20 мамыр күні Абай облысының Семей қаласында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген Жастар ресурстық орталықтарының (бұдан әрі — ЖРО) қызметкерлеріне арналған Мемлекеттік жастар саясаты мектебі — семинар-тренингтер сериясы бастау алды.

Мектеп аясында ЖРО қызметкерлері жастармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін меңгеру, тиімді коммуникация, өзін-өзі таныстыру және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған үш күндік білім беру бағдарламасынан өтті. Сонымен қатар қатысушылар қызмет тиімділігін арттыру, процестерді автоматтандыру және аналитикалық жұмыстарды жетілдіру мақсатында цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект құралдарын енгізу бойынша тәжірибелік дағдылар алды.

Аталған семинар-тренингке еліміздің 12 өңірінен 42 ЖРО қызметкері қатысты. Семинар-тренинг қатысушыларға білім беру процесіне белсенді қатысып, жастармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдері, формалары мен әдістерін кешенді түрде меңгеруге мүмкіндік берді. Әрбір оқу модулі теориялық білімді бекітуге және тәжірибелік дағдыларды дамытуға бағытталған практикалық бөліммен толықтырылды.

Аталған іс-шара биылға жоспарланған бес үш күндік семинар-тренингтің алғашқысы болды. Келесі оқу кезеңі 10–12 маусым күндері Ақтөбе қаласында өтеді.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығымен ұйымдастырылды.

Айта кету керек, қазіргі таңда мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Аталған орталықтар жастарға ақпараттық-консультациялық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетеді.

 

 

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *