«Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» республикалық семинар-тренингі өтті
10–12 маусым аралығында Ақтөбе қаласында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» атты республикалық оқыту семинар-тренингі өтті. Үш күнге созылған іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Семинар-тренингке Шымкент қаласы мен Абай, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарынан жастар саясаты саласының 40-қа жуық мамандары қатысты.
Жобаның негізгі мақсаты – жастар саясаты саласындағы мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыру, заманауи басқару және жобалау тәсілдерін меңгерту арқылы олардың тиімді шешім қабылдау қабілетін күшейту, көшбасшылық әлеуетін дамыту және нәтижелі жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру.
Бағдарламаның бірінші күні
Үш күндік оқытудың алғашқы күнінде «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева мен Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шара барысында орталықтың жастар саясатын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды бастамалары мен инновациялық жобалары таныстырылды. Қатысушылар «Жастардың цифрлық картасы», «Виртуалды кеңесші», «Қазақстан жастары» аналитикалық баяндамасы, Жастардың даму индексі және «Жас сарапшылар акселераторы» сияқты жобалардың мазмұны мен іске асырылу тетіктері туралы жан-жақты ақпарат алды.
Бағдарламаның алғашқы кезеңінде жастарды сүйемелдеу және деректер негізінде шешім қабылдау тақырыбында журналист, медиа-менеджер Махаббат Есен дәріс өткізді.
Күннің екінші жартысында қатысушылар үшін экскурсия ұйымдастырылып, олар Әлия музейін, Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасын, сондай-ақ Ақтөбе футбол академиясы мен Қобыланды батыр атындағы орталық стадионды аралады.
Екінші және үшінші күн бағдарламасы
Бағдарламаның екінші және үшінші күндерінде «Cyber.formula3» мектебінің оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Гүлшат Қалбаева жасанды интеллект бағыты бойынша білім берді.
Үш күндік оқыту барысында жастар ресурстық орталықтарының қызметінде жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді қолдану, жастарды сүйемелдеу, деректерге негізделген шешім қабылдау, өзін-өзі таныстыру және жас аудиториямен тиімді жұмыс жүргізу тақырыптары қамтылды.
Бұл қатысушыларға жастармен жұмыс жүргізудің заманауи қағидаттары мен тәжірибелерін меңгеруге, сондай-ақ теориялық білімді практикалық тапсырмалар арқылы бекітуге мүмкіндік берді.
Жастар ресурстық орталықтарының рөлі
Айта кету қажет, елімізде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру аясында республиканың барлық өңірінде 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Оның ішінде 17-сі облыстық, 37-сі қалалық және 181-і аудандық деңгейде қызмет атқарады.
Аталған орталықтар жастарға ақпараттық-консультациялық, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіп, мемлекеттік жастар саясатын өңірлерде тиімді іске асыруға үлес қосып келеді.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *