Жаңалықтар
Жаңаөзенде көпбалалы аналар өз кәсібін ашты

Жаңаөзенде көпбалалы аналар өз кәсібін ашты

Жаңаөзенде көпбалалы аналар өз кәсібін ашты

Жаңаөзенде көпбалалы аналар өз кәсібін ашты

ЖАҢАӨЗЕН. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында бастау алған «Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан» жобасы алғашқы нәтижесін беріп отыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Облыстағы тұрмыс деңгейі төмен, аз қамтылған отбасылардың жеке кәсіп ашуына мүмкіндік туғызып, қажетті құрал жабдықтар мен керекті ақпараттар бере отырып әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздеген жоба жетекшісі, белгілі кәсіпкер Айжани Нұрланова ең алдымен бұл шараның Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов пен осы өңірдегі ірі компаниялардан қолдау тапқанын айтты.

Қазіргі таңда, аталған жоба барысында облыс бойынша 50-ден астам отбасы өз жеке кәсібінің иесі болып, күнкөріс деңгейі жақсарды. Әлі де Жаңаөзен қаласындағы 100 отбасыға қолдау көрсетілмек. Бұл орайда, ең алдымен ниет білдіруші аналардың ой-пікірлері, ұсыныстары тыңдалып, соған сәйкес бағыттар беріледі. Жеке кәсібін дөңгелентуге қажетті барлық құрал-саймандар, материалдар, заманауи техникалар алынып қана қоймай, өнімдерін брендке айналдыру мақсатында әрқайсысына жеке логотип жасалды, қаладағы ірі ойын-сауық орындарынан сауда нүктелері берілді.

Он жылдан бері тігіншілікпен айналысып, көптен бері жеке кәсібін арман еткен аналардың бірі - Анапия Игібаева.

«Жолдасым екеуміз облыс әкімінің қабылдауында болып, мұнай саласынан жұмыс сұрап барғанбыз. Ералы Тоғжанов жеке кәсіп ашуға мүмкіншілік бар екенін айтып, Айжани деген қызбен таныстырды. Басында біз онша сенбедік. Ешкімнің қолына қарамай, өз кәсібімізді бастап, бір жетістікке жетсек деген арманымыз осы жобаның арқасында орындалып отыр. Бүгінде, міне өздеріңіз көріп отырғандай, Алланың қалауымен және «Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан» жобасының арқасында жеке кәсіпкермін. Енді шағын тігін шеберханам бар, ол замануи тігін машиналармен жабдықталған. Енді тек ерінбей еңбек ету ғана қалып тұр», - дейді ол.

Жоба ұйымдастырушыларына алғыс айтқан келесі ана - Теңге ауылында тұратын Гүлсім Алшора. Екі мүгедек бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана аталмыш жоба аясында «Zere» белгісімен халыққа әртүрлі үй пісірмелерін ұсынатын болды. Жеке кәсіпкерге кәсібіне қажетті барлық керек-жарақтары алынып берілді.

«Осыдан оншақты күн бұрын облыс әкімінің қолынан 1 бөлмелі пәтердің кілтін алсақ, енді өз жеке кәсібімді ашып, одан әрі дамытуға тамаша мүмкіндік беріліп тұр. Мен ешқашанда өзімнің жеке брендім болады деп ойлаған емеспін. Тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларды назардан тыс қалдырмай, жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ»,-деген Гүлсім Алшора аналық ақ тілегін жеткізді.

Жоба жетекшісі Айжани Нурланованың айтуынша, Елбасымыз «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVIII съезінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейту бағытында көптеген тапсырмалар берді.

«Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан» жобасы тікелей Елбасы тапсырмасының орындалуы деп білем және осы жобамның Маңғыстау облысынан бастау алып, осындай нәтиже көрсеткені - мен үшін үлкен жетістік. Қаншама қиналған жанның қуанышты сәтін көру, оларға үміт отын сыйлап, жеке кәсіпкер атануына себепкер болу - мен үшін үлкен бақыт. Бизнестің дәмін татып, табыс таба бастаған жандар өз кәсібің болған рахат екен дейді. Қазіргі таңда бір Жаңаөзен қаласында бірнеше жаңа бренд пайда болды. Айта кетсем ZERE аспаздық өнімдері, XAN BIBI atelier тігін шеберханасы, ALITORT кондитерлік өнімі, OZEN NAN нан өнімдері, жылыжайлар, құс шаруашылығы, басқа да кәсіп түрлері ашылды. Біз өз жұмысымызды тоқтатпаймыз, халыққа қолдан келгенше көмек қолын созамыз», - дейді ол.

Алдағы уақытта да әлеуметтік салада жүзеге асырылатын осы секілді тың бастамалар көбейе бермек.
29.03.2019

Возврат к списку