Ұлан Қонысбаев: «Отанымның Еуропа елдерімен терезесі тең дамып келе жатқанын мақтан етемін»

Ұлан Қонысбаев: «Отанымның Еуропа елдерімен терезесі тең дамып келе жатқанын мақтан етемін»

Ұлан Қонысбаев: «Отанымның Еуропа елдерімен терезесі тең дамып келе жатқанын мақтан етемін»

Бүгінгі таңда көпшіліктің қызығушылығы мен ынтасын тудыратын спорт – футбол ойындары екені даусыз. Қазақстан жастары бұл спорт түрінен де жетістіктертен тыс қалған емес. Осы орайда, қазақстандық футболда өзіндік орын алатын футболшы Ұлан Қонысбаевты әңгімеге тартқан едік.

Сіз отандық футболда танымал тұлғасыз, бұл үлкен жетістік. Бұл жетістікті қалай бағалайсыз?

Иә, мен футболды жанымнан жақсы көрдім. Футбол мен үшін өнер, себебі менің әрбір ойыным жаңа өлең, жаңа ән сияқты тосын жаңалықтар ашуға мүмкіндік беретін сиқырлы дүние болатын. Мен «футбол – табыс көзі» деген көзқарастан аулақпын. Алғаш футболмен айналысқан кезде, футбол жанкүйерлерімнің маған деген шексіз махаббатын тудырып, материалдық құндылықтар  сыйлайтынын ойланған да емеспін.

2007 жылдан бастап ресми ойындарға қатыстым. Бірнеше рет күміс, қола жүлделердің иегері болғанымды былай қойғанда, «Астана» мен «Шахтер» командасының құрамында екі рет Суперкубоктың жеңімпазы атандым, Қазақстан кубогының иегері болдым. «Шахтер» командасының құрамында Қазақстан Премьер-лигасының жеңімпазы атандым.

2009 жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасына шақырылдым. 2012 жылғы әлем чемпионаты мен 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарын қоспағанда, көптеген  елдердің командаларымен жолдастық кездесулер, сондай-ақ «Астана», «Шахтер» командасының сапында Еуропа Лигасының топтық сайыстарында өнер көрсеттім. Германия, Түркия, Швеция,  Голландия, Испания, Шотландия, Италия, Фарер аралдарында және басқа да Еуропаның көптеген елдерінде болып, осы елдердің мәдениеті мен сәулетінің сұлу нысандарын көріп сүйсінетінмін. Астанада салынып жатқан әсем ғимараттар маған Еуропаны есіме салатын.  Сол елдердегі футбол нысандары қатты ұнайтын. Алғаш «Астана Аренадағы» жаттығулар мен матчтық ойындар менің жүрегіме шексіз мақтаныш сезімін ұялататын. Отанымның Еуропа елдерімен терезесі тең дамып келе жатқанын мақтан ететінмін. Және ерте ме, кеш пе Қазақстан футболының Еуропа елдерінің футболы деңгейіне жететініне күмәным болған емес. Әрине дайындығымыз бен шеберлігіміз кемшін түсіп жатса да, осы мақсат үшін кез келген командамен жанқиярлықпен ойнауға дайын едік. Сөз жоқ, аталған жайлардың барлығы жанкүйерлер мен БАҚ – өкілдерінің үнемі назарында болған соң танымалдық та болды, жетістіктер де аз болған жоқ. Бірақ, осы жетістіктерге қаншама қуансам да, мен үшін бұл алдағы  үлкен жетістіктердің бастауы сияқты сезілетін.

Спорттағы жолыңыз қалай басталды?

1996 жылы әкем мені Қаратау қаласындағы А.Байтұрсынов мектеп-гимназиясына бірінші сыныпқа апарды. Ол кезде Асан Оразымбетов ағай директор еді. Ол кісі шахмат, дойбы үйірмелерін ашып оқушыларға көп жағдай жасады. Дегенмен, бәсеке болмағандықтан мектеп көлеміндегі жаттығулар жеткіліксіз болатын. Кезекті бір сабақтан шыққанда, ағам Думан қатысып жүрген  қала орталығындағы шахмат үйірмесіне келдік. Осы жерде мені бірнеше баламен дойбы, шахмат  ойнатқан Берік Пшанов деген ағай, «ертеңнен бастап сен де үйірмеге кел»,- деді. Думан екеуіміз осы Берік ағаймен жаттыға бастадық. Берік ағайдың жаттығулары өте қызық, өзара бір бір-бірімізбен ойнатып алады да, партияларды сараптап, содан соң қандай кемшілік жібергенімізді талқылайды. Осы жерде ең алғаш шахматтың әдістері мен комбинацияларын үйреніп, алғырлық, өжеттік, жеңіске деген құштарлық, және логикалық  тереңнен ойлау түсінігі  қалыптаса бастады. Жақсы достар таптық, бізбен бірге шахмат үйірмесіне қазір танымал журналист Асқар Бековпен бірге Исаев Сержан, Қалымбетов Бахтияр, Тасболатов Айдын, Абдикеев Марат, Көпбосынов Баха, Қолғанатов Ғани, Тоққожаев Ринат және басқа да балалар қатысатын, бәріміз бір үйдің баласындай тату жүрдік. Сабырлылық, салқынқандылық, ұстамдылық пен ұшқыр ойға тәрбиелеген осы шахмат мектебі болатын. Берік ағай үнемі «шахмат ми гимнастикасы, ал енді тән гимнастикасымен айналысамыз» - деп, бізді біраз ойнатып алған соң, қаладан 25 шақырымдай Берікқара шатқалына жаяу алып кетеді. Араларындағы ең кішкентайы мен, Берік ағай қатты жүреді, кейде сілем қатып шаршап құлауға шақ қалғандай боламын. Бірақ Берік ағайдың жігерлендіріп, «Ұлан мықты» деп мақтап қойғанына масаттанып, бірер сағатта үйге жетіп құлаймыз. Қандай тәтті ұйқы, ертеңіне тұрған соң басың тап таза, санаң сергек, ойыңда кешегі ойнап кеткен шахмат партияларының комбинациялары жүреді, ертерек шахматқа баратын күнді аңсайсың.  Осылай біздің қызықты балалық шағымыз шахмат деген сиқырлы ойынмен жалғасып  жатты. Бірде Думан, Асқар Беков, Абдикеев Марат үшеуі Алматыға жарысқа барды. Олар жарыстан келгенде Алматыда қонақүйде жатқандарын, қала аралаған қызықтарын айтып, мақтанып келді. Енді біздің болашақ жарыстарға бару туралы арманымыз еселене түсті, жаттығудан қалмай ағайдың тапсырмаларын мүлтіксіз орындап жүрдік. Мен осы кезде шахматтан біраз ысылып, Думан мен кейбір балалардан үстем түсіп жүрдім. Берік ағай үнемі менің тосын ойларым мен жылдам ойланатынымды балаларға айтып мысал етіп отыратын. Соның салдары ма, бір күні ағай: : «Семей қаласында халықаралық шахмат жарысы болады, соған барасыңдар, ата-анаң рұқсат берсе, сен де барасың!»,- деп дәмелендіріп қойды. Бұл туралы ата-анама айтып едім,  «бірінші класта қандай жарыс, оның үстіне Семей  суық жер, сырқаттанып қалсаң, қайтеміз?»,- дегендей сыңай танытты. Содан бір күні Берік ағай әкеммен сөйлесіп, «бұл балалар арасындағы жарыс, ол жерде Сіздің балаңыздан да кіші 4-5 жасар балалар бар, маған сенсеңіз жіберіңіз»,- деп қолқа салған екен, әкем сөзге келмей, анамды көндіріп, мен Семейге баратын болдым. Жүрегім аузымнан шығып кетердей қуанып жүрмін. Берік ағай мектепке де жариялап қойыпты, сабақта әпкейіміз, «біздің Ұлан шахматтан Семей қаласында өтетін халықаралық жарысқа баратын болды»,- деп хабарлап үлгерді. Бүкіл сынып алдында мен жұлдыз болып шыға келдім. Сыныптастарым да маған, «жеңіп қайт!»,- деп тілек білдіріп жатыр. Сонымен, Семейге әке-шешем Берік ағайға табыстап шығарып салды. Өкінішке орай, Семей шынында суық екен, Ресейден келген бір баламен тең ойнап жарты ұпай алған едім, ертесіне мұрттай ұшып ауырдым. Берік ағай мені жылы киіндіріп, арқасына салып жарыс болатын жерге әкеліп, алып кетіп жүрді. Ата-анамды уайымдатпау үшін ауырғаным туралы айтпай, өзі емдеп, әбден қиналған көрінеді. Бұл жай кейіннен ғана белгілі болды. Айтарлықтай өнер көрсетпесек те бұл менің алғашқы жарысқа барып, спортпен айналысуымның беташары болатын.


