Сұхбаттар
Өзбекстан жастары: президент сайлауы мен 30 жылдық мерейтой

Өзбекстан жастары: президент сайлауы мен 30 жылдық мерейтой

Қазақстанның оңтүстік аймағымен шекаралас Өзбекстан Республикасында қазіргі таңда 33,58 млн адам тіршілік етуде. Оның ішінде 14-30 жас аралығындағы жастар саны ел халқының жартысын құрап, 18 млн-нан асады. Өзбекстан Орталық Азиядағы халқы ең тығыз орналасқан мемлекет екені осы көрсеткіштерден-ақ байқалады.

Тарихқа көз жүгіртсек, Өзбекстан Республикасы 1991 жылы өз тәуелсіздігін алғандардың алдыңғы шебінде болып, қыркүйектің 1-інде егемен байрағын желбіретті. Сол сәттен бастап бұл ел өзіндік даму жолын таңдап, талай жаһандық және өңірлік сын-қатерден абыроймен өтті.

Биыл Өзбекстанда кезекті президент сайлауы өтпек, сол себепті, әсіресе, жастарға көп көңіл бөлініп жүр. Оның үстіне, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы атаулы датасына орай да ел үкіметі жастар саласында біраз іс-шара атқаруда.

 Q8AH3y15798545037120_l.jpg

Әуелі, өткен жылғы желтоқсанда бір жылдық нәтижені түйіндей келе, ел президенті Шавкат Мирзиёев 2021 жылды «Жастарды қолдау және халықтың денсаулығын нығайту жылы» деп жариялауды ұсынып, «кез келген қоғамның ілгерілеуінде жас ұрпақтың салауатты әрі үйлесімді дамуы шешуші рөл атқарады, бұл қоғамның болашағын айқындайтын фактор. Сондықтан да реформалардың тиімділігін кеңейту және одан әрі арттыру мәселесінде біз жігерлі, бастамашыл, жан-жақты дамыған, заманауи білімі мен дағдысы бар жастарымызды тірегіміз ретінде санаймыз», – деп сөйлеген еді.

Мемлекет басшысы «жаңа Ренессанстың» іргетасын қалыптастыру үшін жаңа Хорезми, Беруни, Ибн Сина, Ұлықбек, Науаи және Бабыр сияқты тұлғаларды тәрбиелеу үшін жағымды орта мен жағдай жасау қажет екенін алға тартты.

Жастар жылы барысында көптеген идеологиялық іс-шара ұйымдастырылып, жаңа жобалар іске қосылды. Мәселен, осы жылдың наурыз айында «Ұлттық масс-медианы қолдау және дамыту қоры» ҮЕҰ қолдауымен «Ақылды болу – керемет!» ұранымен 20 жылдық тарихы бар жастар арасында кеңінен танымал «Zakovat» интелектуал клубының ауқымды чемпионаты өткізілді. Оның жүлде қоры $160 мың жуық болды. Сонымен қатар, ел президенті тапсырмасымен мемлекеттік жастар саясатын жүйелі түрде іске асыру мақсатында жұмыссыз жастар үшін «Жастар дәптері» және жұмыссыз немесе асыраушысыз отбасылардағы әйелдер үшін «Әйелдер дәптері» жобалары қалыптастырылды.

photo_2021-03-01_15-37-17-2.jpg

Президент Мирзиёевтің соңғы уақытта жастарға көп көңіл бөлгенін әлеуметтік-экономикалық фактормен қатар саяси өлшеммен де түсіндіруге болады. 2021 жылғы шілденің 23-інде Өзбекстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы ел президентін сайлау күнін 24 қазанға белгілеп, сайлауалды науқанның басталғанын хабарлады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, сайлаушылардың бірыңғай электрон тізіміне 21 млн азамат енгізілген. Өзбекстанның жалпы халық санын және де 14-30 жас аралығындағы жас азаматтардың санын ескерсек, дауыс берушілердің жартысына жуығы жастар болмақ. Яғни президент Шавкат Мирзиёев Өзбекстан жастарының дамуына жағымды жағдай жасай отырып, сайлауға өзі қатысқан жағдайда, жастардың оған дауыс беруін қамтамасыз етпек деп қорытындылауға болады.

 Тағы бір айтары, ел президенті Мирзиёев өткен жылдың желтоқсанында 2021 жылы атап өтілетін Өзбекстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің 30 жылдығын жоғары деңгейде атап өту туралы қаулыға қол қойған болатын. Осы қаулыға сәйкес Мемлекеттік тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуді жоғары деңгейде дайындау және өткізу жөніндегі республикалық комиссия құрылып, оған бірнеше міндет жүктелді.

Биылғы тәуелсіздік мерекесі «Еркін әрі гүлденген жаңа Өзбекстанда біз өмір сүрмекпіз!» ұранымен өтпек. Мерекелеу аясында жергілікті жерлерде мәдени-ағарту іс-шаралары мен көркемдік кештер ұйымдастырылып, танымал ғалымдар, шығармашыл зиялы қауым мен қоғамдық ұйым өкілдері халықтың қалың бұқарасымен кездесу өткізбек. Ал Қарақалпақстанда, облыстар мен Ташкентте мерекелік бағдарламаларға ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, оның ішінде ұлттық «мақом» және «бақсы» өнер шеберлері, дарынды жас орындаушылар арасынан шығармашылық топтар тартылмақ. Оған қоса, 30 жылдық тәуелсіздікті атап өту аясында жастарға да баса назар аударылған. Атап айтқанда, жастардың өз ойын іске асыруына жағдай жасау үшін оларға білім алуды қолжетімді ету, лайықты жұмыспен қамсыздандыру, еңбек нарығында сұранысы бар мамандықтарға баулып, жас кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсету бойынша жұмыстар да жыл бойы жалғаспақ.

 photo_2021-07-25_19-13-20-2-1024x686.jpg

Жалпы, екі бағыт – «Жастар жылы» және «Мемлекеттік тәуелсіздіктің 30 жылдығы» бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың көздегені – Өзбекстан жастарын қолдап, дамуына жағдай жасау. Осы ретте, «Жастар жылы» аясындағы іс-шаралар президент сайлауына байланысы қысқамерзімді нәтиже көрсетуге бағытталса, 30 жылдық мерейтой шеңберінде атқарылған жұмыс ұлттың болашағы болатын жаңа буын өкілдерін қолдап, ұзақмерзімді перспективада нәтиже көрсетуге бағытталған.

Осылайша, Өзбекстан өңірлік деңгейде адами әлеуеті бола тұра, әртүрлі ішкі факторға байланысты экономикалық және адами даму тұрғысынан Қазақстаннан бір қадам артта келеді. Дегенмен соңғы уақытта көрші ел үкіметінің мемлекеттік жастар саясаты саласында атқарып жатқан іс көлемі мен тиімділігіне қарасақ, Өзбекстанның адами капитал бойынша жуырда өңірлік күшке айналары күтпеген жағдай болмас.

 

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының сарапшысы

27.07.2021 3303

Возврат к списку