Ақмола облысында жұмысшы мамандықтар байқауының жеңімпаздары анықталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «World Skills Kazakhstan» аймақтық байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазақстанда кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мәселесіне жете көңіл бөлініп келеді. Бүгінде әлемнің 72 елін қамтып отырған жұмысшы мамандар арасындағы «World Skills» байқауына Қазақстан 2014 жылдан қатысады. Жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыруға бағытталған бұл шара елімізде де қызу қолдау тауып отыр. Әрбір екі жылда өткізіліп тұратын халықаралық жарысқа іріктеу болып саналатын аймақтық байқауда үміткерлер 32 мамандық бойынша бақ сынады. Олардың арасында ақпараттық технология, ас пісіру технологиясы, шаштараз ісі, кірпіш қалау, аспаздық, мектепке дейінгі бала тәрбиесі, токарьлық іс және еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие өзге де мамандықтар бар.