Сұхбаттар
Жастардың бойында еркіндік басым

Жастардың бойында еркіндік басым

Жастардың бойында еркіндік басым

Бүгінде еліміздегі әр үшінші тұрғын – 35-ке дейінгі азаматтар. Демек, мемлекеттің даму бағытын айқындауда ұлттық және халықаралық деңгейде жастар қалыптастырып жатқан өзгерістерді ескеру қажет. Осы орайда «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айсұлу ЕРНИЯЗОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.

– Ресми риторикада «Жастар – мемлекет саясатының басым бағыт­тарының бірі» дегенді жиі ести­міз. Ал сарапшылар арасын­да еліміздегі осы санаттағы аза­мат­тарда немқұрайдылық пен инфантилділік бар деген пікір ба­сым. Сіз қалай ойлайсыз, екі­жақ­ты дилемма қалыптасып отыр­ған жоқ па?

– Жас буынның инфантилділігі туралы тезис – қоғамның күн тәр­ті­бінде тұрған мәселе. Өйткені мем­лекет кейінгі жылдары ғана жас­тарды дербес субъект ретінде қарас­тыра бастады. Ал жекелеген бақылаушылар әдеттегідей олар­ды «сен тимесең, мен тиме» қал­пында деп, өткеннің нарративіне салады. Бұған қарапайым ғана мысал кел­ті­рейін. Қазір әлеуметтік желіде кеңі­нен танымал қоғамдық-сая­си­ под­каст­тардың басым бөлі­гін жастар жүр­­гізеді. Әсіресе «Заман­дас», «Dope Soz», «Aitpa». Сондай-ақ «Обожаю», «За нами уже вые­хали», «Narikbi Live», «Nursultan Qurman», «Jurttyn balasy», Сырым Итқұловтың арнасын да атап өтуге болады. Тіпті жуыр­да ғана «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмін тамашалауға жастардың бел­сене барғанына көпшілік куә. Осы­дан біраз дүниені аңғаруға болады. Бұл жас буынның өмірге деген көзқарасының өзгергенін көр­се­те­ді. Олар қазірде қоғамдағы өзекті мәсе­­лелерді жай сырттан бақылап қана қоймай, баламалы ұсыныс-пікі­рін ортаға салып, жаңа бағыт қалып­тас­ты­руда өзінше үлес қосып жүр.

Мұны әлеуметтанулық зерттеу­лер де растап отыр. Біздің орта­­лықтың деректерін ескерсек, респонденттердің тек 26,3 па­йызы саясатқа қызығушылық таныт­пай­тынын көрсетті. Сауал­да­маға қатысқандардың 50,3 пайы­зы волонтерлік және еріктілік қызметке қатысатынын айтса, 4,8 па­йызы қатысуды жоспарлап отыр. Былайша айтқанда, жастар көлең­кеден шығып, қоғамның өміріне араласып жүргісі келеді. Менің­ше, бұл өзгерістердің дені Мем­лекет басшысының саясаты мен қоғамдағы трансформациясымен бай­ла­нысты.

– Яғни қазір билікке дербес, өз еркімен әрекет ететін жастар қажет дегіңіз келе ме?

– Мемлекет осы бастаманы­ қол­дап та жүр. Себебі елдегі жүр­гізіліп жатқан реформаларды жас­тар үшін «қамқорлыққа алын­ған­ тұлға» санатынан шығып, қоғам­дық өмірдің тең құқылы мүшесі ре­тінде қалыптасуына шақыру деп қарастыруға болады. Билік тара­пынан жас буынның кітап оқуына, сауаттылықты арттыруға зейін қойылып, еңбек, білім, жауап­кер­шілік, кәсіпқойлық сынды оң құндылықтарды насихаттауда үлкен көңіл бөлініп отырғанын байқаған боларсыз. Бұл – жастардың өзіндік ой-өрі­сін қалыптастыруға, сана-сезі­мін арттыруға, дүниетанымын кеңей­тіп, өмірлік ұстанымын бекем­деуге негіз. Осы тұрғыда Мәдениет және ақпарат министр­лігі жас­тар саясаты саласында елеулі өз­ге­рістерді жүзеге асыр­ғанын атап өткен жөн. Биыл заң­намаға жаңа­шыл­дық енгізіліп, жас­тар­дың сана­ты 35 жасқа дейін ұлғайды. Жаңа тұжырымдама қабыл­данды. Онда «жастар үшін» қағидатымен қоса «жастар­мен бірге» мотивіне басым­дық беріл­гені айқын көрініс тапты. Мемлекеттік жастар саясатын­ орта­лық мемлекеттік және жер­гілікті ат­қа­рушы органдар жоғарыдан тө­менге тігінен емес, көлденең ба­ғыт­та – шешім қабыл­дау­ үдерісіне жас буынды тарта оты­рып жүзеге асы­руы керек.

