JastarX Павлодарда: технологиялар мен трендтер еңбек нарығын өзгертуде
2025 жылғы 12 тамызда Павлодар қаласының Жастар бастамаларын дамыту орталығында Халықаралық жастар күніне арналған республикалық форум аясында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған JastarX диалог алаңының кездесуі өтті.
Кездесудің басты тақырыбы еңбек нарығында орын алып жатқан қарқынды өзгерістер жағдайындағы заманауи трендтер мен жұмыс орындарындағы шынайы ахуалға бағытталды.
Бүгінгі кәсіби орта цифрландыру, автоматтандыру және жасанды интеллектінің дамуынан үлкен трансформацияға ұшырауда. Жұмыспен қамту құрылымы өзгеруде: жаңа мамандықтар пайда болып жатса, кейбір дәстүрлі кәсіп түрлері өзектілігін жоғалтуда. Мұндай жағдайда жаңа болмыстарға дер кезінде бейімделу, ал жастар үшін кәсіби даму бағытын дұрыс таңдау – ерекше маңызды.
Іс-шара аясында жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдары, заманауи дағдыларды дамыту, кәсіби білімнің маңызы, сондай-ақ жастар мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Әртүрлі саланың өкілдері кәсіби бағыттардың дамуына қатысты өз тәжірибелерімен және көзқарастарымен бөлісті. Іс-шараға Павлодар облысының қоғам қайраткері Азат Бусурманов қатысты. Шақырылған спикерлер қатарында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсманов болды. Ол әлемдік трендтер мен «Болашақ» бағдарламасы арқылы жұмысшы мамандықтарды дамыту туралы баяндады; фермер Жанибек Кенжебаев фермерлік – жастар үшін болашағы зор сала екенін атап өтіп, ауыл шаруашылығының стратегиялық маңызымен бөлісті; оториноларинголог-дәрігер Медет Маханбет медицина саласы жай ғана кәсіп емес, жүрек қалауы мен миссия екенін айтты; Bibigul Tulegenova Creative School мектебінің директоры Арнұр Маденов өнердің келер ұрпақтың құндылықтарын қалыптастырудағы рөліне тоқталды; IT-кәсіпкер, Aqyl Battle және Sez App стартаптарының авторы Айболат Құлатай болса, идеядан отандық технологиялық бизнеске дейінгі өз жолымен бөлісті; Павлодар қалалық мәслихатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Гүлзира Атабаева жұмысшы мамандықтардағы әйелдердің рөлін және олардың көшбасшылық әлеуетін дамыту мәселесін көтерді.
JastarX – жастарға ашық пікір алмасуға мүмкіндік беріп, олардың еңбек нарығындағы жаңа сын-қатерлерге бейімделуіне, сондай-ақ, кәсіби бағыттарын саналы түрде таңдауға ықпал ететін мазмұнды диалог алаңы айналғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.