Сұхбаттар
«Болашақтың» ғалымдары

«Болашақтың» ғалымдары

«Болашақтың» ғалымдары

Тәуелсіздікпен қатар «түлеп» келе жатқан бағдарлама дамудың бірнеше күрделі сатысынан өтті. «Болашақ» халықаралық стипендиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы Қаулысының негізінде, ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау мақ­сатында қолға алынды. Әуелде мектепті жаңа бітірген, бұған дейін ата-анасынан жырақ кетіп көрмеген уыздай жастар бакалавриатта білім алу үшін шет­елдерге аттанды. Кейін бакалавриат бағдарламасының күші жойылып, отандық университет­терден бакалавр дәрежесін ал­ған үміткерлер ғана магистра­тура мен докторантурада оқу­ға мүмкіндік алды. Бұл шын мә­нінде оң шешім болды. Осы сәттен бастап «Болашақ» бағ­дар­ламасының стипендия­сын іс-тәжірибеде қажетті білімін тереңдетуді көздейтіндер ма­гис­­­тратураға, ғылым жолын таң­да­­ғандар докторантураға түс­кен үміт­­керлер иеленетін бол­ды. Со­ны­мен қатар бағдар­лама бо­йынша әлемнің жетек­ші ком­па­ниялары мен универ­ситеттерінде ғылыми-өндіріс­тік тағы­лым­дамадан өтуге мүм­кіндік бар. Міне, осының бәрі кез келген жұмысты зерт­­теу негізінде жүргізе алатын ма­ман­дарды даярлауға септігін тигізді.

Осы ретте біз докторантурада оқи­тын және отандық ғылымның дамуы­на үлес қосып жүрген «Бола­шақ» бағдарламасының стипендиаттарын сөзге тарттық. Жоғарыда жазғаны­мыздай, «Болашақ» бағдарламасының түлектері елімізге ең қажетті салаларда ғылымның алға ілгерілеуіне атсалысып келеді. Бірақ біз оқырмандардың уақытын сыйлап, қазіргі таңда ең ма­ңызды екі саладағы түлектердің түй­геніне тоқталдық. 

«Болашақ» – жас ғалымдарды даярлайтын инкубатор»

Ерғали Бердібаев «Болашақ» бағдар­ламасымен Англиядағы Ноттин­гем Университетінің IT саласы бойынша магистратурасын тәмамдаған. Қазіргі таңда ол – Оңтүстік Кореяның алдыңғы қатарлы технологиялар институтының  (KAIST, Корея) Әлемдік IT мен телекоммуникациялар докторанты. Докторлық зерттеуінің тақырыбынан-ақ Ерғалиді елдің дамуы алаңдататынын білуге болатындай.

– Ғылымды әркім әрқалай түсінеді. Бірақ бәріне ортақ бір түсінік бар, бұл – іздену. Ағылшынның «Research» деген сөзі соған саяды, яғни «Re» – қайта, қайтадан, «search» – іздеу, іздену. Мені де ғылымға осы іздену, бір сұрақтың жауабын табуға деген ұмтылысым жетелеген шығар. Ес білгелі жаратылыстану ғылымына, соның ішінде физика-математикаға, ондағы есептер мен тапсырмаларды орындауға құмар болдым. Мектеп бітіргенде осы қабілетімді жетілдіргім келіп Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыздандыру» мамандығына оқуға түстім. Кейін тағы білім қуып Ұлыбританияға аттандым. Шетелден келген соң елде біраз жұмыс істеп, ғылым жолына түсіп, қазір Кореяда докторантурада оқып жүрмін. Меніңше, ғылым жолында болу үшін докторлық дәреже қажет емес, бірақ бұл бағытыңды айқындауға көмектеседі және нені, қалай бастауға болатынын үйретеді. Менікі ІТ саласы болғанымен, зерттеуім – экономикалық бағытта. ІТ тек программа құруды немесе жаңа инновация­лық құрылғы жасап шығаруды ғана емес, «Оның жалпы адамзатқа ықпалы, берер пайдасы қандай, кемшілік­тері бар ма?» деген сұрақтарды да қам­ти­ды. Қазіргі зерттеуім де сол секілді, яғни «Цифрлы қаржы қызметтерінің (internet banking) дамушы елдерге берер әсерін зерттеймін. Мәселен, осы саланың бір зерттеу қорытындысы қай елде аталған қызмет көп қолданылса, сол елде кедейшілік үлесі төмен болатынын көрсеткен. «Кедей халық қолдағы (картадағы емес, қалтадағы) ақшаға көбірек тәуелді, сол себепті қолда ұстағанды жөн көреді», делінген. Дәл осындай ғылыми экономикалық зерттеулер мемлекеттердің ұсынысы бойынша, не арнайы тапсырыс ретінде жүргізіліп, соның негізінде стратегиялық жоспарлар жасалады. Бұл тақырыпты еліміздің дамуы үшін Қазақстанда да зерттеу жүргізу мақсатында таңдадым, – дейді Е.Бердібаев. 

