Жаңалықтар
Жастарға жол ашылады

Жастарға жол ашылады

Жастарға жол ашылады

Жастарға жол ашылады

12 маусым күні өткен президенттің ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттік өкілеті кезінде басшылыққа алатын бағдарламасының тоғызыншы бөлімін таныстырып тұрып:

– Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» арнаулы жобасы жұмысын бастады. Жастардың бизнес бастамаларын дамыту бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Жастарды жұмыспен қамту бағдарламаларын енгіземіз. Менің міндетім – сіздердің армандарыңыздың орындалуына, қазақстандық әрбір жас өзіндік «жетістік оқиғасын» жазып шығуына жағдай жасау. Жас, талантты басшыларды мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жеткізу үшін «президенттік кадрлық резерв» құрылады. Біздің жастар – мақсатқа бейім, еңбекқор, креативті. Мұндай жастар барда, Қазақстанның болашағы үшін алаңдамауға болады, – деді. Өткен аптада ғана ұсынылған бұл бастаманы қай мемлекеттік орган жүзеге асыратыны, іріктеу қалай жүріп, оған кімдер қатысатыны әлі анық емес. Бірақ Президент сөзінен жобасы түсінікті болған «кадрлық резерв неге керек?», «оған өтетін жастарды таңдауға қандай қасиеттер басшылыққа алынғаны дұрыс?» деген сауалдар төңірегінде жастар саясатындағы бірқатар азаматтың пікірін білдік.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев Президент бастамасынан көп үміт күтеді. Сарапшының пікірінше, мемлекеттік қызметке талантты жастардың тартылуы қоғамдық қолдауға ие болып, көп мәселенің шешілуіне әсер етуі мүмкін.

– Әзірге Президент бастамасы туралы кесіп айту қиын. Бір анығы – бұл жастарға бағытталған жоба, әрі «президенттік кадрлық резерв» аталуына қарап, осы топқа таңдалған 300 жасқа салмақты лауазымдар беріледі деп топшылаймын. Бұл әкімдердің не министрлердің орынбасары, жергілікті және республикалық ведомстволардың басшылары қызметі болуы мүмкін. Олай болмаса, бұл бастама тікелей президенттің қатысуымен көтерілмес еді деп ойлаймын. Осыған қарап, жоғарғы басқарушы құрам жаңарады деген болжам жасауға болады. Бұл құрамға қазір мемлекеттік қызметте жүргендерден бөлек, жас ғалымдар, үздік университет түлектері және әр салада жетістікке жеткен жастар да тартылатын болуы керек. Бұған қатысты Қасым-Жомарт Кемелұлы әртүрлі мемлекеттерде қызмет етіп жүріп жиған халықаралық тәжірибесіне сүйенеді деп ойлаймын. Мемлекеттік қызмет жастар арасында біршама танымал деп айтуға толық негіз бар. Мыңдаған жас мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Қоғамда әлеуметтік лифт мәселесі өте жиі қозғалады. Сондықтан барлық сала бойынша әртүрлі деңгейдегі басқарушылық құрам жастармен толықса, бұл өзгерісті қоғам да жылы қабылдайды деп ойлаймын, – деді ол.

Негізгі кәсібіне қосымша шетелдік тәжірибесі мен білімі барларға басымдық берілсін, бірақ жастардың жоғары білімді қайда алғанын (Қазақстанда немесе шетелде) негізгі критерий етіп белгілеуге қарсымын.

«Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова «Қазақстанда әлеуметтік лифт жақсы жұмыс істейді» деген пікірге қосылады. Жас басшы Президент ұсынған кадрлық резерв қатарынан «Болашақ» бағдарламасының түлектерін де көргісі келеді. Лаура Демесінова өз ойының дұрыстығын дәлелдейтін тұжырымдарымен де бөлісті:

– Президенттің кадрлық резерв құру бастамасын толық қолдаймын. Бұл жастар үшін үлкен мотивация болады деп ойлаймын. Жалпы, Қазақстанда жастар арасында әлеуметтік лифт жүйесі жақсы жолға қойылған деп ойлаймын. Мұны мен өз тәжірибеме сүйеніп айта аламын. Қазақстанда жоғарғы білім алып, квазимемлекеттік секторда еңбек ете жүріп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша магистр дәрежесін алуға шетелге оқуға кеттім. Елге оралған соң, республикалық деңгейде жұмыс істейтін ұйым тізгінін қолыма алдым. Мемлекет «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне жеткілікті қаржы жұмсады. Өз кезегінде олардың шетелде алған білімі мен тәжірибесін мемлекеттік басқаруда пайдаға асыру үшін оларды кадрлық резервке қосу қажет деген пікірдемін. Іріктеу ашық әрі сапалы өткенін қалаймын. Халық кадрлық резервке өтініш қабылдаудан бастап, басқарушылық құрамға кіргендердің аты-жөні белгілі болғанға дейінгі барлық кезеңді бақылауға мүмкіндік алуы керек.

Қазақстан Жастар Конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов кадрлық резервке іріктеу кезінде жастардың шетелдік дипломына емес, олардың өз саласында сіңірген еңбегіне қарау керек деп есептейді. Басқарушылық құрам «нағыз істің адамы» деуге лайық тұлғалардан құрылғанын қалайтын Тоқтар 300 жас мемлекеттік қызметтен бөлек, сан түрлі саладан жинақталса деген тілек білдірді.

– Жастар саясатының негізгі мақсаты – жастарға жаңа мүмкіндік беру. Жоғары лауазымды қызметке тағайындалу үшін әдетте көп жылдық еңбек өтілі сұралады. Президент бастамасы талантты жастарды қолдап, олардың кәсіби салада өсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жастар жүйеге жаңалық алып келеді, мәселеге басқа қырынан қарауға, оңтайлы шешімдер табуға көмектеседі. Медицина, білім, мәдениет, бизнес және мемлекеттік қызметте табысты еңбек етіп жүрген жастарды іріктеп, басшылық қызметтерге қойса, аталған салаларда алға ілгерілеу болады деп ойлаймын. Президенттік кадрлық резервке іріктеу кезінде, ең бірінші, жастар еңбегінің нәтижесіне қарау керек деп ойлаймын. Мысалы, аудан, қала деңгейінде өз саласы бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген жастарды республикалық деңгейдегі маңызды қызметке тағайындауға болады. Одан соң, жас басшылардың үш тілді жетік меңгергеніне көз жеткізу керек. Негізгі кәсібіне қосымша шетелдік тәжірибесі мен білімі барларға басымдық берілсін, бірақ жастардың жоғары білімді қайда алғанын (Қазақстанда немесе шетелде) негізгі критерий етіп белгілеуге қарсымын. Өйткені шетелде білім алуға мүмкіндігі не уақыты болмағанымен, еліміздің дамуына үлес қосып, өз саласының алға басуына еңбек етіп жүргендер көп, – дейді ол.
18.06.2019

Возврат к списку