Футболға қалай келдіңіз?

Бірнеше жылдан соң әкемнің жұмысы ауысып, біз Тараз қаласына көшіп келдік. Бұл жерде Думан екеуіміз арнайы шахмат мектебінде Дворянинов деген жаттықтырушыға жазылдық.  Өзіміз құралпылас орыс балаларымен кездесу өткізіп, Думан екеуіміз олардан үстем түсіп жүрдік. Ең қызығы, орыс тілін жетік білмегендіктен ойын бойы үнсіз ойнаймыз. Жаттығудан шыққанда Думан екеуіміз «мылқау ойын» деп сылқылдап күлеміз. Кейін Думан белгісіз себептермен шахматты тастады да, Тараз қаласындағы  Пединститут гидрокешенінің орталық стадионына футболдан Алтай ағаның тобында жаттықты, кейде мен де  ілесіп барамын, бірақ «жасың кіші, бұл топқа жарамайсың»,- деп қатыстырмайды. Думан добын, киімдерін алып жаттығуға  кеткенде қатты қызығатынмын. Кешке келіп, ауламыз үлкен еді, сол жерде анамыздың терезе шілтерін керіп, жасап қойған қақпаға мені қойып, қақырата доп тебеді. Әйтеуір шама келгенше біреуін тосып, біреуін жіберіп, аулада жүріп футболға кәдімгідей ыңғайлана бастадым. Оның үстіне күнде кешке Ленин көшесіндегі балалар ауруханасының бағында көше балаларымен доп қуатынбыз. Францияда өткен 1998 жылғы әлем чемпионаты біздің футболға деген сүйіспеншілігімізді арттырып, осы өнерге шын бұрылуымызға әсер етті. Думан екеуіміз Бразилияның жанкүйері болдық және осы команданың жеңімпаз болатынына күмәніміз болмаған. Алайда бәрі керісінше болды. Осы чемпионаттың ел есінде қалған ең қызықты  ойыны Франция мен Бразилия арасындағы шешуші ақтық айқас еді.

