Жаңалықтар
Елордалық оқушылар Smart Bus жобасын жасап шығарды

Елордалық оқушылар Smart Bus жобасын жасап шығарды

Елордалық оқушылар Smart Bus жобасын жасап шығарды

Елордалық оқушылар Smart Bus жобасын жасап шығарды

Елордалық оқушылар Рахат Айтжан мен Шырын Оспанова Smart Bus жобасын жасап шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл құрылғы адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жас өнертапқыштардың ғылыми жаңалығы жөнінде тілшіміз тарқатып айтады.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Жас ғалымдар «NIS HUB» технопаркінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның бірі – Рахат пен Шырынның ойлап тапқан Smart Bus жобасы. «Бұл жаңашылдықтың пайдасы мол», -дейді олар.

Рахат та, Шырын да бұл жүйені ойлап табу үшін аз уақыт жұмсаған жоқ. Тіпті техникалық қиындықтар көп кездесіпті.

Шырын Оспанова, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

- Мен саусағымның бейнесімен тексеремін, батырма арқылы ашамын. Құлып ашылады. Төтенше жағдайда автобус жүргізушінің орнына шешім қабылдай алады. Жобаны іске асыру үшін 150 мың теңге жұмсадық. Аналогтарға қарағанда әрине, арзанырақ.

Жоба жолаушылардың қауіпсіздігін күшейтуге арналған. Мәселен, жүргізуші қалғып кетсе, дабыл қағылып, жүйе автобусты автоматты түрде тоқтатады. «Егер бұл жоба іске асса, көлік апаттары едәуір азаяр еді», - дейді жас өнертапқыштар.

Рахат Айтжан, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

- Өзім автобуспен сабаққа күнде келемін. Жақында болған көлік апатынан кейін бұл идея ойыма келді. Жүйенің көмегімен жүргізушілердің қан қысымын өлшеуге, алкотестермен тексеруге болады. Жобаның тағы бір ерекшелігі – қылмыскерлерді бет-әлпетінен тануға, сол арқылы барлық ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік бар.

Дарынды оқушылардың қабілетін арттыру үшін арнайы орталық жұмыс істейді. «Талантты, талапты жастардың жобасын қолдайтын ұсыныстар болса, оқушы ғалымдар едәуір көбейер еді», - дейді мектеп директоры.

Мейрам Жәкенов, қалалық физика-математика бағытындағы назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:

- Венгриядан біздің балалар орын алып келді. Алматыдан, Қытайдан орын алып келді. Осы балалардың жобасын Венгрияға барғанда, гран-при алып, соны әрмен қарай қолдануға қазақстандық компаниялар сұрап, қолданбақшы болып жатыр.

Бүгінде талантты  оқушылар тоғысқан жерде бірнеше жоба сәтті жүзеге асып жатыр. Олар жарық энергиясын үнемді пайдаланумен, жасанды түрде өсімдік өсірумен, өрттің алдын алумен байланысты. Оқушылар саланы дамытуға мүмкіндік бар деп отыр. Енді тек ерінбей еңбек ету қажет.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Аят Дүйсембаев


10.03.2020

Возврат к списку