Жаңалықтар
Павлодарда тәрбие берудің жаңа үлгісі ұсынылды

Павлодарда тәрбие берудің жаңа үлгісі ұсынылды

Павлодарда тәрбие берудің жаңа үлгісі ұсынылды

Павлодарда тәрбие берудің жаңа үлгісі ұсынылды

Ол ұлттық құндылықтарды танып білуге бастайды.

Отбасы түріндегі балалар ауылы жасөспірімдерді әлеуметтендіру жөнінен республикалық инновациялық алаң болып табылады. Осы мекеменің қабырғасында мұғалімдер мен тәрбиеленушілер жетілдірген төрт жоба үлкен қызығушылық тудырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның авторлары «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаланы негізге алыпты.

Балалар ауылының тәрбиеленушісі Камила Тілеуімова Томирис патшайымның кейпінде. Жаужүрек батырды сомдау жас қызға оңай тимегенге ұқсайды. Көп ізденіп, үздіксіз жаттығулар жасаған. «Түрік әлемінің бесігі» атты ғылыми жобамен айналысқан ол Томиристің тарихын зерттепті. Енді әдеби шығармаларды оқып, білімін ары қарай шыңдамақ.

Камила Тілеуімова, балалар ауылының тәрбиеленушісі:

- Ғаламтордағы ақпараттардың бәрі бірдей шындыққа жанаса бермейді. Ол үшін кітапханаларға жиі барып, үнемі ізденуге тура келеді. Түркітанушы ғалымдармен жұмыс істеу мен үшін қызық болатын сияқты. Өйткені олар еш жерде жарияланбаған тың деректермен бөліседі.

Тағы бір жобада көшпенділердің «Атқа міну мәдениеті» қамтылған. Балалар жылқы малын қолға үйрету кезеңінен басталған тарихты зерттеген. Мұнда қолөнер шеберлігі ұштасып жатыр. Ал, Валерия Жмайло май шайқаудың қыр-сырын біледі.

Валерия Жмайло, балалар ауылының тәрбиеленушісі:

- Ағаш күбіге сүттің кілегейі жиналады. Одан кейін оны пісіп, май алады. Бұл жұмысқа отбасының бәрі бірдей атсалысуы керек. Өйткені ол өте қиын және көп уақытты алады.

Жоба авторларының да көздеген мақсаты осы. Балалар туған жердің тарихы мен салт-дәстүрлерін біліп қана қоймай қазіргі кезеңмен салыстырып үйренуі тиіс. Шара барысында болашақ металлургтер көне темірді игеру жобасын талқылады.

Аида Хамзина, колледж студенті:

- Көне металлургияның қалай пайда болғанын оқи отыра, біз қазіргі заманғы металлургияның дамуына үлес қосуымыз керек деп ойлаймын. Технология қарыштап дамыған кезде өмір сүріп жатырмыз. Бұдан да көп оқып,  білімімізді тереңдете түскеніміз абзал.

Гүлбағда Каримова, отбасы үлгісіндегі балалар ауылының жетекшісі:

- Біздің балаларымызға бұл жобалар дұрыс таңдау жасауға көмектеседі деп ойлаймын. Ең алдымен интернатта тәрбиеленіп жатқан жеткіншектерге пайдасы тигенін қалаймын.

Бұл білім педагогтар үшін өте пайдалы. Олар балалар ауылының тәжірибесін басқа интернаттарда, мектептерде енгізеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий


05.03.2020

Возврат к списку