Жаңалықтар
Елдікті ту еткен еріктілер

Елдікті ту еткен еріктілер

Елдікті ту еткен еріктілер

Елдікті ту еткен еріктілер

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Мемлекет басшысының бұл шешімі еліміздің жастары үшін баға жетпес мүмкіндік болды. Себебі жастар қоғам ісіне қатысу арқылы сенімді, елін сүйер азамат болып қалыптасады.

Қасым-Жомарт Кемелұлының саясатын қолдау аясында «Нұр-Сұлтан қаласының Дін мәселелерін зерттеу орталығы» базасында жыл басынан жастар арасынан өзіміздің атқарып жатқан саламыз бойынша еріктілер тобын құруды жоспарлаған болатынбыз. Бүгінгі таңда орталық жанынан Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан жоғары оқу орындарының белсенді студенттерінен жасақталған 17 жас еріктілер тобы жұмыс атқарып келеді. Мақсат – қаламыздың жас тұрғындарына діни экстремизмге қарсы иммунитет қалыптастыру, жастарға жастар тілімен дәстүрлі дінімізді насихаттау және оларды жат діни ағымдардан қорғау.

Жас еріктілер тобының негізін дінтану, теология және заң мамандығы бойынша білім алып жатқан жастар құрайды. Жалпы жыл басынан 40-тан аса студент ерікті болуға өтініш білдірді. Солардың ішінен мақсаты айқын, белсенді, патриот әрі білімді жастарды таңдап алдық. Қазір бұл еріктілер орталықтың жоспарын жүзеге асыру үшін өз үлесін қосуда.
Өкінішке қарай, 2020 жылы әлемді жайлаған COVID-19 дертіне байланысты көптеген жоспарымыз іске аспай жатыр. Мәселен, осы жас еріктілер тобы қаламыздағы орта білім беретін мекемелер мен жастар жиналатын бірнеше қоғамдық орындарда жат діни ағымдардың қаупін жеткізетін насихат жұмыстарын жүргізуі жоспарланған болатын. Алайда індетке байланысты бұл жұмыстар тоқтап қалды. Дегенмен белсенді жастарымыз қарап отыр­май, «Biz birgemiz» акциясының аясында мұқтаж жандар мен көпбалалы отбасыларға азық-түлік және күнделікті тұрмысқа қажет заттарды жеткізумен болды. Төтенше жағдай кезінде ерікті жастарымыз елордамыздағы 600-ге жуық отбасына арналған заттарды мекенжайларына апарумен болды. Аталған іс-шаралар кешені Рамазан айының басынан соңына дейін жалғасты. Еріктілер осындай сындарлы уақытта көмек қолын созу азаматтық борышы екенін айтты.

Сондай-ақ, қазіргі таңда ерікті жастарымыз қаламыздың жас тұрғындарына діни экстремизмге қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында бірнеше бейнеролик пен мақала жазып, өздерінің жобасын ұсынды. Олар сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының Дін мәселелерін зерттеу орталығының карантин жағда­йындағы діни сауаттылықты арттыруға бағытталған онлайн түсіндіру жұмысына да атсалысты. Олар: «Әлеуметтік желілердегі насихат», «Ғылым мен дін. ХХI ғасырдағы арақатынасы», «Дінтану мамандығының қазіргі қоғам үшін маңыздылығы», «Жастар мен дін. ХХI ғасырдағы арақатынасы», «Прагматизм. Дәстүр және дін» және «Әлемдік діндердің жаңа технологияларға деген көзқарасы» атты түрлі тақырыпта өз дәрістерін жүргізді.

Еріктілер қозғалысы еліне бейжай қарамайтын, өзгерісті өз айналасынан бастайтын белсенді жастардың көбеюіне ықпал етіп келеді. Білімін қайырымды іспен ұштастыратын жастар өмірлік дағдылар үйреніп, қабілет меңгеріп, жаңа қырынан таныла білді. Осы арқылы еріктілер тобы өміршеңдігін көрсетті.
21.07.2020

Возврат к списку