Жаңалықтар
Жастар болашақты жырлайды

Жастар болашақты жырлайды

Жастар болашақты жырлайды

Жастар болашақты жырлайды

Айтыс – ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы.

Айтыс – синкреттік жанр, ол тұрмыс-салт жырларынан бастау алып, келе-келе ақындар айтысына ұласқан. Айтыста осыған орай лирикалық, эпикалық, драмалық сипаттар мол ұшырасады. Сол арқылы бұл жанр ауыз әдебиетінің өзге түрлерімен қанаттаса дамып, бір-біріне елеулі әсер-ықпал жасап отырған. Батыр және лиро-эпос жырларына да әсерін тигізіп, өзі де арнасы кең мол салаға айналған.

Қазақ қоғамында ақынның ақын болып танылуы да тек айтыс арқылы жүзеге асқан. Көбіне - көп айтыста жеңілген ақын өткен айтысты ел арасына таратуға міндетті саналған. Сөйтіп, бір-біріне логикалық ой - жүйемен терең жымдасқан екі ақынның өлеңдері біртұтас дүниеге, қисса, дастан секілді желілі шығармаға айналған. Айтыс ақындарының ұғымында өлең белгілі бір кісіге қонатын өнер саналған.


Осыған байланысты, Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығы Біржан сал ауданы жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, Біржан сал Қожағұлұлының 185 жылдығы мен жастар жылына орай «Жастар болашақты жырлайды» атты облыстық жастар айтысы өткізілді. Біржан бабамыздың рухын қастерлеп, төл өнердің мәңгілік ғұмыры жайлы дәстүр жалғасын сақтай отырып, ұрпақтан-ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген шараға, Бұланды және Ерейментау аудандарымен Көкшетау қаласының жас ақындары қатысты.

Айтыс үш кезеңнен тұрып, алғашқы кезеңінде айтыскерлерді арнайы құрылған қазылар алқасы іріктеп, өнерімен ерекшеленген үздіктерді аймақтық айтысқа жолдама берді. Екінші кезеңде, іріктеу кезеңінен өткен әр жұпқа 15-20 минуттан уақыт беріліп, әр қатысушы қорытынды кезеңге өту үшін өз шеберліктерін көрсете білді. Соңғы кезең қорытынды айтыста 6 жұп қалып, жеңімпаз атануға әр жұп маңдай терлерін төгіп, төл өнерімізді халықтың бойына дарыта білді.


Сайыс қорытындысы бойынша үшінші орынды – Ерейментау ауданынан келген жас ақын Жепенов Бахтияр иеленсе, күміс жүлдегер атағына ие болған Көкшетау ақындар мектебінің шәкірті Сая Тұрсынбекқызы. Ал, бас жүлдегер атағына Бұланды ауданының жас ақыны Әбділ Нұрислам ие болды. Іс-шара соңында жеңімпаздар арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ізгі құрметпен, Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының баспасөз қызметі (Балабеков Жеңіс байл.тел.50-72-79)
10.09.2019

Возврат к списку