Бірінші таймда-ақ алаң иелерінің футболшысы Зинедин Зидан екі рет гол соғып, командасын алға шығарды. Екінші таймда бразилиялықтар шабуылдаған, бірақ алаң иелері сыр бермей қорғанып бақты. 68-минутта Марсель Десаий алаңнан қуылып, француздар 10 адаммен қалса да бразилиялықтар есепті қысқарта алмады. Соңғы минуттарда алаң иелері қарсы шабуыл ұйымдастырып, Эмманюэль Пети үшінші допты соқты. Нәтижесінде Франция құрамасы 3:0 есебімен ірі жеңіске жетті. Біздің өкінішімізде шек болған жоқ. Футбол өнерінің  тек қана күш, айла тәсілдің ғана емес, жеңістер мен жеңілістерге толы психилогиялық тұрақтылықты, сабырды талап ететін сиқырлы және санқырлы  ойын екенін түсінгенім, осы ойыннан соң қалыптасты десем артық айтпаспын деп ойлаймын. Роналдо, Зидан, Ривалдо бастаған ойыншылардың Францияда, Стад де Франс   стадионындағы шеберліктері мен аламан ойын өрнегі менің түпкілікті футболды таңдауыма себеп болды. Осы сәттен бастап футбол менің өмірімнің бөлінбес бөлшегіне  айналды. Жамбыл жері өзіндік футбол мектебі қалыптасқан, таланттарымен мақтана алатын өлке. Сондықтан менде бәсекелестік күшті еді. 15 жасымда облыстың балалар құрама командасының сапында ойнадым. Ең алғашқы футболдағы жетістігім осы командамен келді. «Былғары доп» балалар турнирының орнын басқан  «Кока Кола» компаниясының демеушілігімен ұйымдастырылатын «Coca-Cola Былғары Доп» турнирі болатын. Жылына бұл жарысқа Қазақстанның 400 мыңнан аса оқушылары қатысатын. Осы турнирдің аясында 2005 жылы ең алғаш Тараз қаласында өткен 1989 жылы туылған балалар арасындағы Қазақстан біріншілігінің аймақтық жарысында үздік шығып, Орталық аймақтың жеңімпазы  алматылық «Цесна» командасымен финалға шықтық. Жарысқа ойыншылардың ата-аналарынан бөлек көптеген футбол жанкүйерлері мен облыстың басшылары қатысты. Жеңісті ойын соңында облыс әкімінің орынбасары Кеңесбек Демешов  пен Тараз қаласының әкімі Б.Тортаев  жеке құттықтап, қолымызды алып, «жарайсыңдар, жігіттер!»,- деген сөзі біз үшін үлкен марапатқа тең еді. Осы ойында мен жартылай қорғаушы ретінде «Цесна» қорғаушыларының мазасын алғаным есімде. Әріптестерім Сабырхан Ибраев, Сергей Хижниченко, Рауан Сариев сияқты қазақ футболының саңлақтарымен таныстығым да осы ойыннан басталған. Көп ұзамай 2006 жылы мені жергілікті «Тараз» командасының бапкерлері фарм-клубқа шақырды. Бұрынғы жоғары топтағы командалардың қосалқы құрамдары осы кезде «Фарм клуб» деп атала бастаған. Сөйтіп мен он жеті жасымнан бастап ресми түрде «Жамбыл» деп аталатын қосалқы құрамның командасындағы футболшыларымен бірге жаттығып өнер көрсете бастадым.

Бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз?

Мен бала кезімнен шахмат ойнадым, бірақ шахматтың интеллектуалды спорт түріне жататынын білмеппін.  Ал енді футболға ауысқан кезде танымал футболшы болуды армандағаным рас. Кейбіреулер сияқты космонавт, немесе ұшқыш боламын деп армандаған жоқпын. Қазір сол арманым орындалған сияқты, бірақ арман деген таусылмайтыны сияқты қазір мені басқа армандар мазалайды, олар туралы сәті  келгенде  айтармын.

Спорттағы қиын кездеріңізде жанкүйерлеріңіздің  қолдауын сезіндіңіз ба?

Мен спортпен, жалпы футболмен айналысып жүргенімде ешқандай қиындықтар болған емес. Себебі әрбір ойын, әрбір футболмен байланысты нәрселер мен үшін мереке болатын. Дегенмен сол Қытайдың Дальян қаласындағы жолдастық кездесуде алған ауыр жарақатым менің футболдағы өмірімді жарақатқа дейінгі, жарақаттан кейінгі екі кезеңге бөліп тастады. Естеріңізде болса, менің әріптестерім Қытай құрамасымен 0-1 болып аяқталған ойынды менің жеңісім деп бағалап, мыңдаған жанкүйерлерімнің маған көрсеткен қолдаулары сол кездегі баспасөз беттерінде көптеп айтылды.

Мен бұл құрметті ешқашан ұмытпаймын. Әлі де әріптестерім мен  жанкүйерлерім менің футболдағы тағдырым туралы мазасызданып пікір білдіріп жатады. Осы сәтте мен бұл өнерді-футболды бекер сүймеген екенмін деп қуанамын.

Қазір қандай жоспарларыңыз бар, бөлісе аласыз ба? Қызығушылығыңыз көп сияқты, тағы қандай жұмыстармен айналысасыз? Хоббиларыңыз?

