Бүгін, 14 қазанда, Жас әлеуметтанушылар форумында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев «Қазақстан жастары» әлеуметтік зерттеуінің қорытындысын таныстырды.
Бұл зерттеу жастардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатына кешенді талдау жасайтын негізгі құжаттардың бірі болып табылады. Зерттеу шеңберінде денсаулық және бос уақыт, білім және ғылым, экономикалық идентификация, құндылық бағдарлары мен мүддесі, азаматтық және саяси белсенділік сияқты бағыттар бойынша жастар ортасындағы ағымдағы жағдай зерделенді.
«Зерттеу нәтижелері тұрақты және өте құбылмалы трендтерді көрсетеді, оларды білу қазіргі жастардың сұраныстарына уақтылы жауап беруге ықпал етуі керек. Мысалы, дәстүрлі түрде отбасының, денсаулықтың, достықтың және материалдық қамтамасыз етілген өмірдің маңызы жоғары. Отбасы – жастардың құндылықтар жүйесін қалыптастыратын негізгі институт (70%) (2020 жылы – 72,1%). Қазақстандық жастарға тән трендтердің ішінде жоғары ұтқырлыққа көшу, заманауи технологияларды пайдалану, салауатты өмір салты және өмірдің серпінді қарқыны анағұрлым танымал», – деп атап өтті «Жастар» ҒЗО директоры.
Айта кету керек, Жас әлеуметтанушылар форумы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Қазақстан әлеуметтанушыларының конгресі аясында өтуде. Іс-шараға әлеуметтанушылар, талдаушылар, сарапшылар және еліміздің танымал «ми орталықтарының» басшылары қатысты.