізде жастар мәдениетін дамытуға басымдық беріледі

Елімізде жастар мәдениетін дамытуға басымдық беріледі

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері басымдық берілген саланың бірі мәдениет. 1991 жылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі тарихи-мәдени нысандардың жұмысына қан жүгірді. Ұлттық театрлар қайта жанданды. Қазір елде 31 концерттік ұйым мен 65 театр көрермен үшін қызмет етеді.

Енді Мәдениет және спорт министрлігі саланы дамыту үшін арнайы тұжырымдама қабылдауды көздеп отыр. Осы арқылы қазақтың жас дарындарын халықаралық аренаға шығару жоспарда бар.

Қазақ өнері қашан да ұлтымыздың сарқылмас қазынасы. Ал еліміздің музыкалық мәдениетінің тамыры тереңде жатыр. Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары бұл сала кенжелеп қалған жоқ. «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күй, 1000 әні» атты дәстүрлі музыка антологиясы жарық көрді. Мамандар ұлттық туындыларды цифрландырып, компакт дискіге жазды.

Ғани Мұратов, ҚР МСМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары:

- Әрине бұның алдында бұған себеп болған тәуелсіздік енді алған кезеңде арнайы қабылданған шаралар. Мәдениет және спорт министрлігінің заңнаманы жетілдіруі, 1991 жылдан бастап тиісті заңдар қабылданды. Ең бастысы, мәдениет туралы ҚР заңы. Біз өз тарихымызды біле алмай, тарихты сақтап қалу үшін заңдар қабылданды. 

30 жыл бұрын музыкадағы алғаш қадамын жасаған артистер сол кезеңді ерекше ыстық сезіммен еске алады. Қалың жұрт алдында өнер көрсете бастаған әнші Ұлықпан Жолдасовтың айтуынша, ол кездері музыка саласының дамуы оңай болған жоқ.

Ұлықпан Жолдасов, әнші:

- 30 жылда музыка енді көп алдыға кетіп қалды. Интернет желісі шыққалы бері өте алға кетіп қалды. Кім қалай ән шығарды, ютубқа шығарады да. Біздің кезімізде ән таралуы қиын болды. Бір жағынан сол да қызық болды. Кассетаны ұрлап кетіп, жазып алып, кезімізде болды микрофонды двухкассетник сонымен отырып жазып алатын едік. Бір жағынан, бір плюсы болды. Тамашаға бір шықсаң болып еді. Қазіргі жастарға бір жағынан қиын. Не көп, ән көп. 

Қазақтың өнерін шетелге паш етіп, халықаралық сахнаға шыққан жас әншілердің бірі Рухия Байдүкенова. Биыл ол «Славян базары» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. Гран-при иегері өнер жолын Талдықорған қаласында бастаған. Бұған дейін жас артист түрлі музыкалық сайыстарда бағын сынап көрді. «Славян базарының» іріктеу турларына 3 рет қатысқан. Осы жолы Рухияның сәті түсіп, әнші ел намысын абыроймен қорғап шықты.

Рухия Байдүкенова, «Славян базары-2021» байқауының жеңімпазы:

- Жалпы «Славян базары» ол Қазақстанда белгілі бір авторитеті бар байқаулардың бірі ғой. Сол себепті мен бала кезден жиі қарайтын байқаулардың бірі. Армандадым. Үш жыл қатарынан іріктеуге қатысып жүрдім. Үшінші жылы маған бақ бұйырды. Сонда барар кезде тек қана жеңіс үшін бардым іштей. Маған жан-жақта болып жатқаны маңызды емес болды. Ол жерде тек жеңіске жету арманым, мақсатым болды. 

Бұған дейін қазақстандық дарынды жастар халықаралық аренаға негізінен өз күшімен шығатын. Мәселен, Димаш Құдайберген, Данелия Төлешова, Айсұлтан Сейітов, Иманбек сынды тұлғалар бүкіл әлемге танылып үлгірді. Енді Мәдениет және спорт министрлігі арнайы тұжырымдама қабылдап, оларға қолдау көрсетуді жөн көріп отыр.

Ғани Мұратов, ҚР МСМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары:

- Бізде жастарымыз музыкада болсын, Иманбек, Димаш, сурет салу саласында болсын, кинематография саласында болсын, Әділбек Ержанов сынды режиссеріміз бар. Оларға арнап венчурлық қор құру талқылануда. Алдағы уақытта бұл мәселе өз шешімін табады деп ойлаймыз. Мұнда бұл тек қана бастауы. Алдағы уақытта креативті индустрия туралы заң жобасы өз нәтижесін беретініне өте сенімдіміз.

Тұрақты экономика, сындарлы саясат, туризм, спорт сынды салалар мықты мемлекеттің басты көрсеткіштерінің бірі. Алайда мәдениет саласы да ел мәртебесінің қалыптасуына зор ықпал тигізеді. Қазақстан өткен 30 жыл ішінде бұл бағытта үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Алайда алар белес әлі алда екеніне сенім мол. 

19.10.2021

Возврат к списку