Сұхбаттар
Аян Тәжібай: Бəсекеге қабілетті буын өсіп келеді

Аян Тәжібай: Бəсекеге қабілетті буын өсіп келеді

Аян Тәжібай: Бəсекеге қабілетті буын өсіп келеді

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғанына бір жылдан аса уақыт өтті. Бұл аралықта көптеген маңызды жобалар қолға алынып, тың бастамалар көтерілді. Бұл ретте бағдарламаны жүзеге асырудың негізгі координаторы саналатын «Рухани жаңғыру» жобалық басқару кеңсесінің орыны ерекше. Біз бүгін аталмыш кеңсесінің жетекші мамандарының бірі Аян Тәжібаймен сұхбаттасуды жөн көрдік.

- Аян, әңгімемізді «Рухани жаңғыру» жобалық басқару кеңсесі жайында бастасақ. Бұл орталық бүгінде қандай жұмыстар атқарып жатыр? Толығырақ тарқатып өтсең. 

- Елбасы мақаласы жарық көргеннен кейін көп кешікпей Ұлттық комиссия шешімімен арнайы жобалық басқару кеңсесі құрылған болатын. Кеңсеге бірнеше министрліктің өкілдері арнайы топтастырылды. Атап айтсақ, арнайы жобаларға жауапты органдар бойынша, Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар, Қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктері өкілдері қызмет етеді. Бұған кейіннен Сыртқы істер министрлігі мен «Атамекен» бизнес палатасының мамандары да қосылды. 

Барлығы бірлесе ортақ мүдде жолында аянбай еңбек етуде. Бұл орталықтың еліміздің әр өңірінде филиалы ашылды. Апта сайын ауқымды жиындар өтіп, бағдарламаның жүзеге асу барысы сараланады. Аймақтардағы, ауылдардағы «Рухани жаңғыруға» қатысты өтіп жатқан әрбір іс-шараның мазмұны ой елегінен өтіп, тың бастамалар талқыға салынады. 

Әрине, атқарылып жатқан жұмыстар өз жемесін берері анық. Сана модернизациясы бір-ақ күннің жұмысы емес. Жаңа заманның жалынына жұтылып кетпейтін, бəсекеге қабілетті буынның қалыптасуы келер уақыт еншісінде. Ал, бүгін мақсат анық, міндет айқын. Стратегиялық маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ұлттық жаңғыруға бет алған бүгінгі ұрпақ жаңа кеңістікке шығып, елдің дамуын тағы бір биікке көтеретініне бек сенемін. 

Мен өзім Қоғамдық даму министрлігі тікелей жауап беретін «Атамекен» кіші бағдарламасының әкімшісі болып қызмет атқарамын. 

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жастар қаншалықты белсенді атсалысып жатыр? Олардың қызығушылығын арттыру мақсатында қандай іс-шаралар қолға алынды? 

- «Рухани жаңғыру» - науқандық шара емес, шын ұғына білген адам үшін ұлттық дамудың темірқазығы. Мұны жастар жете түсінеді деп ойлаймын. Елбасы мақаласының негізгі ұстыны сананы жаңғыртудың алты жолын айқындайды. Олар әрине, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы. Аталған бағыттардың қайсысы болсын, мемлекеттік жастар саясатымен біте қайнасып жатыр. Бір ғана мысал, бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерін дәріптейтін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бәріңізге мәлім. Бұл жоба барасында жас дарындарды елге таныту және оларға қолдау көрсету мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Бүгінгі таңда жобаның екінші маусымы жүріп жатыр. Үміткерлердің саны көңіл қуантарлықтай. Бұл жоба - әртүрлі саладағы үздік жастарға жаңа күш-жігер, қосымша мотивация сыйлайды. Кеше ғана Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп атау ұсынылды. Бұл бізге тағы бір жауапкершілік жүктейді. Алдағы жылы қолға алынатын іс-шаралар жүйелі, кешенді түрде жоспарлануы тиіс. Бір жылдың аясында ғана шектеліп, ұмытып болатын көзбояушылықтан ада болсақ деймін. 

Менің ойымша, жастарға оқу, білім беру жобалары өте тиімді. Мысалы, осы жазда өткен республикалық «Зерен» білім беру жастар лагері жастарға пайдалы болды деп ойлаймын. Өйткені, еліміздің белгілі саясаттанушылары, тарихшы мен мемлекеттік идеология саласында жүрген әр саланың білікті азаматтары жастарға өздерінің ақыл-кеңестерін айтып, олардың рухани жаңғыруды қалай түсінетініне дейін келелі кеңес құрды. 