Қазір менің жарақатым аздап сыр беріп жүр. Кейбір жанашырларым футболды тастау туралы ұсыныстар айтады. Бірақ бұл маған өте ауыр ұсыныс, мен жарақаттан соң «Ақтөбе», «Оқжетпес» командаларында ойнадым. Әрине жарақатыма байланысты өз қалпымда, бұрынғы ойынымды көрсете алмағынымды сезінемін. Дегенмен менің футболға деген махаббатым бұл ойынға қайта ораламын деген үмітімді үзбей тұр. Қазір 16 наурызда  Барселона қаласындағы спорт жарақатынан емдеу клиникасының, дүние жүзіне танымал сынықшысы Роман Кугат мырзаның шақыруымен Испанияға бара жатырмын. Алла шипасын беріп, жақсы болып жатсам сүйікті ісім футболмен, аяулы жанкүйерлеріммен тағы кездесемін деген сенімдемін. Ал, жалпы футболдан тыс  жұмыстар туралы айтсам, Жамбыл облысында балалар футболын дамыту Қорын ашып, балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол орталығының құрылысын бастап қойған едім, қазір қаржылық мәселелерге байланысты аздап тоқтап тұр. Міндетті түрде бұл жұмысты жалғастыруға мүдделімін. Себебі футболға деген сүйіспеншілігімді балалармен бөліскім келеді. Хобби дегенде, ел сияқты кәдесыйлар жинап немесе аң аулап, балық ұстайтын әдетім жоқ. Қандай қызығушылығым болса да, сол футболмен байланысты дүниелер.

Әңгімелескен Айжан Нұранова

Жеке мұрағаттан алынған фото

27.02.2020 650
Индекс развития молодежи
Индекс развития молодежи
29.04.2021
Портал eljastary.kz
Портал eljastary.kz
10.03.2021
Национальный доклад "Молодежь Казахстана – 2020"
Национальный доклад "Молодежь Казахстана – 2020"
10.03.2021
Научно-исследовательский центр "Молодежь"
Научно-исследовательский центр "Молодежь"
10.03.2021
Научно-исследовательский центр "Молодежь"
Научно-исследовательский центр "Молодежь"
10.03.2021
Как найти работу?
Как найти работу?
10.03.2021
Молодежные ресурсные центры
Молодежные ресурсные центры
10.03.2021
Носите маски, не подвергайте свою жизнь опасности!
Носите маски, не подвергайте свою жизнь опасности!
28.09.2020
ЖРО қызметкерлері балаларды хайуанаттар бағына апарды
ЖРО қызметкерлері балаларды хайуанаттар бағына апарды
13.02.2020
"Ақжайық жастары"- балалар үйінде
"Ақжайық жастары"- балалар үйінде
03.02.2020
"Біз біргеміз"- БҚО-да
"Біз біргеміз"- БҚО-да
03.02.2020
Волонтер дегеніміз кім?
Волонтер дегеніміз кім?
21.01.2020
Как реализовываются молодежные проекты в Казахстане?
Как реализовываются молодежные проекты в Казахстане?
22.11.2019
Как эффективно работать с молодежью?
Как эффективно работать с молодежью?
22.11.2019
Арендное жилье І Квадратный метр
Арендное жилье І Квадратный метр
12.11.2019
Грандиозное шоу в честь 10-летия фестиваля «ЖасSTAR»!
Грандиозное шоу в честь 10-летия фестиваля «ЖасSTAR»!
11.11.2019
Онлайн-курс школы молодежной политики
Онлайн-курс школы молодежной политики
29.10.2019
"Пять к одному". Эксперт рассказал о формуле гармоничных отношений в семье
"Пять к одному". Эксперт рассказал о формуле гармоничных отношений в семье
24.10.2019
Ежовые рукавицы для домашних тиранов. Общественники требуют усилить ответственность за насилие в семье
Ежовые рукавицы для домашних тиранов. Общественники требуют усилить ответственность за насилие в семье
07.10.2019
Эксперт: волонтерство – социальный лифт для молодежи
Эксперт: волонтерство – социальный лифт для молодежи
07.10.2019

Возврат к списку