Кейіпкеріміздің ойынша, ғылымда қандай да бір нәтижеге қол жеткізу үшін табандылық қажет. Елімізде көбі­не басталған іс соңына дейін жете бермейді. Бұл тұрғыда Оңтүстік Корея­ның тәжірибесі ерекше. Кезінде дамы­ған елдердің жүздігіне де кірмеген оң­түс­тіккореялықтар алдымен өздерін ал­дамауға, барды – бар, жоқты жоқ деп, жемқорлықты түбімен жоюға уәделесті. Және жыл сайын ішкі жалпы өнімнен ғылымға 1 пайыз (1-ші жылы 1% болса, келесі жылы 1,1% деген­дей) бөлді. Содан соң гранттық қаржы­лан­дыратын зерттеулердің нәтижелерін ұзақ мерзімге қойды, яғни кемі 15-20 жылға жоспарлады. Қомақты қаржы бөлінгендіктен ғылыми орындар көптеп ашыла бастады. Қазіргі Кореядағы 500-ден аса зерттеу орталықтары мен институттарда 500-1000 шамасында PhD/докторлық дәрежесі бар ғалымдар жұмыс істейді. Енді олар дамымағанда, кімдер дамиды?

– «Болашақ» бағдарламасының отандық ғылымның дамуына ықпалы өте зор. Бәлкім көбі нәтижені бірден көрме­гендіктен келіспес. Бірақ инвести­цияның ең кереметі әрі әсерлісі – білім. Бұл ертелі-кеш еселеп елге қайтады. Өйткені «Болашақпен» әке-көкесіне сенгендер емес, біліміне, еңбекқорлығына, қабілетіне иек артқандар ғана оқып, бітіре алады. Олар елге оралғанда әйтеуір бір, мейлі кішкентай болса да өзгеріс пен жаңалық әкеледі. Енді сондай ізденімпаз, еңбексүйгіш жас ғалымдар келсе, қалай болады? 1-2 емес, жыл сайын 100-деп келсе ше? «Келіп жатыр ғой, нәтиже қайда?» дейтіндер бар. Әлемде күн сайын көптеген жаңа технологиялық, инновациялық жаңа­лық ашылады, бірақ біз соның бірен-саранын ғана білеміз. Ал соның артында қаншама еңбек пен ғалымдар бар. Кейбірі ғылыми жаңалықты ашу үшін өмір бойы ізденіп келе жатқан болуы да мүмкін. Сол секілді бізге де нә­ти­жесі көрінбейтін шығар, алайда «Бола­шақ» – жас ғалымдарды, мықты зерт­теу­шілерді даярлайтын инкубатор, – дейді Е.Бердібаев.

Біз кейіпкерімізден ІТ саласын ғылыми тұрғыдан дамыту жолдары жөнінде де сұрағанбыз. Оның ойынша, ІТ саласы ғылым ретінде дамуы үшін ІТ білім орталықтарын көбей­ту керек. Бізде мұндай орталықтар бар, бірақ саннан сапаға көшуі тиіс. Жал­пы кез келген ғылым (медицина бола ма, әлде ауыл шаруашылығы) дамуы­ның 3 сатысы бар. Біріншісі – уни­ве­рситет көлемінде, яғни базасында ғылыми орталықтары мен институт­тары бар зерттеу бағытындағы оқу орны. Екіншіден, университетте даяр­ланған мамандардың баратын, зерт­теу жұмыстарын жүргізетін жері болуы қажет. Ал одан кейін сол зерттеу нәтижесін көрсететін өндіріс орын­дары (зауыт-фабрикалар, шаруа қожалықтары, т.б.) керек.

– Енді бірінші саты бойынша тек ІТ саласына келейін. Елімізде Алматы мен елордада ғана ІТ жақсы дамыған. Неге? Себебі мұнда жақсы университеттермен қатар білікті ұстаздар бар. Олар мықты маман даярлайды. Ал сол мамандар үйренген қалада қалып қояды. Сондықтан әр қалада сондай ІТ университеттер ашу керек. Оқу орны ашылды делік, енді кадр мәселесі туады. Егер олардың жағдайын жақсартса, сол қаладағы мамандар да, «Болашақ» түлектері де, ірі қалаларда жүргендер де жұмыстан бас тартпайды. Негізі ІТ саласын ғылыми тұрғыда дамытуды қолға алсақ, басқа салаға қарағанда нәтижені тезірек көре аламыз. Мәселен, 2021 жылы білгеніммен бөлісем деп шешіп, You Tube арнасынан «Үздік білім» деген канал аштым. ІТ біліктілікті арттырып, бағдарламалауды үйретейін дедім. Барлығы ақысыз, тегін болды. Және қарапайым қазақ тілінде түсіндірдім. Контент мектеп мұғалімдері мен оқушыларға арналды. Қаңтар айында әр жексенбі сайын 1,5-2 сағат сабақ өттім. Ақпан айында өткен пәндік олимпиадада сабағыма қатысқандардың көбі жүлделі орын алып, келесі кезеңдерге өтті. Қатысушылардан, ұстаздарынан, ата-аналарынан алғыс хаттар келді. ІТ саласын қысқа мерзімде дамытуға болатынын осыдан түсіндім. Ал ІТ саласы дамыса, ІТ ғылымы да дамиды, – дейді Е.Бердібаев.