Жастар өздері құрметтейтін тұлғалармен ашық форматта пікір алмасып, ой-пікірлерін ортаға салды. Сұрақ-жауап форматында еркін ой бөлісіп, өзін мазалап жүрген сұрақтарға жауап алды. Осындай шаралар елімізде көп болуы тиіс, себебі, белгілі азаматтардың жастарға жол көрсетіп, жақын араласу, мәселелерді бірлесе талқыға салуы – кімге болсын өмірлік сабақ болары сөзсіз. 

- Расында жастармен жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Десек те, бүгінгі жастардың көзқарасы, ой-танымы мүлде бөлек. Сіздің ойыңызша қазіргі жастар қандай және өздерін табу үшін, іздену үшін оларға не істеу керек? Қандай кеңес айтар едіңіз? 

- Менің ойымша, біздің жастардың әлеуеті өте жоғары. Дарынды жастарымыз өте көп. Тек оларды дұрыс бағыттап, оларға тиісті жағдай жасай білу қажет. Және де қоғамдық сананың өзгеруіне байланысты, жаңа форматтарға жиі алмасып отыру керек. Заман ағымына жастармен бірге ілесіп отырсақ, олар қоғамнан ажырап қалмайды. Ең бастысы, олардың сеніміне сызат түсірмеу қажет. 

Ал, жастар бәсекеге қабілетті болу тиіс. Өйткені, қазіргі заманда мақсатқа жететін адам – бұл бәсекеге қабілетті адам, яғни тек бір саланы ғана емес, бірнеше саланы қатар игеріп, өз ісінің шыңына шыққан адам деп түсінемін. Жоғарда атап өткен «Рухани жаңғыру» мақаласындағы негізгі алты принцип – әрбір жастың негізгі мақсат-міндетін айқындап береді. Сол негізгі принциптерді ұстанса, ұлттық кодты сақтаса, оқу-білімге құштар болса, олар XXI ғасырдың көшбасшыларына және алдыңғы қатарлы мамандарына айналары анық. 

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуына қол ұшын созып, тың идеяларын ортаға салуға ниетті жастар да жеткілікті. Алайда өз ұсыныстарын жеткізудің жолын біле бермейтіндер де бар. Жобалық кеңсе қаншалықты ашық жұмыс жасайды? Озық ойлы жастардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп жүрсіздер ме? 

- Біздің кеңсе қашан да ашық. Әр күн сайын еліміздің әр түкпірінен келген азаматтар орта толтырып, бір сәт адам үзілген емес. Өткен жолы арнайы Алматыдан танымал жас саясаткерлер мен қоғам белсенділері келіп кеткен болатын. Олар өз ойларын, жаңа жобаларын ұсынып, дамудың негізгі бағыттары талқыға салынды. Сол секілді еліміздің өркендеуіне өз үлесімді қосамын деген әр азаматтың ой-пікіріне құрметпен қарайтынымызды айтқым келеді. 

Қазіргі уақытта алдағы жылдарға республикалық маңызы бар үлкен жобаларды қабылдап жатырмыз. Мұндай жобаларды өңірлік басқару кеңселерімен қатар, кез келген азамат ұсына алады. Оның барлығы ашық түрде жүзеге асырылып жатыр. Еліміздің әр өңірінде жобалық кеңселер ашылғандығын айтып өткен болатынмын. Сол кеңселерге келіп, тиісті форматта, тиісті шаблонмен құжаттарды толтырып, жоба ұсынуға болады. Бұл жобалардың барлығы дерлік сараланады және ескеріледі. Ең үздіктері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар жобалармен қатар жүзеге асырылады. 

Біздің Ruh.kz атты ресми сайтымыз жұмыс істейді. Ол жерден бағдарламаның жүзеге асу барысымен және негізі жобалармен танысуға болады. Ал, жаңа ұсыныстарды қайта құрылған Қоғамдық даму министрлігіне жолдауға болады немесе тиісті форматта ruhanizhangyru@gmail.com электронды поштасына жіберуге болады. 

- Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан: Хамит Айдар
15.10.2018 1218

Возврат к списку