Жаңалықтар
Жастар кадрлық резервіне өте алмағандарға қолдау көрсетіледі

Жастар кадрлық резервіне өте алмағандарға қолдау көрсетіледі

Жастар кадрлық резервіне өте алмағандарға қолдау көрсетіледі

Жастар кадрлық резервіне өте алмағандарға қолдау көрсетіледі

Ертіс өңірінің 100-ге жуық жас маманы президенттік кадрлық резервтің іріктеу кезеңіне қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үміткерлердің тек 16-сы ғана өтсе де, сүрінгендері мойымақ емес. Еңбекқор жандардың көбі бұл сынаққа қатысып, талпынудың өзін жақсы тәжірибе деп біледі. Сондай жастардың қатарында павлодарлық Алёна Шевченко бар. Мұғалім мамандығын таңдаған ол мемлекеттік қызметте еңбек етуді мақсат етеді.

Алёна Шевченконың бес жылдық еңбек тәжірибесі бар. Мектепте география пәнінен сабақ береді. Педагог-модератор, педагогика ғылымдарының магистрі. Табысты ұстаз болу үшін баланың досы болу керек дейді. Бұл - оның өмірлік қағидасы. Оқушылар мен әріптестері арасында сый-құрметке ие болуы да сондықтан.

Диас Шарапиденов, 11-сынып оқушысы:

– Алёна Григорьевна бізге алтыншы сыныптан бері сабақ береді. Оның әр сабағын тағатсыздана күтеміз, себебі қызықты өтеді. Мен де мұғалім болуды армандаймын. Тестілеуде төртінші пән ретінде география пәнін таңдап, педагогикалық университетке түспекпін.

Жұлдыз Қалиакперова, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Алёна - ізімізді басып келе жатқан дарынды мұғалім. Ең бастысы, тәжірибе жинақтаудан жалықпайды. Балалармен тез табысып, алға жетелей біледі. Сабақ барысында цифрлық технологиялар мен жаңашыл әдістерді қолданады.

Жас маманның арманы көп. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметке түсіп, мектепке дейінгі білім беру саласын дамытсам дейді. Айтуынша, бірінші сынып оқушысы жаңартылған оқу бағдарламасын меңгеруде қиындық көреді. Бұл - аса өзекті мәселе. Ол үшін мектептер мен балабақшалар арасын жақындату қажет дейді.

Алёна Шевченко, география пәнінің мұғалімі:

– Балабақшалар мен мектептер арасында тығыз қарым-қатынас болу керек. Себебі балабақшадан соң балаға мектепке бейімделу қиындық туғызуы мүмкін. Дайындық аздау және психологиялық ауыртпалық түсіреді. Бұл тұрғыда тиісті шараларды қолға алған абзал деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда облыста мемлекеттік басқару саласында 500-ден астам қызметшінің орны бос. Осы орайда Президенттік жастар кадрлық резерві сынынан сүрінгендердің жұмысқа тұруға мүмкіндіктері бар.

Тоқтамыс Жұмағұлов, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы:

– Жастар резервіне өтпеген азаматтардың өздері бүгінгі күнде мемлекеттік қызметке түсуге мүмкіндіктері бар. Неге десеңіздер, қазіргі кезде мемлекеттік қызметке түсу ашық түрде өтеді. Біз дарынды, білімді, іскер жастарды мемлекеттік қызметке шақырамыз.

Қазіргі таңда өңірде мемлекеттік қызмет саласында бес мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың 25% – 29 жасқа толмаған азаматтар. Жас мамандардың үлесін арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынбақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий


11.02.2020

Возврат к списку