15 мемлекет ғалымдарының ішіндегі үздігі

Назгүл Айдарбекқызы 2005-2012 жылдар аралығында Ресейдің И.Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университетінде «Болашақ» бағдарламасымен білім алған. Ол мұнда жал­пы медицина бойынша бакалав­риат­ты, содан соң «Онкология» маман­дығы­мен интернатураны бітірді. Оқуын тәмам­дап елге оралған соң Онкология және радиология ғылыми-зерттеу инсти­ту­тына жұмысқа орналасты. Осы қыз­метінде кейіпкеріміз көптеген ғылыми жұмысты жүргізді. Бұл оның ғылыми әлеуетін арттыруға септігін тигізді.

– Мен Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істей жүріп резидентураны оқып, ғылыми жұмыстармен айналыс­тым. Ғылыми зерттеулер жүргізумен қатар докторантураны оқыдым. Қазір ғылыми дәрежемді қорғауға дайындалып жүрмін. Осы уақыт аралығында Білім және ғылым министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми жобаларды қаржыландыруға байланысты өткізетін конкурстарына қатысып, гранттар жеңіп алдық. Ғалым ғылыми зерттеу тақырыбын таңдарда «елге бір пайдасы тисе, қандай да бір түйткілдің түйіні тарқатылса, өзекті мәселенің шешімі табылса» деген ойда болады ғой. Мен де сондай мақсатта Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігінің күннен-күнге «жасарып» бара жатқанына не себеп болғанын зерттеп білуді жөн көрдім. Осылайша «Қазақстандық жас әйелдердегі сүт безі қатерлі ісігінің дамуына генетикалық зерттеулердің рөлі» тақырыбында ұзақ ізденіп ғылыми диссертациямды жаздым. Дүниежүзілік статистика бойынша дәл осы сүт безі қатерлі ісігі ең қауіпті аурулардың қатарына жатады. Омырау сыртқы орган болғанымен, сүт безінің қатерлі ісігі – ауыр дерт. Сондықтан осы бір қауіптің алдын алуға үлес қосқым келді, – дейді кейіпкеріміз.

Аталған ауруға шалдыққан жас әйел­дерден қан алып, адам ДНҚ-сын те­рең талдап, жан-жақты оқып беретін ап­паратқа салып тексеріпті. Бұл – өте күр­д­елі зерттеу. Сол себепті зерттеуге Алматыдағы Генетика және жалпы цитология ғылыми зерттеу институты мен С.Асфендияров атындағы ұлт­тық медициналық университеттің ең мық­ты мамандары жұмылдырылған. Нә­ти­жесінде, қазақ әйелдерінде сүт безі қа­терлі ісігінің жаңа, яғни дүние жүзінде кездеспеген мутуациялары табылыпты. Сондай-ақ Н.Айдарбекқызы бастаған ғалымдар тобы «Дүние жүзіне белгілі мутуациялар қазақ әйелдері­не сәйкес кел­мейді» деген гипотезаны бұзды. Өйт­кені қазақ әйелдерінде әлемге кең тара­ған мутуациялар да кездескен.

– Біз мұны табумен шектелмей, енді жаңа мутуацияға скрининг өтуді іске асырмақпыз. Отандық скри­нинг жүйесі дүние жүзіндегі ең мық­ты­лардың қатарына жатады. 2008 жыл­дан бастап Қазақстанда сүт безі қатер­лі ісігіне скрининг жасалады. Бұл – үл­кен жетістік. Әлемдегі бар­лық мем­лекетте мұндай мүмкіндік жоқ. Және 40-70 жас аралығындағы әйел­­дерге мам­мографияға түсу тегін. Ал біз жүр­гізген зерттеу нәтижесінде қол­ға алынып жатқан генетикалық те­рең талдау қатерлі ісікке шалдығу жағ­да­йы жо­ғары адамдар тобына (отбасы мүше­лері­нің бірі, әсіресе ата-анасы, қан­дас бауыр­лары қатерлі ісікке шал­дық­қан жандар) арналған. Алдағы уа­қыт­та институттағы тәжірибемізді рес­пуб­­лика көлемінде таратуды көздеп отырмыз.