– Орталықтың жастар тура­лы әлеуметтік зерттеулерін «Жас­­­тар лайф»-тың өткен нө­мір­­ле­рін­де жариялаған едік. Құ­жат­тар­да лудомания лаңы, есірт­кіге тәуел­ді­лік, зорлық-зом­былық сынды мә­се­лелер кө­терілген. Осы ретте сан­дарды сөйлетсек.

– Мемлекеттік жастар саяса­ты­ жастардың әлеуетін дамыту­ және іске асыру үшін жағ­дай жасауға ғана емес, соны­мен қатар азаматтардың әлеу­мет­тік осал санатын қолдауға бағыт­талған. Бұл топқа лудомандар, нашақорлар және зорлық-зом­бы­лық құрбандары да кіреді. Біздің эмпирикалық деректер құмар ойынға елірген жастар қатары өскенін растайды. Мәселен, былтырғы зерттеуде жастардың 1,2 пайызы бәс тігетінін айтса, биыл бұл көрсеткіш 3 пайызға жетті. Сондай-ақ сауалдамаға қатысқан жастардың 39,5 пайызы көп уақытын компьютерлік ойынға жұмсайтынын көр­сет­кен. Ал «Есірткісіз болашақ» кор­поративтік қоры жүргізген әлеу­мет­танулық зерттеуге сүйенсек, республикадағы 17-25 жас аралығындағы азаматтар арасында суицид жасауға талпынған құрбандардың 69,4 пайызы онлайн-казино, букмекерлік кеңселер мен микроқаржылық ұйым алдындағы берешегінің көп болғаны себепті осындай қадамға барғанын айтқан. Осы және басқа да деректер аталған проблемалар өзара байланысты болуы мүмкін екенін аңғартады. Бұл жерде психологиялық факторды да жоққа шығаруға болмайды. Тәуелділікке ұшыраған құрбандармен жұмыс істеген психологтер балалық шақтағы жан жарасы мен отбасылық жанжал лудомания мен нашақорлықтың факторлары болуы мүмкін екенін айтып дабыл қағады.

Жалпы, жастар арасында лудо­ма­ния мен есірткінің кең таралуы кешенді жұмысты қажет етеді. Мұның салдарымен күресу үшін алдымен нақты себептерін ғылыми негізделген түрде анықтап алып, превентив шараларға көшу керек. Бұл мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау тұрғысынан да тиімді.

– Жас ортада қандай трендтер бар?

– Жастар – еліміздің ең ірі әлеуметтік-экономикалық топ­та­рының бірі. Олардың қажет­ті­ліктері мен мүддесі қоғамның жалпы жағдайын тікелей көр­сетеді. Орталық тұрақты негізде талдамалық баяндамалар жариялап тұрады. Онда мамандар осы санаттағы азаматтар ара­сын­дағы қазіргі үрдістерді анық­тайды. Бүгінде жастардың көз­қара­сымен ең өзекті деп танылған трендті атап өтейін. Олар: қар­жы­лай тәуелсіздік (48,2%), жартылай немесе толық қашықтан жұ­мыс істеу (26%). Бұл таңдаулар қа­зіргі ұрпақтың шыңдалудың, жұ­мысқа тұрудың, патернализмнің дәстүрлі түрлерінен алшақтай бас­та­ғанынан хабар береді. Яғни құн­ды­л­ық параметрлері өзгеріп жатыр. Бойларында еркіндік басым. Сәй­кесінше, жаһандық мәдени кеңіс­тікте жастарымыз танымал бола түседі.

– Әңгімеңізге рахмет.

Авторы: Зейін Ерғали

Ақпарат көзі: https://egemen.kz/article/352676-zhastardynh-boyynda-erkindik-basym

20.11.2023 541

Возврат к списку