Елімізде медицина саласында осындай тың ғылыми зерттеулерді жүйелі жүргізуге мүмкіндік беретін инс­титуттар бар. Дегенмен отандық ғы­лымды бәсекеге қабілетті бола ала­тын деңгейге көтеру үшін көп қара­жат керек. Шетелдердегі ғылымға бөлі­нетін қаржының көлеміне көз жүгірт­сеңіз, біздің қаншалықты аз бөле­тінімізді түсінесіз. Ғылыми жобалар­ды қаржыландыруға ішкі жалпы өнім­нің 3-4 пайызын бөлетін елдер бар, Қазақ­станда бұл көрсеткіш 1 пайыздың жартысына да жетпейді. Содан соң ғылымға қаражат қарастырудағы көзқарасқа да өзгеріс керек секілді. Мәселен, АҚШ, Еуропа елдерінде зерттеу қорытын­дысы күткендей нәтиже бермесе де қар­жыландырылады. Неге? Өйткені оларда «Күтпеген немесе нашар, болмаса теріс нәтиже де – нәтиже» деген ұстаным бар, ғылымға деген осындай көзқарас қалыптасқан. Неге ғылымның дамуы қаржыға келіп тіреледі? Себебі кейбір күрделі зерттеулерді жүргізуге өте қымбат құрал-жабдықтар қажет. Кейбір зертханалық жұмысқа бірнеше млн теңгелік аппарат керек болады, оның жоқтығы қол байлайды. Сон­дай кедергілерге қарамастан медицина ғы­лымы дамып келеді, саладағы ға­лым­дар отандық ғылымның әлеуетін арттыруға өлшеусіз үлес қосып жүр, – дейді он­колог-ғалым.

Оның айтуынша, нақты нәтиже де жоқ емес. Айталық, екі жылда бір рет ТМД елдері бойынша онкологтарға арналған халықаралық конференциялар болып тұрады. Сол конферен­ция­да «Жас ғалымдар конкурсы» де­ген жақсы сессиясы бар. Ғылыми жетек­­шілер мықты профессорлар, үлкен тұлғалар болғанымен, нағыз жұ­мысты атқарып, ғылымды жасайтын – жас­тар. 15 мемлекеттің онкология сала­сын­да зерттеулер жүргізіп жүрген жас ға­лым­дары ішінде отандастарымыз үнемі жүлдемен оралады. Бұл – мақ­тануға тұрарлық жетістік. 2020 жылы ұйым­дастырылған осы конкурста кейіп­кері­міздің зерттеу жұмысы «Ең үздік ғылыми жоба» атанды.

– «Болашақ» бағдарламасының ел­ге қажет екені дәлелденді. Осы бағ­дар­ламамен шетелдерде оқыған жас­тар­дың басым бөлігі елге оралғанда жүйенің қай жерде ақауы барын біліп келді. Мен түлектердің көбін, әсіресе өзім секілді 5 жылдық жұмыспен өтеу талабын әлдеқашан орындап қойған замандас­тарым шетелдерге кетіп қалған шығар деп ойлайтынмын. Жақында «Болашақ» түлектерінің кездесуі болды. Сонда көргендердің бәрі Қазақстанда қызмет етіп жүр екен. Және барлығы қан­дай да бір жетістікке жетіп үлгерген, басшылық қызметте отыр, әйтеуір елге бір пайдасын тигізіп, өзгеріс әкелген, – дейді Н.Айдарбекқызы.

P.S. Кейіпкерлеріміздің әрбір сөзі­нен, ойынан, әрекетінен, қолға алған ісінен, тіпті болашақтағы жоспар-мақ­сатынан «Елге қайтсем пайдалы бола­мын?» деген ізденісте жүретінін ай­қын аңғаруға болады. Олар – сөзсіз «Болашақ» бағдарламасының ғана емес, келе­шек Қазақстанның, болашақтың ғалым­дары. Біз материалымызда «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің тек екеуімен таныстырдық, енді ойла­ңызшы, дәл осындай жалынды жас­тардың жүздегені бір салада жүр­се, зерттеулер негізінде қатып қал­ған жүйелерді түп-тамырымен өзгер­тіп, дамытса, еліміз қоса дамымай ма? Білім мен ғылымға салынған инвес­ти­ция­ның өлшеусіз қайтарымы да осы шығар. Мұнда бір ғана мәселе бар: «Бізде пайда болған «ақыл-ойдың кенін», иә сол «Болашақ» түлектерінің әлеуе­тін қаншалықты пайдалана алып отырмыз?» деген сұрақ. Бұл – бірақ бөлек әңгіме.

egemen.kz

22.04.2021 1647

Возврат к списку